00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Жасанды интеллект: «Astana Creative Days» екікүндік іс-шарасына осы мәселе өзек болды

25.05.2023 | 14:30
57
Фото: Оңалхан Өнерхан/Elorda.info

Дәл қазір әлемде ғылым мен техника кванттық секіруді бастан кешіп жатыр. Жасанды интеллект өмірімізге сыналап еніп келеді. Оның пәрменін чатботтар мен ақпарат жинау алгоритмдерінен-ақ көріп отырмыз. Ол шапшаң әрі адамның қолынан келе бермейтін тапсырмаларды орындай алады. Ал америкалық кәсіпкер, Twitter иесі Илон Маск мұның ядролық қару сияқты үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармауымыз керек екенін айтады. Шартараптың назары осы жасанды интеллект болып тұрған кезеңде біздің де оған бейжай қарай алмайтынымыз белгілі. Елорданың креативті экономикасының дамуын талқылау үшін ұйымдастырылған «Astana Creative Days» екікүндік іс-шарасына осы мәселелер өзек болды, деп хабарлады Elorda.info.  

зщ1.jpg

Астана қаласы Креативті индустрияны дамыту орталығы мұрындық болған іс-шара Тұңғыш Президент музейінде өтті. Тақырыпқа сай голографикалық шоу көрсетіліп, қатысушылар LED экрандағы Wi-Fi OR-коды арқылы интернетке қосылып, сауал жолдауға мүмкіндік алды, ал сөзбастарды виртуалды жүргізуші айтты. Алғаш сөз кезегін алған Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Камзин:

Бүгіннен басталған іс-шара ертеңге дейін жалғасады. Осында жиналған еліміздің және елорданың креативті индустрия өкілдері бір-бірімен тәжірибе алмасады деп ойлаймын. Сондай-ақ Алматыдан, Шымкенттен, Қарағанды, Маңғыстау облыстарынан келіп, қатысып отырған қонақтарымызға ризашылығымызды білдіргім келеді, - деді ол.     

зщ2.jpg

«Жасанды интеллект – болашақ емес, бүгініміз» деген тақырыпта АҚШ-тың Concave қаржы-техникалық компаниясының Head of Marketing and design, яғни жасанды интеллект бойынша маманы Жаһангер Күмісбеков сөйледі.  Әсіресе, әлем не үшін ChatGPT деп есінен танып жатқанына тоқталды. 

зщ4.jpg

ChatGPT-ге сұрақ қойсаңыз - жауап береді, тапсырма берсеңіз - орындап береді. Оның білмейтін нәрсесі жоқ. Таңғаларлығы, бұл жасанды интеллект өзіне енгізілген бағдарламалардан тыс нәрселерге де жауап береді екен. Яғни, адамның миы сияқты жұмыс істейді. Мәселен, сіз сөйлейсіз, сөйлегенде барлығын дәл қазір өзім айтып тұрмын деп ойлайсыз. Бірақ ол - сіздің жинақтаған біліміңіздің бір көрінісі. Мәтінді оқисыз да, қайта айтып бере аласыз, бірақ сіздің жадыңызда тек екі сөйлем білім болып сақталып қалуы мүмкін. Айтпағым, ChatGPT ойлап, өзі қорытынды жасап, шешім айта алады. Сондықтан да ChatGPT-ді пайдаланып, емтихан тапсырған адам немесе оны шығармашылықта пайдаланған адамның еңбегі плагиат болып табылмайды, өйткені жасанды интеллект дайындап берген материал еш жерде жоқ. Бірде мынадай эксперимент жасалған: кәдімгі дәрігер мен жасанды интеллект науқастардың сұрақтарына жауап беріп, кеңес айтқан. Сонда жасанды интеллекттің берген ұсыныс-кеңестері ауруды емдеуде анағұрлым қатесіз, дөп түсіп жатқан. Әрі науқастарға ілтипатпен қарым-қатынас жасауы да кәнігі дәрігерлерден асып, жағымды да жоғары көрсеткішті көрсеткен. ChatGPT-ді, әсіресе, білім алуда кеңінен пайдалануға болады. Сізге кітап сатып алудың қажеті жоқ. Мен өзім сұрақ қойып көрдім. Тіпті, қазақ тіліндегі кітаптар туралы да мүдірмей айтып беріп тұр. Ол жұмыс берушілерге де көмекші бола алады. Мысалы, сіз програмисті жұмысқа қабылдарда жасанды интеллект одан сынақ ала алады. Тоқ етері, өмірдің кез келген түйткілдерін білуге, түсінуге көмектеседі, - деді Жаһангер Күмісбеков. 

зщ3.jpg

Іс-шара түстен кейін әрі қарай сессия түрінде жалғасты. Онда «Табысты креативті кәсіпкерлердің концепциясы», «Талантты ақшаға қалай айналдыру: бизнес-білім және брендтер мен өнімдердің инкубациясы», «Кейс Астана Hub: технологиялық кәсіпкерлік саласында адам капиталын дамыту үшін білім бағдарламаларын жасау» және т.б. тақырыптарда баяндамалар жасалды. 

Ертеңгі іс-шара қатысушылардың креативті шығармашылық туралы жан-жақты талқылауымен жалғаспақ.

Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар