00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Еуразия университетінде Сейдахмет Бердіқұлов аудиториясы ашылды

24.11.2023 | 09:00
38
Фото: дереккөз

Еуразия ұлттық университетінде қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы, белгілі публицист-жазушы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы аудитория ашылды, деп хабарлады Elorda.info.

Бұл қаламгердің туғанына 90 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында ұйымдастырылды.

Іс-шара қазақстандық және шетелдік ғалымдардың, спорт журналистерінің, С.Бердіқұлов шәкірттері мен ізбасарларының, спорт федерациялары өкілдерінің қатысуымен өтті.

Сейдахмет Бердіқұлов – қазақ спорт журналистикасының мэтрі. Ол саналы ғұмырын ел игілігі жолында өзінің сүйікті кәсібіне арнап, ізбасарларын дайындады және шәкірт тәрбиелеген. 

Аудиторияны оның есімімен атап, біз ұрпақтар сабақтастығын жалғастырғымыз келеді. Оның атаулы аудиториясы және одан кейінгі «Бердіқұлов оқулары» арқылы біз кейінгі ұрпаққа бай тарих пен тәжірибені жеткізгіміз келеді, - деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов. 

Бұл аудитория қабырғасында болашақ журналистер теорияны және тәжірибені меңгеріп, шеберлік сыныптары өткізіледі. Олар Сейдахмет Бердіқұловтың еңбектерін және ол туралы дереккөздермен де таныса алады. 

DSC_8023.jpg

Сейдахмет Бердіқұлов – аңызға айналған адам. Ол жастар бойында намысшылдықты сіңіру жолында ерекше еңбек етті. Футболды ойын емес, ұлт рухын көтеретін ұғым екендігін жеткізуге тырысты. Намыс деген ұғымды спорт арқылы жеткізді. Міне, үлкен қасиеті осында. Бүкіл спорт әлемі оның намысшылдығын ерекше бағалайды, - деді белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахманов.

Конференцияға қатысушылар белгілі журналистің басқарушылық және педагогикалық қасиеттері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан С.Бердіқұловтың журналистикадағы ерекше қолтаңбасы жайлы әңгіме қозғады.

ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ спорт тарихын дамыту туралы еңбектер оқу үрдісіне көмектесетінін, сонымен қатар келешекте аудитория жаңа жәдігерлермен толықтырылатынын атап өтті.

«Қазіргі қазақ спорт журналистикасы және медиакоммуникация мәселелері» конференциясы барысында Сейдахмет Бердіқұловтың еңбек жолы, шәкірт тәрбиелеу мектебі, қазақ спорт журналистикасын дамытуға қосқан үлесі төңірегінде баяндамалар тыңдалды.

Барлық жаңалықтар