00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Елордада Отан қорғаушы күніне арналған ауқымды мерекелік концерттер өтті

25.02.2023 | 06:17
Елорда ақпарат
22

Мерекелік іс-шаралар дәстүрлі түрде біруақытта елорданың бес алаңында яғни, Студенттер саябағында, Demalys Promenade аумағында, Қаламгерлер аллеясында, Амфитеатрда және «Бәйтерек» монументінің жанында ұйымдастырылды.

Концерттік бағдарламаларда елімізге танымал отандық жұлдыздар өз өнерлерін қалың көрерменге паш етіп, тұрғындарға тамаша көңіл-күй тарту етті.

Атап айтқанда, эстрада жұлдыздары Бейбіт Қорған, Әлішер Кәрімов, Маржан Арапбаева, Ибрагим Ескендір, Асылхан Шалқаров және опера әншісі Азамат Жылтыркөзов өнер көрсетті. Сондай-ақ Nomad City Hall театрының әртістері өз туындыларын көрерменге ұсынды.

Бүгінгі концерт жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бала кезімнен ән айтқанды, өлең шығарғанды жақсы көремін. Сондықтан бүгін өнер жұздары келеді дегенді естіп, концерт көруге келдім. Бауырларыммен бірге қыдырып жүрміз. Осындай концерттер жиі өтіп тұрса жақсы болар еді, – дейді Сәнім есімді қала тұрғыны.

Demalys Promenade аумағындағы кеште өнер көрсеткен Арман Қуандықов пен Бейбіт Қорғанның әнін көрермен ерекше ықыласпен қабыл алды.

Ал «Бәйтерек» монументінің жанындағы концертте Қорғаныс министрлігінің әскери оркестрінің туындылары мерекенің көркін қыздыра түсті.

Студенттер саябағындағы концертте Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония мен «Жігер» джаз оркестірінің әртістері өнер көрсетті.

Бүгін отбасымызбен мерекені атап өту үшін концертке келдік. Әртістердің дайындығы жоғары деңгейде. Қала басшылығына осындай осындай кеш ұйымдастырғаны үшін алғысымызды айтамыз. Балаларым да достарымен ойнап, қыдырып жүр. Концерттен алған әсеріміз керемет!, – деді Айбек есімді елорда тұрғыны.

Қаламгерлер аллеясында «Астана мәдениет» және «Астана» эстрада-симфониялық оркестрінің бірлесіп орындауымен ерекше композициялар қойылды. Музыкалық инструменттердің орындауымен болған бұл туындаларда өзгеше леп байқалды.

Елорданың барлық аудандарында осылайша Отан қорғаушы күні атап өтілді. Әртістер мен кеш жүргізушілері тұрғындардың көңілдерін көтеріп, мерекелік көңіл-күйді жеткізе алды. 

 

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар