00:00
Астана -10oC
USD:
472.62
EUR:
513.22
RUB:
5.43
Іздеу

«Додди – серіктесім әрі досым»: Елордалық кинолог иісшіл итті баптау жолдарын айтты

«Додди серіктесім, әрі досым»: Елордалық кинолог иісшіл итті қызметке баптау жолдарын айтып берді
фото: Оңалхан Өнерхан

Иісшіл иттердің төтенше жағдай кезінде адам қолынан келмейтін қарекетті жасап жатқанын көріп және естіп жүрміз. Оларды қызметте иіс сезу және есту қабілеті жоғары болғандықтан бағалайды. Elorda.info тілшісі жеті қазынаның бірі саналатын итті қызметте серігіне айналдырған ІІМ Көліктегі полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор кинологы Қуаныш Байпақбаймен кездесіп, мамандықтың қызығы мен қиындығы туралы біліп қайтты.

Төрт аяқтылар есірткі мен жарылғыш зат іздеу және із кесу бойынша жұмыс істеп, одорология бағыттарында пайдаланылады. Кіші инспектор кинолог бүгінде қызметтегі серіктестігі, неміс овчаркасы Доддимен бірге «Нұрлы жол» теміржол вокзалында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді.

Мен кинология саласына 2012 жылы келдім. Оған дейін әуежайдағы патрульдік-бекеттік қызметте жүрдім. Аумақта тексеріс өткізіп жүрген кинологтарға қарап қызығушылық пайда болды. Содан кинология саласына ауыстым. Бастапқыда оқу-жаттығуларға қатысып, төбетпен жұмыс істеу тәсілін үйрену керек болды. Елордадағы кинология орталығында кейін Ішкі істер министрлігіне қарасты Алматы қаласындағы кинология орталығында 5 ай оқуда болдым, - дейді Қуаныш Байпақбай.

Білікті мамандар алғашқы иті Джекпен бірге кинология саласының қыр-сырын меңгерген. 

Бұл қызметке ауысқан кезде алдымен өзіміздің орталықта жаттықтым. Ол кезде маған 8-9 айлық Джек атты неміс овчаркасын үйрету керек болды. Екеуміз бір ай бойы қатар жұмыс істеуді үйрендік.  Оқу кезінде отырып-тұру, келу-кету сияқты қарапайым бұйрықтарды орындауға үйреттім. Одан кейін Алматы қаласындағы кинология орталығына барып 5 ай тағы бірге жаттықтық. Із кесу бойынша әдіс-тәсілдерді үйреніп, барлық емтихандардан өткен соң қызметке кірістік. Джекпен бірге 2013 жылдан бастап үш жыл бірге із кесу бойынша жұмыс істедік,- дейді ол.

Қуаныш Байпақбайдың қазіргі серігі де - неміс овчаркасы. Ол иісшіл итті 2016 жылы Аустралияға оқуға барғанда өзімен бірге алып келген.

Бүгінде менің қызметтегі серігімнің лақап аты – Додди. 2016 жылы жарылғыш заттарды іздеу бойынша Аустралияға оқуға бардым. Сол жақта Доддиді күшік кезінен алып, үш ай бойы жарылғыш заттарды іздеуге үйреттім. Оқу аяқталған соң Доддимен бірге елге келдік. Міне сол уақыттан бері екеуміз  қаладағы теміржол вокзалдарында, әуежайда және күшейтілген режимде бірге қызмет етіп келеміз,- дейді кинолог.

Кинологтың итпен байланыс орната білуі маңызды. Бұл іске көбіне мінезі сабырлы иттер таңдалып алынады. Қызметтік иттер күшік кезінде әкелінеді. Кейіпкеріміздің сөзінше, кинолог пен иттің мінезі әртүрлі болуы керек.

Иттер қызметтік болғандықтан кез келген стресс жағдайында тыныш және ұстамды болғаны абзал. Олар қалыптасқан оқиғаға қарамастан кинологтың айтқанын мүлт етпей орындау керек.  Сондықтан да оны қоғамдық ортаға бейімдеу маңызды. Менің ойымша, кинолог пен иттің мінезі әртүрлі болғаны дұрыс. Себебі ит тірі жан болғандықтан өзін бала сияқты ұстайды. Мәселен бір күні ешқандай тапсырманы орындамай, көңілсіз және ашушаң болуы мүмкін. Бірақ «Бүгін менің итім көңілсіз» деп отыра алмаймыз. Онымен бірге жаттығуларды істеп, қызметке дайындаймыз. Кейде күні бойы барлық тапсырманы бұлжытпай орындап жүре береді. Сондықтан да кинолог екеуі тандемде жұмыс істеу қажет,- дейді Қуаныш Байпақбай.

Әңгімелесу барысында тәжірибелі кинолог бір күндік жұмыс барысын сипаттап берді.

Біз жұмыс күндері әдеттегі уақыт бойынша қызмет етеміз, кейде күшейтілген режимге ауысамыз. Жұмысқа келгенде бірінші итті серуендетеміз. Одан кейін оның жалпы жағдайы мен тазалығы тексеріледі. Ветеринар иттің денсаулығын қарайды. «Нұрлы жол» теміржол вокзалының  аумағы үлкен. Мұнда еліміздің басқа өңірлеріне бара жатқан немесе елордаға келіп жатқан жолаушылар ағыны көп. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әрқашан тексеріс жұмыстары жүргізіліп тұрады. Таңертең жұмысқа келген соң вокзал іші мен маңайын тексереміз. Оған кем дегенде 5 сағат кетеді. Қажет болған жағдайда пойыз ішін де қараймыз,- дейді кинолог.

Қуаныш Байпақбайдың айтуынша, Додди қызмет барасында бірнеше рет жарылғыш заттарды тапқан.

Жұмыс барысында көпшілік көп жиналатын орындарда «жарылғыш зат болуы мүмкін» деген шақыртуларға барамыз. Додди  бірнеше рет жарылғыш заттарды тапқан. Бірақ сіздерге қашан және қай жерде болғанын ашып айта алмаймын.  Егер кинолог еңбек демалысына кетсе, оның иті де демалыста болады. Әдетте кинологтар демалыста отбасымен бірге итін көруге, оны серуендетуге келіп тұрады. Кейде кинологтар мүмкіндік болып жатса жасы келіп қалған, қызметтен босатылған итті өзінің қарамағына, яғни үйіне алып кетеді. Бірақ оған арнайы рұқсат керек,- деп түсіндірді кейіпкерім.

Иісшіл иттердің денсаулығы әрқашан бақылауда болады. Олардың да буын-сүйектері ауырып, көзі нашар көріп немесе иіс сезу қабілеті төмендейді. Қабылданған бұйрық бойынша бір ит 8-10 жыл аралығында қызметте болады. Кейде денсаулығына байланысты ертерек есептен шығарылады. Ол кезде иісшіл иттердің арғы тағдыры әр кезде әрқалай болып жатады.

Алғашқы итім Джек қызметтік жасы келгенше менімен бірге жұмыс істеді. Әртүрлі оқиғалар иттің денсаулығына әсер етеді. Оның жасы келген сайын атқаратын қызметінің сапасы төмендей бастайды. Менің итім де ауруға шалдығып, ақыры соңында есептен шығарылды. Джекпен қоштасу өте қиын болды,- дейді кинолог.

Тәжірибелі маман кинология саласында жан-тәніңмен қызмет ету керек деп санайды.

Нағыз кинолог итін алдымен серіктесім, сосын досым деп атайды. Мен Доддиді солай атаймын.  Негізінде бұл салада жан-тәніңмен қызмет ету керек. Жұмысқа тек «тапсырмаға бардым», «уақыт өтті» деп қарауға болмайды.  Иттің әр әрекетіне жауапкершілік аласың. Мұнда физикалық күштен бөлек жүрекпен жұмыс істеу маңызды. Егер ит екеуі тандемде жұмыс істесе, кинолог ешқашан жұмыс барысында қиындық көрмейді,- дейді Қуаныш Байпақбай.

Әдетте үйдегі кәдімгі иттер иесін көргенде алдынан шығып, қуанып жатады. Ал қызметтік иттер тек бұйрық бойынша әрекет етеді. Сондықтан да төрт аяқтыны мұндай дағдыға үйретіп жүрген кинологтардың әр күні кәсібилігімен сыналады.

Барлық жаңалықтар