00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Әлемдік классика жауhары елорда сахнасында көрсетілді

14.05.2023 | 09:00
33

Би – биік өнер десек, балет – оның шыңы. Адамзаттың эстетикалық талғамын тәрбиелеп, жоғары мәдениетке бастайтын балет өнері елімізде ерекше қанат жайып, өркендеп келеді. Оған Отанымыздың Астанасында қойылған түрлі қойылымдар, аншлагпен өткен премъералар куә. Қазақтың сахнасында әлемдік классика шеберлерінің қойылымдарының қойылуы – биік өнерге талпынған өнерпаздарымыздың биік талғамын білдіреді. Демалыс күндері елімізде тұңғыш рет «Астана опера» сахнасында Вольфганг Амадей Моцарттың музыкасына Иржи Килианның «Кішкентай өлім» (Маленькая смерть) атты танымал бір актілі балетін елордалықтар және қала қонақтары тамашалады, деп хабарлады Elorda.info.

Балет өнеріндегі аса көрнекті тұлға, Еуропаның ең мықты хореографтарының бірі – И.Килианның бұл туындысын қазақстандық өнер майталмандары қазақ сахнасында асқан шеберлікпен орындады. Классикалық туындының аясында қимыл-қозғалыстың жоғары элементтері, биік деңгейі көрсетілген бұл балетте мәңгілік тақырып – махаббат сезімдері талғампаздықпен, айрықша әдептілікпен көрсетіледі.

Жалпы, әлемдік балет өнерінде театрлардың классик, кемеңгер Килианның  спектакльдерін қоюы – үлкен жетістік, биік абырой. Театр шеберлері үшін – талантынт танытудың ерекше мүмкіндігі. Қойылымға әлемдік балеттің жұлдызы, балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың тізгінді ұстауы – елордалық репертуардың көрігін қыздыра түскені мәлім. Қойылымның қазақ сахнасындағы премъерасы алдында спектакльді қоюшы өнер тобы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, сауалдарына жауап берді.

- Мен «Астана опера» сахнасында балет тарихындағы классикалық дүниеден бастап неоклассикаға дейінгі үздік шығармаларды көрсеткім келді, - дейді Алтынай Асылмұратова. Балетте ерекше бағыттың негізін қалаған Иржи Килиан туындысының біздің сахнамызды қойылуы – қазақ мәдениетіндегі  айрықша оқиға ретінде есте қалмақ. Бұл балеттің басты ерекшелігі сол – спектакльде түрлі-түсті киімдер мен безендіру, декорация жоқ, классикалық түс – ақ пен қараның араласуы арқылы таза хореографияға негізделген. Осы секілді қойылымды былтырғы жылы наурыз айында қойған болатынбыз. «Алты би» спектаклі де осы жаңа премъера секілді әзіл-оспаққа құрылған сюжеттік қайшылықтарға емес, хореографиясы ерекше, комедиялық балеттің өзгеше түрін елордалықтар ыстық ықыласпен қабылдағаны белгілі. «Алты биден» кейінгі баспалдық, нық қадамымыз Килианның осы шығармасынан көрінді. Моцарттың таңғажайып музыкасына құрылған балет махаббаттың биік шыңын, шарықтау шегін көрермендердің жүрегіне жеткізеді.

1991 жылы И.Килиан осы туындыны атақты Зальцбург фестивалі үшін қойған болатын. Балет өнеріндегі баға жетпес жақұтқа айналған қойылым уақыт өте келе құндылығы арта түсетін қымбат дүниеге айналды. Балетте трагедия жоқ, бірақ ерекше сезімге құрылған нәзіктік бар, бишілер тіпті қылыш секілді суық қаруға саусақ ұшымен асылып тұрған күйде ұстайтыны, алты бишінің бір мезгілде, бір сәтте жедел қимылдауы, қылыштың шеңбер бойымен айнала отырып, орындаушыға оралуы – бәрі де балет шеберлерінің айрықша өнерін көрсетеді. Премъерадағы қызықты, қайталанбас өзгеше шешім – хас өнерді паш етеді. Балеттегі бұл қадам, бұл қойылым – театр    шеберлерінің репертуарын байыта түскенін айтуымыз қажет.

Астаналық журналистерге арналған баспасөз мәслихатына қатысқан Нидерланд би театрының балетмейстері әрі премъері Стефан Жеромский осы атақты Иржи Килианның ассисенті болған екен. Астанадағы премъераның көркемдік қойылым бөлімінің жетекшісі Юст Бигелар баспасөз өкілдеріне қойылым кезіндегі жарықпен, декорациямен, костюмдермен жұмысты шебер үйлестіре білген маман ретінде көрінді. Себебі, осы балеттегі ең басты талап –сахнадағы жарықтардың айқын, таза болуы еді. Сахнадағы қойылым шешімі бойынша қара жұмсақ декорациялар мен роликтердегі жылжымалы кринолин көйлектер қолданылды. Барлығы да қазіргі заманауи стиль – минимализм стилінде – ақ-қара түсі арқылы берілді. 

Сенбі, жексенбіде өткен Гала-балетте елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына бірінші бөлімде әлемдік хореография жауhары – Ф.Шопеннің музыкасына Михаил Фокиннің хореографиясындағы «Шопениана» балеті ұсынылады, екінші бөлімде әртістер Моцартың музыкасына қойылған атақты чех хореографы Иржи Килианның «Кішкентай өлім» қойылымын қазақстандық өнер шеберлерінің орындауында тамашалайды, - деді «Астана опера» театры директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиев.

Қойылымның қоюшы дирижері, талантты Элмар Бөрібаев болса, театрдың балет труппасының жетекші солистері Әйгерім Бекетаева мен Бақтияр Адамжан балеттің премъерасы жайында кәсіби ойларымен бөлісті.

          -Стефан Жеромскиймен жұмыс істеу – адамға ерекше әсер етеді, онымен жұмыс істеу өте ыңғайлы,-дейді Б.Адамжан баспасөз мәслихаты кезінде. Мұнда музыканың ноталарымен үйлескен хореография бар, әрбір бишінің мүмкіндігін ашып, Килианның хореографиясы арқылы қазақ сахнасының көрермендерін таңғалдыру, тамсанту біз секілді өнер иелері үшін зор мәртебе. Әртістердің би барысындағы бір-біріне бейімділігі, ұжымдаса еңбек етуі –

С.Жеромскийдің асқан шеберлігінің арқасында дер едім. Әр бишінің ерекше қырлары ашылды десе де болады. Себебі, хореографияны музыкаға бейімдеу, оған физикалық тұрғыдан дайын болу, көрерменге эмоция арқылы әсерлі ету оңай емес.Бұл жерде махаббатты кішігірім өлім деп адамға түрлі әсерін астарлап көрсетеді, оны сахнада көрсету – нағыз шеберлердің ғана қолынан келер дүние екенін айтуымыз қажет. Әр нотаға қойылған іс-қимылдар бар, одан сәл кешігетін болсақ, келесі ноталардағы қимылдарға тіптен ілесе алмайсың – қойылым осынысымен ерекшеленеді деп айтар едім. Бишілер қатар тұрғанда синхронно байланыс керек, алдыңғы жақтағы, арттағы, қатардағы адамдармен жіті байланыста болып, ұжымдаса атқаратын қимыл-қозғалыстар көп кездесетіндіктен, тіпті тынысымызға дейін ортақ болуы өте маңызды. Жетекші балет солисі де осы ортақ тәртіпке, ішкі үйлесімге сай билеуі тиіс. Жұдырықтай жұмылып, бірлесе әрекет еткенде ғана, ұжымдық ерен еңбектің арқасында осындай тың, тамаша дүниелер қазақ сахнасында дүниеге келе бермек деген ойдамын. Бұл балет – мен деген қаншама алпауыт театрлардың еншісіне байланбаған, сахнасында қойылмаған туынды. Шетелде қанша рет болдым, тіпті еуропалық театрлар қоя алмаған бұл туындының елімізде көрсетілуі – бізге берілген бақ, сәтті жеңіс деуге хақымыз бар. Сондықтан, бұл қойылым – шебер хореографтардың шедеврін қоюға талпынған біздің ең таңдаулы, бағымызды асырған дүние деп қабылдауыңызға болады.

Демалыс күндерінде «Астана операда» аншлагпен өткен қойылымдар елордалықтар мен қала қонақтарының спектакльге деген айрықша қызығушылығын білдіруде, өйткені, әлемдік заманауи хореография жауhарын тамашалау – талғамы биік көрерменнің таңдауы! Өйткені, балет өнерінің данышпаны – Иржи Килианның шығармасын мың рет естігенше, қазақ сахнасында өзіндік өрнектерімен көру, танысу – биік өнерге қызығушы тыңдармен мен көрермендердің арманы.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.

 

Барлық жаңалықтар