00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

«Алаш» қозғалысының тарихына арналған кітаптардың таныстырылымы өтті

25.02.2023 | 00:35
Елорда ақпарат
55

Шараға ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, Мемлекеттік елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология инситутының директоры, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Зиябек Қабылдинов, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, «Алаш» ҒЗИ директоры Сұлтан-Хан Аққұлы, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, публицист Талғат Батырхан, тағы басқа зерттеуші ғалымдар мен магистрант, докторанттар қатысты.

Салтанатты шараны ЕҰУ-дың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы ашып, жаңа кітаптарды таныстырды. Олардың ішінде Дихан Қамзабекұлының «Түркі алқасы» монографиясы, зерттеуші Макс Кучинскидің «Дала мен адам» еңбегі, «Алаш» ҒЗИ директоры Сұлтан-Хан Аққұлының «Дінмұхамед Қонаев: Әлихан Бөкейхан – Алты алаштың пірі, рухани көсемі... Зерттеулер, мақалалар» және «Жер тағдыры – ел тағдыры» жинағы, Елдос Тоқтарбайдың «Алаш қайраткерлерінен»: «Сейдәзім Қадырбай...», «Мұстақым Малдыбайұлы», «Түрме әдебиеті» және Абақтыдағы жан сөзі. Түрмеде жазылған жырлардың антологиясы» бар. Жарық көрген кітаптардың таралымы – 3000 дана.

«Түркі алқасы» монографиясының авторы, академик, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы монографияның «Түркі алқасы» деп аталу себебіне тоқталды.

Алаш кезеңінде алқа деген ұғым кең тарап, ерекше айтылған. Негізгі идеясы бірлік, бұл бірлік саясатта да, рухани мәселелерде де көрініс тапты, - дейді академик.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қарасты «Алаш» ғылыми-зерттеу институты «Алаш» қозғалысының тарихына арналған 10-ға жуық монография шығарған. Сонымен бірге белгілі алашордашылардың мұралары туралы еңбек 20-дан астам жинақты құрайды. Ғылыми еңбектерді дайындау кезінде қажетті ақпараттарды университеттің ғалымдары ТМД елдерінің мұрағаттарынан жинаған.

Белгілі қоғам қайраткерлерінің мұраларын зерттеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Барлық зерттеулер «Әлеуметтік маңызды әдебиет» бағдарламасы бойынша жарық көрді. Олар еліміздің барлық кітапханасына таратылған. Тың ғылыми еңбектер қалың оқырман қауымға, оның ішінде мектеп оқушылары мен студенттерге, магистранттар мен докторанттарға, ғылыми қоғам өкілдеріне қолжетімді, – деп атап өтті «Алаш» ҒЗИ директоры Сұлтан-Хан Аққұлы.

Айта кетейік, жыл соңына дейін ЕҰУ ғалымдары Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

Барлық жаңалықтар