00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Елордаға Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі келді

11.10.2023 | 04:30
35
фото: Сұлтан Сейіт

Кеше Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі астаналық көрермендерге «Елордаға Ақ жайықтан сәлем» атты концерттік бағдарламасын ұсынды, деп хабарлады Elorda.info.

Республика күні және Астана қаласының 25 жылдығы аясында өткен концертке классикалық музыканы сүйіп тыңдайтын көрермендер жиналды. 

Оркестр директоры Салтанат Абулгазиеваның сөзінше, бұл гастрольдік сапар осыдан 2 жыл бұрын жоспарланыпты. Алайда пандемия салдарынан кейінге шегерілген екен. 

2021 жылы біздің оркестрдің құрылғанына 10 жыл толды. Бірақ ол кезде пандемия болған соң Астана және Алматы қалаларында есептік концертті өткізе алмадық. Бүгін Республика күні қарсаңында және Астананың 25 жылдығына орай есептік концертімізді  ұйымдастырдық. Дәл осындай гастрольдік концертті Алматыда 6-шы қазан күні өткіздік. Белгілі зиялы қауым өкілдері қатысып, он бағасын берді,- дейді Салтанат Абулгазиева. 

WhatsApp Image 2023-10-10 at 19.37.11 (1).jpeg

Оркест директорының сөзінше, ұжымда 20 өнерпаз бар. Олар еліміз бен көрші Ресейдің белгілі музыкалық жоғары оқу орындарының түлектері, жас музыканттар. Арасында Италияның Пезаро қаласындағы опера студиясында дәріс алған өнерпаздар де бар.  

Жылдың аяғына дейін Атырау облысына гастрольдік сапар жасауды жоспарлап отырмыз. Біздің ұжым негізі өте креативті және әрқашан да экспериментке дайын. Оркестр репертуарында 400-ден астам туынды бар. Осы шығарламаларды көрерменге тарту ету мақсатында бар мүмкіндікті пайдаланамыз.  Бұл жұмыстардың барлығы оркестердің көркемдік жетекшісі Асхат Хасановтың еңбегі деп айтар едім,- дейді Салтанат Абулгазиева. 

Оркестр басшысының сөзінше, Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі әйгілі скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиевтің бастамасымен 2004 жылы құрылған. 

WhatsApp Image 2023-10-10 at 19.37.11.jpeg

Облыстық камералық оркест Айжайықта бой көтерген жеке дара материалдық базасы бар мекеме. Оркестр тарихы 2004 жылдан басталады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиевтің бастамасымен оркестрдің өз жеке ғимараты, жалпы материалдық базасы қалыптасты. Кейін 2011 жылы  облыс әкімінің қолдауымен қайта жасақталды. Осы тұста Марат ағамыздың еңбегі зор деп айтар едім,- деді Салтанат Абулгазиева.

Оркестр құрылғалы бері ел ішінен бөлек халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, ұлттық музыкамызды өзге елге таныстырып келе жатқан ұжым. Оркестр еліміздегі іргелі өнер ұжымдарының бірқатарымен ынтымақтастық меморандумына қол қойған. Соның арқасында шығармашылық және гастрольдік сапарлар кезінде республикаға танымал өнерпаздарды қатыстырып, өзара тәлім-тәжірибе алмасуды жолға қойған.   

Мәселен, камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі Асхат Хасанов алғаш рет коллаборациялық жұмысты қолға алып, халқымыздың інжу-маржаны саналатын күйлері мен халық әндерін нотаға түсіріп, оркестр құрамына домбыра, қобыз аспаптарын қосып, кахон, гитара, бас-гитара аспаптарының синтезін құраған. Театр режиссері Гауһар Адаймен және абстракт бағытындағы суретші Гүлдана Әлинамен бірлескен жұмыс нәтижесінде камералық оркестр перформанс бағытында екі бірдей бейнебаян түсірген. 

Барлық жаңалықтар