00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Балалардың егеменді елде өсіп келе жатқаны қуантады – Арман Оразов

12.12.2023 | 06:00
68
Коллаж: Елтай Нұрғазин

«Астана Операның» жетекші балет солисі Арман Оразов қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлады Elorda.info.

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 32 жыл толады. Егемендіктің келуімен еліміздің шекарасы, мемлекеттік тілі және ұлттық валютасы бекітілді. Біздің ата-бабаларымыз көптеген ғасырлар бойы осы күнге жетуді армандаған. Ал бүгінгі күні дүниежүзі бізді тәуелсіз мемлекет ретінде мойындады. Ендігі біздің мақсатымыз – ол экономиканы дамытып, елге қызмет ету, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың еркін өмір сүруіне қажетті жағдай жасау. Өзім балет әртісі болғаннан кейін шетелге гастрольмен жиі шығамын, сол кезде Қазақстан азаматы болғаным үшін, қазақ балет өнерін таныстырып жүргенім үшін кеудемді зор мақтаныш сезімі кернейді. Әлбетте, менің тұлға болып қалыптасуыма ата-анам және ұстаздарым көп еңбек сіңірді. Кішкентай кезімде мені балетке берген анама алғысым шексіз. Хореографиялық училищеге оқуға үш мың баланың ішінен мені таңдап алғанда ата-анамның қатты қуанғаны әлі есімде. Осы бекзат өнердің арқасында көптеген елдерді көрдім, балет сүйер қауымның ықыласына бөлендім. 

Өмірлік серігімді де театрда жолықтырдым, ол да мен секілді балет әртісі. Бізге қарап, төрт жасар қызымыз да балетке барғысы келетінін айтады, әлбетте, оның бұл шешімін қуана қолдаймыз. 

Менің басты өмірлік ұстанымым – адамгершілік қасиеттерден айнымау. Отбасында ұл мен қыз тәрбиелеп отырған әке болғандықтан, балаларыма үлгі болуға тырысудамын. 

Оларға әрдайым шыншыл болу қажеттігін, ешқашан өтірік айтпау керектігін ескертіп отырамын. Менің ойымша, отбасы – шағын мемлекет, барлық Қазақстанның айнасы, демек біздің жанұямыздағы ынтымақ пен ауызбіршілік еліміздің тұтастығына тікелей әсер етеді. Сондықтан жұбайым екеуміз балалардың тәрбиесіне қатты мән береміз және олардың егеменді елде өсіп келе жатқанына қуанамыз. Қазақстанымыз көркейе берсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! - деді ол.

Барлық жаңалықтар