00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

«Бір науқасқа – 200 теңге»: Астаналық ардагер дәрігер 25 жыл бұрынғы елорданың медицинасы туралы айтты

31.05.2023 | 15:00
57
фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Биыл Астана қаласы 25 жылдығын атап өткелі отыр. Еліміздің жүрегі іспеттес шаһардың «туған күніне» дайындық жұмыстары бүгінде басталып та кетті. Ел астанасының Алатаудан Сарыарқа төсіне кө­шуі қазақстандықтардың әрбірінің өміріне әсер етті деп айта аламыз. Әсіресе, медицина бойынша астана дамудың локомативі болды. Атаулы датаға орай Elorda.info тілшісі өткен жылдарға шегініс жасап, алғашқы жылдары елордада медицина саласының дамуына үлес қосқан ардагер дәрігер Мейрамгүл Сағындықовамен тілдесті.

- Қайырлы күн, Мейрамгүл ханым! Сізбен елордадағы медицинаның даму тарихы туралы әңгімелесу сәті бұйырыпты. Өзіңіз білетіндей, денсаулық қоғамның әлеу­меттік өмірінің ең маңызды саласы. Адам өмірімен тығыз байланысты салаға қалай келдіңіз? 

-Мен 1970 жылы Жезқазған қаласында қазақ мектебін бітіріп, Қарағанды қаласындағы медицина институтына оқуға түстім. Қазақ мектебін бітірген соң, әрине, институтта оқу қиын болды, көбі орыс тілінде өтті. Сол кезде лечебный деп аталған факультетті оқып, терапевт дәрігер болуды таңдадым. Оқу бітірген соң маған Жезқазғандағы медучилищеде сабақ берсін деп айтты. Бірақ мен бала кезден бері армандаған мамандығым, дәрігер болып жұмыс істегім келді. Сөйтіп жүргенде тұрмысқа шығып, ол кезде Целиноград ауданы аталған, қазір Ерейментау ауданындағы аураханада жұмыс істедім. Жедел жәрдемде де қызмет еттім. 1981 жылдары жолдасымның жұмысына байланысты Жезқазғанға қайтадан көшіп кеттік.

- Астанаға көшіп келуге не түрткі болды? Өндірістік қаладан енді-енді қалыптасып келе жатқан қалаға көшіп келу қиын болды ма?

-Менің жолдасым архитектор. Алматыдағы архитекторлар қоғамының мүшесі болды. 1996 жылдары жұмыс бойынша Астанаға жолдама берді. Елордаға көшіп келген соң 3 баламызды мектепке орналастырдық. Кейін жұмыс іздеуге кірістім. Жезқазғанда болғанда 200 жұмыскері бар емхананы басқардым. Осы жаққа көшіп келгенде еңбек өтілім 10 жылдан асып кеткен, бірақ мені бірден жұмысқа алмады. Басқарушы қызметтерде басқа ұлт өкілдері жұмыс істейтін, көшіп келген қазақтарға сын көзбен қарайтын. Аурухана мен емханаларда адам саны жеткілікті деп қайтарып жіберді. Содан Денсаулық сақтау басқармасына бардым. Басқарма басшысы Алтын Сүлейменова мені жұмысқа алып, дәрігер нұсқаушы болып басқармада жұмыс істедім. 

WhatsApp Image 2023-05-31 at 14.39.54.jpeg

1997 жылдары елордада денсаулық сақтау саласы нашар болды. Қалалық 3 емхана болды, оларда жөңдеу жұмыстары жүргізілмеген, құрал-жабдықтар жеткілікті болмады. Жезқазғанда «Қазақмыс» өндірістік компаниясы ауруханаға көмектесетін. Сол кезде шағын қала болса да, астанадан біршама озып кетіппіз. Түрлі меджабдықтарды көрген соң, елордаға келгенде барлығы көзіме оғаш көрінді.

- Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Тарихи оқиғадан кейін Денсаулық сақтау басқармасында қандай жұмыстар жүргізілді?

-Астана атауы өзгертілген соң басқарма басшысы зейнетке шықты. Содан басқармадағы қызметкерлер елордада медицинаны дамыту үшін жоспар құрдық. Ол кезде кеңсе Полевой көшесі, 8 мекен жайында болды. Жоспар құрғанда алдымен медициналық нысандар салуды мақсат еттік. Тіпті құрылысшылармен бірге отырып, аурухана немесе емхананың салу жоспарын бірге сыздық. Сөйтіп жүргенде жолдасымның жұмысына байланысты Алматыға көшіп, онда 2 жыл тұрдым. Қайтып келгенде басқарма департамент болып өзгерді. 2001 жылдан бастап Астана қаласының бас терапевті болып қызмет еттім. Қала бойынша терапевт дәрігерлердің жұмысын ұйымдастырдым. 2003-2004 жылдары 3-4 емхананың құрылысы басталып кетті. 2005 жылдары ақырындап пайдалануға берілді. Бірақ дәрігерлер жеткілікті болмады. Көбіне басқа қалалардан мамандар шақыртылды.  Ол уақытта Қарағандыдағы өзім оқыған институттың гүрілдеп тұрған уақыты ғой. Басшылар «мамандарды сол инстуттан шақыр» деп айтатын. Бірақ біз жас мамандарды емес, тәжірибесі бар дәрігерлерді қабылдадық. Себебі елорданың денсаулық саласын бір жолға қою үшін тек тәжірибелі мамандармен жұмыс істеуді қаладық. Алматы және Семей қалаларынан да дәрігерлер шақырылып жатты.  

WhatsApp Image 2023-05-31 at 14.39.55.jpeg

- Бас қала емханаларында алғаш рет күндізгі стационардың ашылуына өз үлесіңізді қостыңыз. Бұл бастаманы іске асыру үшін қандай жұмыс жүргізілді?

-Елордаға алғаш келгенде алдымен Жезқазғанда қолданып келе жатқан медициналық әдістерді енгізу ойымда болды. Ондағы емханада күндізгі стационар болатын. Ол өте тиімді әдіс деп айта аламын. Науқасты ауруханаға жатқызу Үкімет үшін қымбатқа соқты, емханаларда орын да аз болды. Ал стационарда науқас күнделікті 1-2 сағаттық емін алып кетеді. Елордада алғашқы күндізгі стационар Сейфуллин көшесі бойындағы қалалық №1 емханада ашылды. Екі кушетка қойылды, науқастар солай ем алды. Шамалы уақыттан кейін №2 емханада арнайы бөлмесі бар стационар ашылды. Жеке дәрігері де болды. Содан бастап әрі қарай дамып кетті. Бірақ науқастың күнделікті дәрісіне қаражат бөлу керек болды. Осы мәселе бойынша департамент экономисіне қайта-қайта кіріп, ақша бөлінуін сұрайтынмын. Сол кезде есімде, Оксана есімді бухгалтер «ой, ладно, қоймадыңыз» ғой деп, бір күнге әр науқасқа 200 теңге бөліп еді. Соның өзін табыс деп есептедік.

WhatsApp Image 2023-05-31 at 14.39.54 (1).jpeg

-Енді бой көтерген аурухана мен емханаларда құрал-жабдықтар жеткілікті болды ма?

-Мен жұмысқа келген жылдары көп жабдықтар жетіспейтін. Рентген апараттар аз болды. Жедел жәрдем көлігі 5-6 ғана болды. Бас терапевт қызметінде болғанда менің жаныма бір көмекші берді. Өйткені терапия бөлімі көп болатын. Қалада алғашқы кардиология орталығын да ашқан едік. Ол уақытша ғана жұмыс істеді, өйткені елордада республикалық Ұлттық медициналық орталықтар ашыла бастады. Ақырындап неврология, аллергия, пульмонология сияқты қат мамандарды емханаларға орналастырып, жеке бөлім ретінде қарастыра бастадық.  Елорда төрінен Ұлттық ғы­лыми медициналық орталық, Ұлттық медициналық хол­динг бой көтерді. Оның құрамына Республикалық диаг­ностикалық орталық, Ұлттық ғылыми «Ана мен бала» ден­саулық орталығы, Ұлттық нейрохирургия, балалар оңалту, онкология орта­лықтары кірді. Олар соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталды.

-Әңгіме барысында еліміздегі МӘМС жүйесінің іске асуына атсалыстым дедіңіз. Осы жүйені жасау кезінде қандай жұмыс атқардыңыз?

-Елімізде барлығы нарықтық жағдайға ауысқан шақта ақылы қызметтер пайда бола бастады. Кепілдендірілген қызметтерден бөлек басқа дәрігерлер қызметі ақылыға көшті. Медициналық сақтандыру біраз уақыт дайындалды. Зейнетке шыққан соң Денсаулық саласын дамыту орталығында жұмыс істедім. Сол кезде нормаларды белгілеп, ең бірінші сақтандырудың ережесі мен стандарттарын жасауға атсалыстым. Көбіне түсіндіру жұмыстарына қатыстым. Орталыққа түскен сұрақтарға екі тілде жауап беріп отырдым. Ай сайын жалақының білгілі бір пайызы сақтандыруға түскен соң, соған орай көбі тегін болуы керек. Негізі жекеменшік емханалар сақтандыру қорымен бірігіп, науқастың ем-домын тегін жасауы керек еді. Бірақ көп орталық бұл жүйемен жұмыс істемейді. Бәлкім, қордың талаптары олардың көңілдерінен шықпайтын шығар.

WhatsApp Image 2023-05-31 at 14.39.57.jpeg

- Мейрамгүл ханым, қазіргі жас дәрігерлерге көңіліңіз тола ма? Білікті терапевт қандай қасиеттерге ие болуы керек?

-Бүгінде медицинамыз дамып жатыр. Бірақ соған сай мамандарды дайындауда қатаң тәртіп керек деп ойлаймын. Мен Астанаға келгелі ұйымдастыру жұмыстарына ғана атсалыстым. Кейде оқу орындарында комиссия мүшесі боламыз. Сонда байқаймын, жастардың білімі нашарлау, кейде соларға қарап қарным ашады. Мыналар ертең адамдарды қалай емдейді деген ой келеді. Өзім ауруханаға сирек барамын, бірақ барған кезде көңілім толмайды. Медицина саласында оқу қиын, жұмысы да қиын ғой. Қала тұрғындарының саны артқан сайын медқызметкерлерге жүктеме түседі. Ал мамандар жетіспесе, басқа дәрігердің жүктемесі арта береді. Естуімше, жастар терапевт болып ұзақ жұмыс істемейді. Себебі адамдармен тіл табысу, мазалаған ауруын анықтау, одан кейін тиісті маманға жіберу қиын деп есептейді. Арамызда сауатты жастар да бар. Бірақ жалақысы аз деп айтатындар табылады. Мысалы, мен бас терапевт болғанда жалақым 56 мың теңге болған. Зейнетке 48 мың теңгемен шықтым. Негізі медицинада ақшасына қарай жұмыс істеуге болмайды деп есептеймін. Тек жауапкершілігі бар, адам ағзасын білетін әрі сезенетін адам ғана осы салада жұмыс істейді. Ал қазіргі жастар косметолог, узист сияқты жеңіл сала мамандықтарына барады. Науқасты түсінуге тырысатын терапевт қана мықты маман болады. Қазір бұрынғыдай емес, диагноз анықтайтын түрлі тәсілдер бар. Бұрын біз науқастың кеудесін тыңдағанда әрбір дыбыстың қалай шыққанына қарай пайым жасайтын едік...

-2020 жылы әлем бойынша коронавирус дерті тарап, медицина мамандарына салмақ түскен еді. Осы бір қиын кезең туралы ойыңыз қандай?

-Пандемия кезінде волонтер болып, дәрігерлерге көмектескім келді. Бірақ 60 жастан асқан адамдар ауру жұқтыру ықтималдығы жоғары адамдар санаты енді. Сол себепті ешқайда шыға алмадым. Өзімнің сіңлімнің қалай жұмыс істеп жүргенін көріп, олардың жағдайы қалай қиын екенін көрдім деуге болады. Астана қаласының дәрігерлері жақсы қызмет жасады. Көп білікті маман сол кезде қайтыс болды. Үй көрмей жұмыс істегендер де болды. Сол уақыттарда Есіл өзені жағасына серуендеуге шығып жүрдім. Бірде Атырау көпіріне дәрігерлердің суреті қойылғанын көріп, қатты риза болып қайттым. Адамдар осы кезеңде дәрігерлердің жұмысын түсінді деп ойлаймын.

-Қазір қазақстандықтар қатты бір ауруға шалдықса, шетелде емделуді жөн көреді. Біздің еліміздің медицинасы әлі алыс шетелде жасалатын оталарға дайын емес пе?

- Қазір заманға қарай тамақтану әдебі өзгерді деп айтуға болады. Соған қарай жастар арасында асқазан-ішек жолдары бойынша аурулар көбейді. Үлкен кісілерде диабет, буын аурулары артты. Бұрын өкпе аурулары көп болатын, қазір азайды. Ал шетелде емделуге келетін болсақ, бізде жағдай басқа елден кем емес. Қазақстанда медицина жақсы дамып кетті, түрлі керекті құралдар көбейді. Диагностика жасау ісі де жақсарды. Қоғамда «бізде емделмейді» деген түсінік қалыптасқан. Бұл үгіт-насихат жұмысының дұрыс жүргізілмей келе жатқанынан деп айтар едім. Елорданың өзінде кардиология, нервология бойынша көп ота жасалып жатыр. Бағасы бойынша да біздің елде арзанырақ. 

WhatsApp Image 2023-05-31 at 14.48.24.jpeg

-Мейрамгүл ханым, жалпы медицина саласында 41 жыл, елордада 20 жыл еңбек етіпсіз. Осы талай жылғы еңбек көрінісі ретінде алған марапаттарыңызға тоқталып өтсеңіз.

-Мен 2001 жылдан 2011 жылға дейін Астана қаласының бас терапевті болдым. Сол қызметте жүріп зейнетке шықтым. Осы салада жүргендіктен, әрине, марапаттарым  жеткілікті. Астанаға келгелі «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Астанаға 10 жыл», «Денсаулық саласына қосқан үлесі үшін», «Тәуелсіздікке 25 жыл» деп аталатын төсбелгілерім бар. Одан бөлек түрлі Құрмет және Алғыс хаттарым бар. Қазір зейнеттік демалыста болсам да, қоғамдық іс-шараларға қатысып тұрамын. Қалалық Ұзақ өмір сүру орталығына барамын. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ішінен «Күміс университет» деген ашылды. Сол жаққа да барып, тарих, француз тілі сабақтарынан өттім. Біз орыс тілінде оқыдық, сондықтан қазір тарих, этнография, қазақ тілі тақырыптары өте қызық. Бүгінде ана тілімді байыту үшін тіл курсына барып жүрмін.

-Әңгімеңізге рахмет! Ұзақ жасаңыз!

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар