00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Андрей Давыдов: Қаржылық пирамидалардың көбі өз жобаларын  желілік маркетинг ретінде таныстырады

Фото: ашық дереккөз

Қаржылық пирамида бұқараның қалтасын қағудың жаңа әдісі ретінде әлеуметтік желіге ауыз сала бастады. Интернет алаяқтарының заңға қайшы әрекеттерінің жолын қалай кесуге болады?  Тақырып төңірегінде Elorda.info тілшісі  ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Превенция және талдамалық әзірлемелер департаменті басқармасы басшысының орынбасары Андрей Давыдовпен сұхбаттасты.  

-Агенттік заманына қарай құбылып тұратын қаржылық пирамидамен күресуде қандай тетіктерді іске қосты? 

Бұл күнде қаржылық пирамидаға қарсы арнайы жобаларды жүзеге асыруды қолға алдық. Біздің басты мақсатымыз – алаяқтар тобын қылмыс жасаламай тұрып анықтап, олар келтіретін залалдың алдын алу. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылы 50 қаржылық пирамида анықталып, оның 35-і жойылды. Қазір көп істер бойынша соталды тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Жоба аясында қаржылық пирамидаларға қарсы кейбір құралдарды іске қостық. Мәселен, кейбір күмәнді сайттарды бұғаттауға кибербақылауға тапсырыс береміз. Қазір ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі осындай сайттарды бұғаттауға байланысты қатаң шешімдер қабылдап жатыр. Өкінішке орай,  мұндай сайттардың саны жыл санап өсуде. Нақтырақ айтсақ, былтыр 6,5 мың сайт, биыл 7 мың сайт пен аккаунт бұғатталғаны осы сөзімізге дәлел.   

IT құралдарды енгізудің арқасында заңға қайшы жобалар көбірек анықталуда. Қаржылық пирамидалармен күрес жобасы басталған 2021 жылы заңсыз 600 сілтеме ғана табылса, биылғы 9 айда мұндай әрекеттер әлденеше рет өсіп кеткенін жоғарыдағы мысалдан байқауға болады.

Интернеттегі іздеу жүйесі бойынша кілт сөздер арқылы жаңалықтар порталдары, әлеуметтік желілер қаралып, алаяқтардың қармағына ілігіп қалады-ау деген аудиторияға сақтандыру үшін хабарламалар жібереміз.  

-Адамдардың сеніміне кіріп, мол қаржыны алаяқтықпен қалтасына басатын топтармен күресуге бүкіл қоғам атсалысқаны дұрыс шығар.

 Иә, дұрыс айтасыз. Сол үшін де блогерлер, қоғам белсенділерімен қоян-қолтық жұмысты бастап кеттік. Осы айда бірлесе дайындаған подкасттар мен видеороликтер әлеуметтік желілерде жарияланады. Сондай-ақ блогердің пулын жасақтап жатырмыз. Жалпы, біз қашанда азаматтар алаяқтардың арбауына түсіп қалмауы үшін оларға заңсыз жобалар туралы жариялауға әзірміз.  Егер бұл туралы «көпшілікке айтамын, сақтандырамын» деген ниеттегі блогерлер, қоғам белсенділері болса, агенттік тарапынан қолдау көрсетуге дайынбыз. Өйткені оқырмандары көп, танымал адамдар арқылы тұрғындардың ауқымды бөлігін ақпаратпен қамти аламыз. 

Сонымен қатар, жақында елордалық белсенді жастармен бірлесіп меморандумға қол қойдық. Аталған құжат интернет алаяқтықтың алдын алу мен тұрғындарды қаржылық сауаттылыққа үйретуге бағытталған. Бұл меморандум да агенттікке қаржы пирамидаларымен қарқынды күресуімізге мүмкіндік береді деген сенімдеміз. 

-Қаржылық пирамиданың белгілерін атап өтсеңіз?

Мен мынадай негізгі белгілеріне назар аударуға кеңес берер едім. Біріншіден, егер сізге ештеңе істемей-ақ ақша тауып, көп пайыздық үстеме алу мүмкіндігі уәде етілсе, бірден бас тарту керек.  Себебі Ұлттық банктің ресми салымдары 16 пайыз болса, ал күмәнді орындарда салымдар үшін 200-300 пайыз ұсынады. Екіншіден,  ешқандай заңдылық жағынан қорғалмаған ақша аударымдарын жасау, яғни келісімшартсыз, есеп-шотсыз ауызша келісімдер жасау – алаяқтардың жемтігі болуға әкелетін тікелей қадам. Үшіншіден, сізге ақша табу үшін басқа адамдарды жүйеге тарту қажеттігі айтылуы мүмкін. Мұны, енді, қаржылық пирамиданың классикалық үлгісі десе болады. Төртіншіден, қазір интернет арқылы кім екені белгісіз адамға ақша аударудан санын соғып қалып жатқандар көп. Тағы бір айта кетерлігі, көп қаржылық пирамида өз жобаларын  желілік маркетинг ретінде таныстырудан бастаған. Желілік маркетингтің белгісі, бұл - қандай да бір тауарды сату. Үйіп-төгіп берілген уәдеге сенген тұтынушы әрі қарай үстемеақыға үміттеніп, пирамидаға жаңа қатысушыларды тартады. Міне, алаяқтықтың осы белгілерін байқаған адам агенттік іске қосқан «Байқа, пирамида» деген телеграм-ботқа өзі күмән келтірген әлеуметтік желінің немесе сайттың сілтемесін жібере алады.

-Сұхбатыңызға рахмет! 

Барлық жаңалықтар