00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Астанада алғаш рет Азия елдерінің геотехникалық форумы өтеді

06.06.2023 | 10:30
40
фото: баспасөз қызметінен

14-18 тамыз аралығында Азия елдерінің жетекші геотехника инженерлері тұңғыш рет Қазақстанда жиналады. Астана - топырақ механикасы және геотехникалық инженерия бойынша 17-ші Азия өңірлік конференциясын өткізетін ТМД ішіндегі бірінші қала, деп хабарлады Elorda.info Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Бүгінгі таңда Астанадағы өңірлік геофорумға әлемнің 90 елінен 400-ден астам қатысушы тіркелген. Конференцияның негізгі тақырыбы – «Smart Geotechnics for Smart Societies» («Ақылды қоғамдарға арналған ақылды геотехника»). 

Форум барысында заманауи геотехнология және геотехникалық қызмет түрлері кеңінен қарастырылады. Бұл - мегаполистер мен жаңа астаналардың геотехникалық инфрақұрылымын дамытуға жаңа серпін береді, Қазақстанның күрделі инженерлік-геологиялық жағдайларындағы жобалау мен құрылыс саласындағы жетістіктермен және ғылыми идеялармен алмасуға жол ашады. 

Астана 2019 жылдың қазан айында Тайваньда өткен 16-шы конференция барысында 26 Азиялық геотехникалық қауымдастықтың жасырын дауыс беруі арқылы топырақ механикасы және геотехникалық инженерия бойынша 17-ші Азия аймақтық конференциясының өтетін орны ретінде белгіленді. Дауыс беру барысында бізге Бангкок (Тайландтық геотехникалық қауымдастығы) бәсекелес болды.  Таңдау Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  Геотехникалық институты және Қазақстан геотехникалық қауымдастығы соңғы жылдары Қазақстанда күрделі топырақ жағдайында мегажобаларды салуға байланысты көптеген геотехникалық мәселелерді шешкені,  сондай-ақ елімізде және шетелде халықаралық геотехникалық форумдар ұйымдастырған белсенді ұйымдар екендігімен түсіндіріледі. Елордамыздың 25 жылдығында аса маңызды конференцияның өткізуілуінде ерекше мән бар, - деп түсіндірді ЕҰУ Геотехникалық институтының директоры, 17 ARC - 2023 ұйымдастыру комитетінің төрағасы Асқар Жүсіпбеков. 

Конференция барысында әлемнің 21 елінен сарапшылар мен профессорлар өздерінің пікірлерін ортаға салады. Оның ішінде Австрия, Австралия, АҚШ, Германия, Греция, Италия, Швейцария, Польша, Жапония, Үндістан, Оңтүстік Корея, ҚХР, Сингапур және басқа мемлекеттің өкілдері бар.

Азия өңірлік конференциясы барысында техникалық турлар ұйымдастырылады. Оның аясында Астана мен Алматының көрнекті жерлерін таныстыру жоспарланған.

Конференция сайты www.17arc.org  құрылды. Онда іс-шараны және көрмені өткізу туралы барлық ақпарат, сондай-ақ лекторлар тізімі және бағдарлама ұсынылған.

Айта кетейік, Еуразия ұлттық университеті қазақстандық және халықаралық геотехникалық қауымдастықтарының корпоративтік мүшесі болып табылады.

Бұған дейін Азия өңірлік конференциясы Нью-Дели, Токио, Фукуока, Киото, Хайфа, Бангкок, Бангалор, Сингапур, Киото, Пекин, Сеул, Калькутта, Гонконг, Тайпей қалаларында өткізілген.

 

 

Барлық жаңалықтар