00:00
Астана -10oC
USD:
443.72
EUR:
482.28
RUB:
4.9
Іздеу

Астанада «Мейірімділік керуені» байқауының номинанттары марапатталды

11.04.2024 | 09:35
108
Астанада «Мейірімділік керуені» байқауының номинанттары марапатталды
Фото: дереккөз

Астанада VI республикалық «Мейірімділік керуені» байқауының номинанттарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Elorda.info.

«Мейірімділік керуені» республикалық байқауы алтыншы рет өткізілді. Байқау адамгершілік құндылықтарды – мейірімділік, қайырымдылық, қамқорлық пен гуманизмді нығайтуға бағытталған. Жыл сайын жоба Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосатын жүздеген жанашыр адамды анықтайды. VI байқау аясында мыңға жуық өтінім беріліп, елордадан 62 үміткер қатысты. Жоба жеңімпаздары бес номинация бойынша таңдалды: «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы».

Іс-шара барысында елордалық қатысушылар дипломдармен, мүсіншелермен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Лауреаттарды ресми марапаттау Алғыс айту күні қарсаңында өтті. Іс-шараға еліміздің барлық облыстарынан үміткерлер қатысты. Енді әр өңірде қатысушылардың жекелеген марапаттаулары өткізілуде. Астанада біз бір күнде екі маңызды оқиғаны – марапаттау рәсімін және айттың бірінші күнін біріктіруді ұйғардық. Осы жарқын күнде біздің номинанттарымыздың барлық игі істері қабыл болып, өздеріне қайтады деп сенеміз, - деп атап өтті Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының басшысы Раушан Сәрсембаева.

Астаналықтар арасында «Батыл жүрек» номинациясы бойынша тұрғын үйдің 20-қабатының карнизінде ілулі тұрған қызды құтқарған Нарұл Төрекұл және өрт кезінде құлаған баланы құтқарған Есен Қарабеков лауреат атанды. Сондай-ақ «Асар» номинациясында республика бойынша әлеуметтік кәсіпкер және Инноватор, шығармашылық эксперименттік студия-ателье жетекшісі Мәдина Даниярова ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

Конкурс номинанты әрі елордалық Lider.kz еріктілер командасының басшысы Айзада Жүсіпова «Мейірімділік керуені» жобасы жағымды ғана емес, сонымен қатар жаңа игі істерге ынталандыру деп санайды.

Біз 8 жылдан бері іздестіру-құтқару іс-шараларымен айналысып келеміз. Қазір еліміздегі төтенше жағдай режимі кезінде біз де гуманитарлық көмек жинауға белсенді қатысып жатырмыз. «Мейірімділік керуені» байқауына қатысу біз үшін зор құрмет. Бұл марапат бізді жігерлендіреді. Еліміздің игілігі жолында әрі қарай да жұмыс істейміз, - дейді Айзада Жүсіпова.

Барлық жаңалықтар