00:00
Астана -10oC
USD:
439.4
EUR:
473.54
RUB:
4.76
Іздеу

Елордалық мәслихат депутаттары ерекше балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Бүгін Астана қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов пен мәслихат депутаттары және Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қаладағы №2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мен №1 арнайы мектеп-интернатына барып, тәрбиеленуші балақайларды келе жатқан  Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Elorda.info тілшісі. 

Алдымен №2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде өткен шырша тойында дәстүрлі түрде ортаға Аяз ата мен Ақшақар шақырылды. Әртүрлі ертегі кейіпкерлеріне ұқсап киінген балалар Аяз атаға таппақ айтып, тәтті алуға асықты. Ізінше мульфильм кейіпкерлері ортаға шығып, балалармен бірге билей кетті. Шырша шамдары жағылып, мерекені асыға күткен балалар өз өнерлерін көрсетті.

Астана қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов балаларды келе жатқан мерекемен құттықтап, ерекше балаларға уақытылы жағдай жасау басты міндет екенін атап өтті.

Жаңа жыл қарсаңында балалардың шырша тойына қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Бұл – балалар асыға күтетін мереке деп айтсақ болады. Балалардан бөлек үлкендер де Жаңа жылға өз мақсатын жоспарлап жатады. Жаңа жылда әр балаға бақытты балалық шақ тілеймін. Денсаулықтарыңыз мықты болып, әрқашан күліп-ойнап жүре беріңіздер. Осы орайда өзімізбен бірге тәтті сыйлықтар алып келгенімізді айта өтейін. Жаңа жылда әр баланың арманы орындалсын дегім келеді.

Жалпы, біздің қаламызда ерекше күтім мен жағдайды қажет ететін 16 мыңға жуық бала бар. Оларға уақытылы жағдай жасау – біздің басты міндетіміз,- деді Ерлан Каналимов.

Шырша тойында қалалық мәслихат хатшысы мен депутаттар балақайларға мерекелік тәтті сыйлықтар табыстап, естелікке суретке түсті.

Айта кетейік, №2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті 0-18 жас аралығындағы әртүрлі дертке шалдыққан 280 балаға тегін көмек көрсетеді. 2014 жылы ашылған мекемеде педагог-психолог, дефектолог, логопед және ЛФК мамандары бар. Олар екі ауысым бойынша және әр баланың диагнозына байланысты жұмыс істейді.

Балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтау №1 арнайы мектеп-интернатында жалғасты. Шырша тойында қалалақ Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев тәрбиеленуші балаларды керемет тосын сый мен тәттіге толы мерекемен құттықтады.

Жаңа жыл, ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Тәтті сыйлықтар балалардың көңіл күйін көтереді. Бастысы, мықты денсаулық тілеймін, әрқашан ата-аналарың мен ата-әжелеріңнің көз қуанышы болып жүре беріңдер. Біз Жаңа жыл мерекесіне орай әр түрлі іс-шараларды ұйымдастырып келеміз. Өткен демалыста Президент және қала әкімінің шырша тойын өткіздік. Біз қашанда ерекше білім алуды қажет ететін балаларға басты назар қойып келеміз. Қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен біз әлі де арнайы мектептерге барып, балаларды құттықтайтын боламыз, - деді Қасымхан Сенғазыев.

Құттықтау тілек-лебіздерінен кейін депутаттар балаларға тәттілер табыстады.

Қалалық Білім басқармасы басшысының айтуынша, биыл оқу жылында балалар саны 21 мыңға дейін өскен. Өкінішке қарай, денсаулығында ақау бар балалар саны да артып келеді. Оған №1 арнайы мектеп-интернаты дәлел бола алады.

Бүгінде мектепте 554 бала оқиды. Оқу орнының  әрбір бөлімі балалардың ерекшеліктері мен патологияларына сәйкес бейімделген. Көру қабілетінде бұзушылықтары бар балаларға арналған бөлімде арнайы жол төсеніштер салынған, тірек-қимыл аппаратында бұзушылықтары бар балалар үшін пандустар мен тұтқалар құрылған. Оқуға мектепалды даярлық тобы және 1-ден 10-ға дейінгі сыныптарға оқушыларды қабылдау жүргізіледі.

Барлық жаңалықтар