00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Астаналық ғалымдар университет грантын жеңіп алды

27.11.2023 | 08:00
69
Фото: дереккөз

Еуразия ұлттық университеті жыл сайынғы «JANA ASU» грант байқауының қорытындысын шығарды. 11 ғалым сәулет, медицина, ауыл шаруашылығы, ІТ-технологиялар және экология саласындағы инновациялық әзірлемелерін коммерцияландыруға қаржылай гранттар иеленді, деп хабарлады Elorda.info.

ЕҰУ ғылыми жұмыс нәтижелерін коммерцияландыруды қолдау үшін «JANA ASU» гранттарын бөледі. Биыл ашық байқауға ЖОО ғалымдары өздерінің 50 жобасын жолдаған. 

Қазіргі таңда отандық ғылымның алдындағы басты мәселе – ғалымдардың ғылыми-техникалық қызметі нәтижелерін коммерцияландыру. Біз өткен жылдан бастап университет есебінен коммерцияландыруға перспективалары бар ғылыми жобалар мен идеяларды қолдауға бағытталған «JANA ASU» жобасын бастадық. Биыл гранттар санын көбейттік және бұл дәстүрді болашақта жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Университетті ғылыми-зерттеу университетіне айналдыру аясында ірі компаниялармен ынтымақтастыққа және қолданбалы ғылымды дамытуға, сондай-ақ ғалымдарымыздың ғылыми әзірлемелерінің нәтижелерін өндіріске енгізуге көп көңіл бөлінеді, - деді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Мемлекеттік елтаңбаның авторы, ЕҰУ сәулет кафедрасының оқытушысы Жандарбек Мәлібеков инновациялық киіз үйдің модульдік үлгісін жасауды жоспарлап отыр. Ол күн батареяларымен, байланыспен, интернетпен және басқа да мүмкіндіктермен толық жабдықталады. Ғалымның пікірінше, заманауи киіз үй туристер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, ТЖМ және басқа да саланың қызметкерлері арасында үлкен сұранысқа ие болады және төтенше жағдайларда да пайдалануға мүмкіндік бар.

AY0I0597.JPG

ЕҰУ ғалымы Асылтас Қалтенова қазақ тілін шетелдіктер үшін барынша қолжетімді жасауға ниетті. Ол ағылшын тілінде сөйлейтіндер үшін қазақ тіліндегі негізгі диалогтар ұсынылатын «Sana» мобильді қосымшасын әзірлеуге кірісті. Асылтас өз идеясын ЕҰУ грантының көмегімен іс жүзінде жүзеге асырады.

Ғалым Мұратбек Арпабеков пен ЕҰУ магистранты Кәрім Мазманов цифрлық мамандарды іздеу және жұмысқа қабылдау үшін инновациялық платформа әзірледі. Олар компаниялар үшін кадрларды іріктеу үрдісін жеңілдетуге және жақсартуға ниетті.

Біздің жоба шағын және орта бизнесті қолдауға мүмкіндік береді. Біз 100-ден астам бизнес өкілдерінің арасында сауалнама жүргіздік. Оларда маркетплейс арқылы көп мамандарға қолжетімділік бар болғанымен, автоматтандырылған жұмысқа қабылдау мәселелері туындайды, маманның жұмыс сапасын тексеру қарастырылмаған. Біз жасанды интеллект көмегімен мамандардың жұмыс сапасын 3 кезеңде тексеретін боламыз, - деді ЕҰУ магистранты Кәрім Мазманов.

ЕҰУ аға оқытушысы Амангелді Нұрзада қазақша ым-ишара тілін танудың алғашқы автоматты жүйесін құру бойынша бірегей жобаны жалғастыруға мүмкіндік алды. Ғалымға екінші рет ЕҰУ ақшалай грант бөлді. Ғылыми жоба жасанды интеллектке негізделген және сөйлеу мен есту қабілеті бұзылған адамдарға бағытталған. Оның ғылыми жобасын Дүниежүзілік банк те қолдады.

Айта кетейік, Еуразия ұлттық университеті «JANA ASU» ішкі грантын 2022 жылы бекітті. Өткен жылы 4 ғалым байқау жеңімпазы атанып, грант иегері болған еді.

Барлық жаңалықтар