00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Елордада қолайсыз ауа райы кезінде iKOMEK 14 мыңнан астам өтініш қабылдаған

25.02.2023 | 03:47
Елорда ақпарат
38

Негізінен өтініштер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты болған, атап айтқанда: қаланы электрмен жабдықтау бойынша – 6 953, қоғамдық көлік бойынша – 1 039, жол инфрақұрылымы бойынша – 1 001 өтініш.

Тұрғындарды қалада жүріп-тұру, қаладан шығу, тасжолдардың жабылуы/ашылуы, электр энергиясының жоқтығы, авариялық жұмыстар, ыстық және суық сумен жабдықтаудың жоқтығы және т.б. алаңдатқан.

Біз күшейтілген режимде жұмыс істедік, барлық өтініштер жұмыс тәртібінде тіркеліп, атқаруға берілді. Ауа райы жағдайы өтініштерді қабылдау жылдамдығына әсер етпеді, - деді iKOMEK қалалық орталығының басшысы Жаннат Дүбірова.

iKOMEK қалалық орталығында барлық операторлар – әмбебап мамандар. Өтініштердің қомақты бөлігін оператор тікелей сөйлесу кезінде ұдайы жаңарып отыратын ауқымды білім базасының арқасында шешеді. Базада мемлелекеттік басқармалар мен қаланың коммуналдық қызметтерінің жұмысы туралы ақпарат: анықтамалық мәлімет, коммуналдық қызметтердің жоспарланған және профилактикалық жұмыстары туралы мәліметтер сақталады.

Сонымен қатар iKOMEK операторлары өтініштерді тіркеу және олардың орындалуын бақылау үшін әлеуметтік желілерге (инстаграм, фейсбук) мониторинг жүргізеді, ізінше тұрғынға жұмыстың нәтижесі туралы хабарланатын болады.

Орталыққа қала аумағында орналасқан, оның ішінде балабақшаларды, мектептерді, емханаларды және басқаларын қамтитын 16 мыңнан астам бейнебақылау камералары интеграцияланған. Қауіпсіздікті тиімді үйлестіру мен орталықтандырылған мониторингілеуді қамтамасыз ету үшін iKOMEK орталығының өзінде Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің қызметкерлері отыр.

Бейнебақылау камераларының көмегімен операторлар қолайсыз ауа райы күндері дауылды желдің салдары мен ТКШ саласындағы инциденттерді анықтап отырды. Демек, iKOMEK өтініштің келіп түсуін күтпейді, бейнебақылау камераларын пайдалана отырып, алдын ала әрекет етеді.

Еске сала кетейік, iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығына 109 қысқа нөмірі (қалалық және мобильді телефондар үшін тегін), сондай-ақ балама құралдар арқылы жүгінуге болады:

- әкімдіктің ресми сайты gov.kz;

- iKOMEK109 мобильді қосымшасы (PlayMarket/AppStore);

- Telegram чат-боты (t.me/nursultanikomek109_bot);

- Smart Astana мобильді қосымшасы (PlayMarket/AppStore);

- 109@ikomekastana.kz электрондық поштасы.

Барлық жаңалықтар