00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Тұрғын үйді басқару реформасы: миб-тің мүмкіндіктері қандай

25.02.2023 | 00:49
Елорда ақпарат
48

Жекеменшік пәтер иелері кооперативтерінің жұмысындағы қызмет көрсету деңгейінің талапқа сай болмауы, тозығы жеткен үйлерде күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуі, жиналған қаражаттың «жұтылып кетуі», жалпы осы салада орын алған басқа да түйткілді мәселелер тұрғындар тарапынан наразылық тудырып келгені белгілі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы көпқабатты тұрғын үйлерде мүлік иелерінің бірлестіктері институтын немесе жай серіктестікті енгізу жөніндегі реформаны іске асыруды тапсырған болатын. Осылайша, 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін еліміздегі барлық тұрғын үйлерді басқарудың жүйесі өзгереді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы мүлік иелерінің бірлестігі орталығы мамандарының мәлімдеуінше, бүгінде елорданың тұрғын үй қорында 3097 көппәтерлі тұрғын үй бар, оларға 800-ден астам ұйым қызмет көрсетеді. Жалпы көппәтерлі тұрғын үйдің 116-сы иесіз.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңын басшылыққа ала отырып, меншік иелерінің бірлестіктері институтын енгізудегі реформаны жүзеге асыру мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша бас қалада 611 көппәтерлі тұрғын үйде 472 мүлік иелерінің бірлестігі (Алматы ауданы – 131, Байқоңыр – 50, Есіл – 228, Сарыарқа – 63), сондай-ақ 1085 жай серіктестік (Алматы ауданы – 335, Байқоңыр – 285, Есіл – 100, Сарыарқа – 365) құрылды. Яғни бұл күнде елордадағы көппәтерлі жекеменшік тұрғын үйлердің 59,3 пайызы басқарудың жаңа формаларына көшті.

Иә, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы заңының және нормативті құқықтық актілердің негіздеріне сүйене отырып, өзін-өзі реттеуді дамытуға, меншік иелерінің жергілікті жерде өз бетінше шешім қабылдау дағдысын дамытуға бағытталған бұл өзгерістер меншік иелерінің мүдделерін қорғауға, мүлікті күтіп ұстау сапасын арттыруға, тұрғын үй қорының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, себебі осының бәрін тұрғындардың өздері жасайды. Дегенмен бас­таманы қолдау тұрғысына келгенде тұрғын үй қатынастары саласындағы маңызды мәселе төңірегінде оқырмандар пікірі әртүрлі болып шықты.

Бүгінде тұрғын үй орталығы ай сайын жылжымайтын мүлік иелерінің 400-ге жуық өтінішін өңдеп, елорда тұрғындары ұсынатын қызметтердің сапасын арттырды. МИБ құру және ПИК қызметінен бас тарту мәселелері бойынша орталыққа күніне 70-ке жуық қоңырау түседі.

...Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау ең алдымен меншік иелерінің қаражатын бақылауды олардың қолына қайтаруға мүмкіндік береді. Меншік иелеріне алдымен сапалы қызмет көрсетілуі керек, содан кейін ғана олар ақы төлеуі қажет. Осылайша жосықсыз жеткізушілерді жөнге салатын уақыт жетті. МИБ институты енгізілгенге дейін жергілікті өзін-өзі басқарудың ПИК және басқа ұйымдарға ықпал ету мүмкіндігі болмады. Меншік иелері қолдарында бақылау және басқару құралы болмаса да, көрсетілген қызмет үшін ақша төлеп келді. Олардың ПИК-ке көңілі толмады, ал МИБ-те қызмет көрсету жақсармаған жағдайда олар сотқа жүгіне алады.

Жаңа жүйе тұрғын үйлерге сапалы қызмет көрсетілгеннен кейін ғана ақша төлеуге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, кәсіпкерлік белсенділік артып, бәсекелестік күшейеді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау тұрғындардың осы салаға қатысты наразылығын азайтуға бағытталған. Қандай да бір өзгеріс болуы үшін тек сын айтып отыра беру жеткіліксіз екенін бәріміз де жақсы түсінеміз. Бұл ретте тұрғындарға басқарудың жаңа түрін құру, есепшот ашу және кейіннен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау арқылы көмек көрсетіледі. Жергілікті аумақты тазалау, кіреберістердің едендерін сүрту, инженерлік жүйелерді жөндеу және көпқабатты тұрғын үйдің басқа да ортақ бөліктерін күтіп ұстау сияқты барлық қызметтер қол қойылған жұмыс актісі негізінде төленеді.

Меншік иелері әрқашан үйге техникалық қызмет көрсетудің қамтамасыз етілгеніне немесе жоқтығына көз жеткізе алады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңдағы жаңа талаптарға сәйкес, есеп ай сайын ұсынылуы керек… – дейді Нұр-Сұлтан қаласы МИБ орталығының басшысы Гүлвира Әбетова.

«Думан» ПИК төрайымы Майра Қасенованың пікірінше, заң жобасы бастапқыда өрескел бұзушылықтармен қабылданған.  

Менің ойымша, заң жобасы бастапқыда өрескел бұзу­шылықтармен қабылданды. Жылжымайтын мүлік объектілері бойынша мәселе бұрыннан даулы. Нысандардың бірі ескі, екіншісі жаңа құрылыс болғандықтан, олар бір-бірінен едәуір ерекшеленеді. Ал Парламентте іс жүзінде объектілерді түгендеу, пайдалану мерзімі, тозу пайызы туралы мәлімет болған жоқ. Екіншіден, осы заң қаралған сәтте Қазақстан Республикасы бойынша барлық жылжымайтын мүлік объектілері ЖШС, ПИК, ЖК иелігіндегі заңды тұлғаларға берілгенін және оларға тек қызмет көрсету құқығы ғана берілгенін ескермеді.

Шын мәнінде, көпқабатты тұрғын үйлердегі қасбет те, тұрғын үй де, үй аумағы да тұрғындарға тиесілі емес. Бұл іс жүзінде мемлекетте қалады. Заң жобасын талқылау кезінде тұрғын үй қатынастары туралы заңға енгізілген өзгерістердің заңдылығын қадағалау органы ретінде Бас прокуратура өкілінің қатысуы міндетті еді, бірақ ол парламенттік тыңдауда болмады. Себебі прокуратура қазір тек мемлекеттің мүддесін ғана қарастырады, өкінішке қарай, жеке тұлғалардың мүддесі көбіне ескерілмейді.

Талқылауға Әділет министр­лігінің өкілі қатысқанмен, оның нысандар заңдылығы туралы айтуға құқығы жоқ, ол тек тіркеу фактісі бойынша ғана ойын білдіруге құқылы. Сондықтан осы факторларды ескерместен, заң қабылданды. Бұл – өте даулы мәселе, – дейді ол.

P.S: Тұрғын үй саласындағы жаңа реформа көппәтерлі үйлердегі ортақ мүлікті пайдалануға бөгде ұйымдардың емес, меншік иелерінің өздері жауап беретіндігімен ерекше. Оның қалай дамитынын алда уақыт көрсетеді. Бастысы көрсетілетін қызмет сапалы, арзан әрі тиімді болса игі.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар