00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Тұрақты жолаушыларым бар- елордалық автобус тізгіндеген әйел

04.03.2024 | 05:37
56
Коллаж/Елтай Нурғазин

Қаладағы №25 бағдардағы электр автобусты тізгіндеген  Лейб Сәкен Пішенбайқызы Қорғалжын ауданының тумасы. Бастапқыда троллейбус кондукторы болып жұмыс істеген. Кейін көлік басқаруға қызығушылығы оянып, 8 ай бойы троллейбус жүргізушісі курсынан өткен соң рульге отырған. Ол алғашқы жұмыс күнін еске алып, троллейбус және автобус басқарудың қиындығы мен қызығы туралы айтып берді.

Көлік жүргізуге қызығушылығым бала кезімде басталды. Ағаларыммен бірге «ЗиЛ» жүргізетінмін. Ол кезде ауылды жерде МАИ қызметкерлері болған жоқ, бойым жетпесе де рульге отырып алатынмын. Міне, осылай қызығушылық арта берді.  2000 жылдары алғаш рет троллейбус жүргіздім. Бұл көлік құралы автобусқа қарағанда қиын еді. Әрқашан төбедегі штангаларды қарау керек, ол желіден шығып кетсе оны қалпына келтіру қиындық тудыратын. Жол қозғалысы кезінде бұрылу оңай болған жоқ. Кейін Астанада троллейбустардың жүруі тоқтатылған соң, автобус жүргізушілігіне ауыстым. Ол үшін тағы да 1 жылдай арнайы оқыдым. Алғаш автобус тізгіндеп жүргенде бір қызық оқиға болды. Жұмыс уақыты аяқталған соң автобус жүргізушілері көлікті келесі күнге дайындап, қажетті жанармай мен дизель отынын құйып қоюы керек. Ал троллейбусқа дизель отыны құйылмайтын еді. Мен сол әдетіммен автобусқа дизель отынын құймай кеткенім әлі есімде. Бастапқыда қиын болады ғой, қазір үйреніп кеттім. Осы уақытқа дейін №42, №18, №29 бағдардағы автобустарда жүргізуші болдым. №25 электр автобусын жүргізгеніме төрт жыл болды, - дейді Сәкен Пішенбайқызы.

Кейіпкеріміз өз сөзінде автобусты күтіп ұстау жүргізушіге байланысты екенін айтып өтті.

Жұмысқа келу уақытым кестеге байланысты. Егер таңғы рейс болса, онда жұмысқа 5-те келу керек. Дәрігердің жалпы тексерісінен кейін механикке барамын. Ол автобусты тексереді. Жолға шығуға рұқсатты осылай аламыз. Кейін өзім автобустың майын қарап, дөңгелектерін тексеріп шығамын. Жұмыс күні кестеге байланысты әртүрлі уақытта бітеді. Сосын жүргізуші орнын тазалау жұмысына кірісемін. Электр автобусты қуаттағышқа қойып, айналарын сүртемін. Әйел болған соң шығар, кейде уақытқа қарамай тазалап жүріп қаламын. Осылайша, келесі күні жолға шығатын әріптесіме барлығын дайындап кетемін. Күні бойы өзіміз жүретіндіктен әрқашан таза болған дұрыс қой, - дейді ол.

Жүргізуші әйел сұхбат барысында өзінің тұрақты жолаушылары бар екенін де айтып өтті.

Менің жиі көріп тұратын жолаушыларым бар. Әсіресе, қарт адамдар мені көргенде рахметтерін айтып, қалтасындағы тәттілерін ұсынып жатады. Ерлер қауымы «автобусты жақсы жүргізесіз» деп мақтап кетеді. Әлия Молдағұлова көшесінде ылғи бір қарияны көремін. Ол автобусқа мінбесе де, қолын бұлғап амандасып жүреді. Осындай жолаушылар жүргізуші көңілін көтереді, - дейді Сәкен Пішенбайқызы.

Барлық жаңалықтар