00:00
Астана -10oC
USD:
474.83
EUR:
515.38
RUB:
5.5
Іздеу

Астана кітапханаларында кітап көрмелері ашылды

17.05.2024 | 16:34
241
Астана кітапханаларында кітап көрмелері ашылды
Фото: дереккөз

«Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты кітапханаларда қазақ кинематографының шебері, актер, режиссер Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толуына орай, сондай-ақ қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынованың 85 жылдық мерейтойына арналған кітап көрмелері қойылды, деп хабарлады Elorda.info.

Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толуына орай кітапхана қызметкерлері пайдаланушылардың кең ауқымы үшін «Қазақ киносының саңлағы»; «Ш.Айманов – қазақ киносының атасы»; «Кино саласының саңлағы» және т.б. кітап-иллюстрациялық көрмелер дайындады.

Ең қызық өткен шаралар ретінде «Шәкен Аймановтың баға жетпес мұрасы» шығармашылық кешін, «Қазақ киносының шебері» танымдық сағатын, №9 көпшілік кітапханасындағы «Сарқырай аққан, өзеннің арқыраған арыстаны» өнер сағаты мен №4 көпшілік кітапханасында өткен «Қазақ киносының жарық жұлдызы» шығармашылық кешін,  «Қазақ театры мен кино шебері» атты №5 көпшілік кітапханадағы портрет кешін айтуға болады.

Кітапхана қызметкерлері оқырмандарды Шәкен Айманов шығармашылығымен таныстырып қана қоймай, режиссердің «Махаббат туралы аңыз», «Дала қызы», «Біздің сүйікті дәрігер» картиналарына талдау жүргізді. Бұл көркем фильмдер Шәкен Аймановтың режиссерлік дебюті екені мәлім.

Сондай-ақ қазақтың ақын қызы, халық жазушысы, қоғам қайраткері, Астана кітапханаларының құрметті қонағы, жанашыры Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай іс-шара өткізіліп, көрме қойылды.

Барлық кітапханаларда «Поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова»,  «Әуелден өлең-жырға құштар жаным...», «Құдіретті жырдың құндағы» атты Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған кітап көрмелері өткізіліп, кітапханалар ерекше безендірілді.

№15 көпшілік кітапхананың оқу залында өткен «Фариза Оңғарсынқызының жыр әлемі» поэзия сағаты жас оқырмандардың қызығушылығын оятты, қазақ поэзиясының рухын аспандатты.

Поэзия кешіне қатысушылар ақынның шығармашылық мұрасы туралы білімдерін көрсетіп қана қоймай, Фариза ақынға арналған жұрекжарды өлеңдерін де оқыды. Кеш қорытындыланып, барлық қатысушылар, жеңімпаздар Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі басшылығының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар