00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Елордада мұғалімдердің тамыз кеңесі өтті

25.02.2023 | 14:35
Сабина Кәкімжан
39

Оған Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев және білім беру ұйымдарының қызметкерлері жиналды. Жалпы мұнда 1500-ге жуық адам қатысты. Сондай-ақ конференцияны  20 мыңнан астам елорданың білім беру қызметкері онлайн тамашалады.

Бес жылдың ішінде 72-ге жуық мектеп салынып, іске қосылу жоспарлануда. Өйткені қазіргі кезде негізгі сұраныстардың бірі мектепті кеңейту мәселесі болып тұр. Тамыз конференциясында ұстаздарды даярлау мәселесі айтылды. Мәселен, биыл Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасымен педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары білім алуға 1300 грант бөлуге тапсырма берілген болатын, - деді қала әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Биыл мектептерде шахмат үйірмелері ашылады. Бұл туралы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев айтты.

Шахмат үйірмесі -  шығармашыл, дарынды жеке тұлға жетілдіруге жол ашады. Сол себепті жаңа оқу жылында елорданың барлық мектептерінде шахмат клубтары мен үйірмелер ашатын боламыз. Шахмат федерациясымен бірлесіп турнирлер өткізіп, мектеп тренерлерін оқытатын боламыз, - деді ол.  

Сондай-ақ биыл мектептерде тағы бір жаңашылдық енгізіледі.

Тағы да бір енгізетін жаңашылдық – домбыра үйірмесін ашу, оқушылар қатарынан домбыра оркестрін құру. Бұл оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, балалардың эстетикалық тәрбиесіне жағдай жасауға, қазақ халқының тарихына, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлеріне деген сүйіспеншілікті оятуға мүмкіндік береді, - деді Білім басқармасының басшысы.

Тамыз конференциясына педагогикалық еңбек ардагерлері де шақырылды. Солардың бірі – білім саласында 50 жылдай қызмет еткен елордалық ардагер ұстаз Айтжан Жақсылықова.

Мен 1991 жылдан бастап елордадағы №35 мектеп-лицейінде директор болып қызмет еттім. Ал зейнеткерлікке 2013 жылы шықтым. Бүгінгі тамыз конференциясына шақырып, осындай іс-шараға қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Барлығы жақсы өтті.  Қаламыздың барша білім саласындағы қызметкерлерін жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтаймын. Мерекеміз құтты болсын, - деді ардагер ұстаз.

Бүгінгі іс-шараның жиналған ұстаздар үшін пайдасы мол.

Тамыз конференциясында көптеген жаңалықтарға куә болдым. Біріншіден, жаңа мектептердің ашылуы. Екіншіден, модификацияланған кабинеттердің ашылуы. Бүгінде өскелең ұрпаққа  көп жағдай жасалып жатыр. Елорда дарынды оқушылардың мекені деп айтуға болады. Мамандандырылған мектептер жоғары көрсеткішке ие болып жатыр. Салауатты әрі  білімді ұрпақты тәрбиелеуде осындай жобалардың баршылығы бізді қуантады, - деді №9 «Зерде» мамандандырылған мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самал Жақыпова.

Іс-шара соңында «Мейірім – әлемге махаббатпен», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері» төсбелгісімен педагогтер марапатталды.

Сондай-ақ 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша өткізілген конкурста үздік деп танылған ұйымдарға 9 млн теңге қаржылай сый табыс етілді. Олардың қатарында елордадағы №59 мектеп-лицей «Орта білім беретін үздік ұйым», №95 «Алматы» балабақшасы «Мектепке дейінгі үздік ұйым», «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжі «Техникалық және кәсіптік, орта білімінен кейінгі білім беретін үздік ұйым» деп танылды.

Барлық жаңалықтар