00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

"Кінәлілер лайықты жазалансын!": астанада үстіне конструкция құлап қаза тапқан әйелдің балалары үндеу жасады

24.02.2023 | 20:21
Елорда ақпарат
53

"Біз анамыз Ахметжанова Гаухар Сәкенқызынан айырылдық. Ол 56 жаста еді. Ең жақын адамнан – анадан айырылудың қандай екенін сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Анам інім екеумізді тәрбиелеп, өсіру үшін екі жерде жұмыс істеді. Сабырлы, салмақты, мейірімді еді. Анам Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын бітірген, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан, Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі болған. Ол елорданың тұрғын үй кешендері мен құрылымдарының жобалық және жұмыс жобаларын әзірлеумен айналысқан", – деп жазды марқұмның қызы Жұлдыз Тұрсынбекова.

Жұлдыздың айтуынша, марқұм кезінде елордадағы Бас прокуратура, “Премьера” ТК, “Ақбұлақ Таун” ТК, “Жайна” ТК, “Баспана” ТК, “Өнер” ТК, “Шаттық” ТК, “View Park” ТК және басқа да өңірлердегі маңызды ғимараттардың эскиздік жобаларын жасаған. 

"22 қазанда Қазгидромет қызметінен жел соғатыны туралы ескерту жарияланған. Ғимарат төбесіне металл конструкциясын орнату жұмысын жүргізген компания ескертуді елемеген. Бұл құрылымның құлауына себеп болды. 15 қабат биіктен құлаған құрылым анамның өмірін қиды", деп бөлісті марқұмның қызы.

Марқұмға бес ота жасалған. 2021 жылы 14 желтоқсанда Гаухар Ахметжанова қайтыс болды. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінде ҚК-нің 306-бабы "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Анамның өмірі өрескел заңбұзушылықтарға байланысты үзілді. Інім екеуміз жалғыз қалдық. Кінәлілер тіпті қоңырау да шалмады, кем дегенде кешірім сұрауға келмеді. Екі айға жуық өмір үшін күрес кінәлілер тарапынан бейжай өтті. Бізге көмек керек пе деп ешкім сұрамады", – деді қыз.

Жұлдыз аталмыш мәселе бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокурорға, ішкі істер министріне, Жоғарғы Сот төрағасына қайғылы жағдайға назар аударуды өтінді.

Ол Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінен анасының қаза болу себептерін тергеуде табандылық танытуын сұрады.

 

Барлық жаңалықтар