00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Елордада «Жан пида» спектаклі аншлагпен өтті

01.02.2024 | 10:09
91
Фото: Сұлтан Сейіт

Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдық мерейтойына арналған VI  Халықаралық «Айтматов және театр» фестивалінде Гран-при жүлдесіне ие болған Ш. Айтматовтың «Жан пида», «Жан азабы», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ақ кеме», О.Бөкейдің «Жетім бота», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармалары негізінде қойылған «Жан пида» трагедиясының премьерасы сахналанды. Залда ине шаншар орын болмады, премъера аншлагпен өтті.

Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрқанат Жақыпбай.

Адамзатта мейлің ол Православ болсын, ислам дінін ұстансын, католик я басқа болсын, Аллаға сенім, үміт, шындық біреу ғана. Осы премьерада бірнеше шығарма тұтас бір симфониялық дүние болып көрерменге жетті деп ойлаймын. Шыңғыс Айтматов – сүйікті жазушым, барлық шығармасын білемін, әрқайсысын жеке-жеке сахнада қойғанмын. Осы жолы атақты жазушының бірнеше шығармасын бір сахнада қоюды жөн санадым, айтар ойды спектакльде ойнаған әртістер – шәкірттерім түсінді деп есептеймін, - дейді режиссер Нұрқанат Жақыпбай.

f77ed5bd-aa13-44ec-a08f-c7748f9c1740.jpg

Шығармада әрқилы тағдыр, әртүрлі қимыл болғанымен, айтар ойы біреу ғана, ол – адам үшін ең қиыны – күнде адам болып өмір сүру, туған жерге сүйіспеншілік, мәңгүрттенген ұрпақ мәселесі. Айтматов айтқан ойларды қазіргі «Z» буынының шындықтарымен жалғастыра отырып суреттейді, - дейді Едіге рөлін сомдаған әртіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов.

485b0a30-5495-4579-bbba-5478c2f76416.jpg

Спектакльде ең басты рольдердің бірі Бұғы Ананы сомдаған актриса Айнұр Рахипова мәңгүрттің анасының азабын ғана емес, Жер-Ананың ащы азабын, бар ауыртпалығын, қайғы-қасіретін көрсетті, көрерменге көп ой салды.

Аңызға айналған тәсілмен келген рөлімді мистикалық жолмен келген деуге болады. 9-сыныпта оқып жүрген кезімде Шыңғыс Айтматовтың  романындағы «Найман-Ана» туралы әңгімесін оқып, мәңгүрт ұлына қарап тұрып Найман-Ана ай мeн күн, күллі әлeм туралы, өзі туралы атақты жoқтау жырын айтқаны қатты әсер еткені соншалық, шығарманың әсерінен қатты жыладым. Сонда өзімнің актерлік қабілетімді айқындағандай болдым. Содан 10-сыныпта оқып жүрген кезімізде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қойылған Ш.Айтматовтың «Плаха» - «Жан пида» спектаклін Найман-Ана рөлін Гүлжан Қалабаеваның орындауында көрдім. Маған қатты әсер етті. Оқуға түсерде де Найман-Ана рөлін жаттап алып, айтып, өттім. Репертуарыма енді. Өмір бойы ойнаған сайын жаңарып, жаңғыра беретін, шеберлігім шыңдала түсетін рөлге айналды, менің рөлім деуге лайықты дер едім, - дейді ана рөлін ғажайып сомдаған актриса Айнұр Рахипова.

e47c31d2-a6d3-4945-9005-07021b8d2218.jpg

Шынында да, табиғат пен адам баласы арасындағы күрделі қарым қатынас жайында үнемі жазған «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың ойын спектакль арқылы дамытқан Нұрқанат Жақыпбай  адамның табиғатқа жасайтын жауыздығы мен зор қиянатшылдығын қойылымда әшкерелегендей. Бірнеше шедевр шығармадан бір үздік қойылым жасаған режиссердің еңбегі қол соғарлықтай тамаша туынды, философияға толы еңбек. Режиссер бүкіл өмірінде қойған спектакльдерін ірі, күрделі бір дүниеге жинақтап, халқының алдында есеп берген сияқты. 

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар