00:00
Астана -10oC
USD:
443.72
EUR:
482.28
RUB:
4.9
Іздеу

Ерлан Дәкенов: Республика күні– еліміздің басты және жалғыз ұлттық мерекесі

Фото: Ерлан Дәкенов

Былтырдан бастап Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. Енді жыл сайын  қазанның 25-і күнін басты мереке ретінде атап өтеміз. Мереке қарсаңында Астана қаласы мәслихатының VIII сайланымының депутаты Ерлан Дәкенов Elorda.info тілшісіне сұхбат берді. 

-Мекеменің, тіпті әр адамның өмірі елдегі өзгерістермен біте қайнасып жатады ғой. Республикамыз өз дербестігін жариялаған жылдарда филармония қалай түледі? 

Осы жылдарда филармонияның шығармашылык ұжымдары мен орындаушылары ауқымды көлемде ағарту жұмыстарын жүргізіп, түрлі алаңдарда қайырымдылық шараларымен айналысты. Сондай-ақ, мектептерде, университеттерде, ауруханаларда, әлеуметтік мекемелерде концерттер ұйымдастырды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Астана әкімдігі ұйымдастырған үкіметтік деңгейдегі халықаралық және республикалық маңызы бар барлық мәдени іс-шараларға катысты. Мәселен, 2022 жылы филармония музыканттары Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде, Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы аясында Париждегі ЮНЕСКО штаб-патерінің сахнасында, Түркиядағы Көшпенділердің дүниежүзілік ойындарында, БАЭ-дегі Ехро-2020 Dubai дүниежүзілік көрмесінде өнер көрсетті. Бұл - өнер ордасы үшін айтулы жетістіктер. 

-Еліміздің азаматы ретінде, халық қалаулысы ретінде өзіңіздің де жетістіктеріңізді атап кетсеңіз…

Бұл қалаға мен 1994 жылы қоныс аудардым. Астана ел ордасы болмай тұрып келгесін бе, шаһар мен үшін өте ыстық. Күн санап көркейгені көз алдымда. Сүйікті елордамыз бен еліміздің дамуына өзім де үлес қосуға жұмыстанып келемін. Мәдениет саласы бойынша үлкен өнер ұжымдарында, филармониямыздың өзінде де ауқымды іс-шаралардың өтуі және олардың сәтті өтуі – мен үшін үлкен жетістік. Астана қаласы мәслихатының VII-VIII шақырылымының депутаты болып сайландым. Әрине депутат ретінде халықтың мұң-мұқтажы мен сұраныс-тілегінің орындалуы да – мақтан етерлік іс деп есептеймін. Мәселен, өз округім бойынша біраз мәселелер шешілгені дәтке қуат, алдағы күнге серпін береді. 

-Республика күні қарсаңында қазақстандықтарға қандай тілек айтар едіңіз?

Қазіргі аумалы-төкпелі заманда ең бірінші ұстынымыз – ол бірлігіміз ғой. «Бірлік болмай - тірлік болмайды», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме халқымыз?! Ендеше бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Мемлекетіміздің дамуына үлес қосар сан салада жетістіктер көп болғай! Әр адамның еңбегі еленіп, биік белестерге шыға берсін! Сондай-ақ әр отбасына бақ пен береке тілеймін! 

-Сұхбатыңызға рахмет! Мереке құтты болсын!

Барлық жаңалықтар