00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Елордада бос орындар жәрмеңкесі өтті

10.08.2023 | 11:00
142
Фото: Василий Крась

Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Еңбек мобильдігі орталығы бірлесе отырып, жастар мен ЖОО түлектері үшін бос орындар жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлады Elorda.info.

Елордадағы «Central Market» әмбебап сауда орталығында өткен жәрмеңкеге 20-ға жуық жұмыс беруші қатысты. Олар жастарға 100-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. 

Қалалық Жастар ресурстық орталығының маманы Олжас Хамитовтың сөзінше, жыл соңына дейін жастарға арналған тағы 2 жәрмеңке ұйымдастырылады.

Бүгін Астанада бірінші рет базарда жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырып отырмыз. Біз осы уақытқа дейін 5 жәрмеңке ұйымдастырдық. Оған 5 мыңға жуық адам қатысты. Жәрмеңкелерде 2 500-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Нақты 300 адамды жұмыспен қамтыдық. Дәл осындай жастарға арналған жәрмеңке ЕҰУ және Есіл университетінде өтті. Жылдық жоспар бойынша тағы осындай 2 жәрмеңке өтетін болады, - деді О.Хамитов.

Орталық маманының айтуынша, елордада NEET санатындағы жастардың көбі сауда және құрылыс саласында жұмыс істейді. Сол себепті ұйымдастырушылар алғашқы тәжірибе ретінде жәрмеңкені базарда өткізуді жөн көрген.

5b884ef1-36b2-45f3-8689-cb2a51880e1a.jpg

Жәрмеңкеге «АльфаМед» дәріханалар желісінің HR менеджері Аулие Есбай қатысуға ниет білдірген. Ол бос орын бойынша қызығушылық білдірген жастардан түйендеме қабылдауда.

Біздің «АльфаМед» дәріханалар желісіне фармацевтер, провизор, дәрі препараттарын сатып алу жұмысын реттейтін және оларды жинау-сақтау бойынша қызметкерлер керек. Ең бастысы, мамандық бойынша орта және жоғары білімді болуы керек. Бұл салада жауапкершілік өте маңызды. Бүгін ниет білдіріп жатқан жастармен әңгімелесу өткіземіз. Бәрі ойдағыдай болса әрі қарай ресми түрде жұмысқа аламыз, - дейді HR менеджер А.Есбай.

0dffa012-385f-4152-8cab-6d9090248948.jpg

Айта кетейік, бүгінде елордада 14-34 жас аралығында 440 мың жас бар. Олардың 6,2 пайызы NEET санатына жатады.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар