00:00
Астана -10oC
USD:
471.46
EUR:
504.79
RUB:
5.53
Іздеу

Қару-жарақты өз еркімен тапсырған астаналықтарға сыйақы беріледі

06.04.2023 | 16:41
81

Астаналықтардың заңсыз сақталған және тіркелмеген қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды полицияға тапсырып, сыйақы алу мүмкіндігі бар. Аталған шара 10 сәуірде басталып, бір айға созылады, деп хабарлады Elorda.info.

10 сәуірден бастап заңсыз сақталған қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды қабылдау республикалық акциясы басталады. Сондай-ақ тіркелмеген қару-жарақты өз еркімен тапсырған азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауаптан босатылады, – деді Астана қаласы Полиция департаментінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция подполковнигі Азамат Әмен. 

Сонымен қатар Полиция департаментінің өкілі қару-жарақты өз еркімен тапсырған жағдайда сыйақы берілетінін айтты.

Қаруды ерікті түрде тапсырған азаматтарға оның түріне қарай 10-нан 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) дейін сыйақы қарастырылған. Яғни қарудың түріне, санатына және сақталу жағдайына қарай 34 500 теңгеден 345 мың теңгеге дейін сыйақы тағайындау көзделген. Қару-жарақты қабылдау үш санатқа бөлінеді. Бірінші – техникалық жағдайы өте жақсы деңгейде сақталған қару, оған 100 пайыз көлемде сыйақы беріледі. Екінші санаттағы қару-жараққа 70 пайыз, ал үшінші санатқа жатса, 30 пайыз көлемде сыйақы тағайындалады. Ескеретін жайт, сыйақы қару-жарақтың негізгі бағасына негізделеді, ол үшін сала сарапшыларымен кеңесеміз, – деді полиция подполковнигі. 

Оның айтуынша, криминалдық іске қатысы бар, ұрланған және ресми тіркелген қару-жарақ сатып алынбайды және оған сыйақы берілмейді.

Барлық жаңалықтар