00:00
Астана -10oC
USD:
451.38
EUR:
487.22
RUB:
5.14
Іздеу

Астана 25 жылда адам танымастай өзгерді – сәулетші Серік Рүстембеков

20.06.2023 | 11:00
121
Фото: Оңалхан Өнерхан

Биыл бас қаланың Арқа төсіне көшкеніне 25 жыл болады. Республика астанасын Ақмола жеріне ауыстыру жайында бастама алғаш рет 1994 жылы көтерілді. Ал 1998 жылы 10 маусымда Астананың елорда ретінде ресми таныстырылымы өтті. Әлем елдері үшін Астана Азия мен Еуропаны байланыстыратын тарихи орталық болып есептеледі. Жас та болса, елорданың бой көтеруіне көптеген азаматтың сіңірген еңбегі мол. Elorda.info тілшісі қаланың бас жоспарын құруға қатысқан азаматтардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рүстембековпен әңгімелескен еді.

2.jpg

Осыдан тура жиырма бес жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ел астанасы Алматыдан Сарыарқа төсіне көшкен еді. 

Бір топ әріптестеріммен бірге қаланың макеті бойынша ұсыныс пен сызбамызды 1995 жылы Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсеттік. 1996 жылы қаланың бас жоспарына халықаралық конкурс жарияланды. Оған біз де қатысып, бірінші орынды жеңіп алдық. Кейін «Ақорда» деген атаумен жеке компания аштық. Үкіметтің қаулысымен бас жобалаушы атағын алып, сол жылы жұмысқа кірістік. Ал Кисё Курокавамен жұмыс 2000 жылдары басталды, - деп еске түсірді сәулетші.

fec8fbff-5947-494d-9e42-fb38eecf898b.jpg

Серік Рүстембековтен белгілі жапониялық сәулетші Кисё Курокавамен бірге қаланың бас жоспарын құруға ұсыныс қайдан түскенін білген едік.

4.jpg

Кейін тағы бір халықаралық конкурс жарияланып, оны Кисё Курокава ұтып алды. Бірақ та оған қаражат бөлетін халықаралық жапон қоры бар. Сол қордың шарты бойынша «міндетті түрде жергілікті компания сол жұмысқа араласу қажет» деген ережесі бар. Содан оған 2 жапон және мен басқаратын жобалау компаниясы консорциум құрып, сол конкурсты ұтып алып, Кисё Курокавамен бірге жасадық, - деді Серік Исаұлы.

Ел астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – қазақстандық сәулетшілер үшін көкейде жүрген идеяларды жүзеге асыру үшін керемет мүмкіндік.

5.jpg

Сәулет өнерінде қала құрылысы бұл өте ерекше мамандық. Бұл – дұрыс болжау, дұрыс есеп шығару. Болжау деген не? Басты көрсеткіш – халықтың саны. Мәселен, 2030 жылға қарай 800 мың – 1 млн болады десек, онда халықты дұрыс орналастыру қажет. Оған қоса, инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету керек. Олардың барлығы арнайы әрі нақты есептеледі. Кейін салынатын құрылысты өз орнымен жер бетіне орналастыру жұмыстары басталады, - деді Серік Исаұлы. 

Сәулетшіден қаланы Есілдің сол жағалауына шығару кімнің идеясы болғанын сұрап білген едік. 

6.jpg

Бас жоспарды жасау бойынша ұжым үлкен болды. Әр жоба бойынша қызу талқылаулар жүргіздік. Ал қаланың бас жоспарында алғашқы эскизден бастап оның болашақ орталығын сол жағалауда болу керек деген пікірді ұстандық. Кейін бұл ойымызды Кисё Курокава да қолдады. Қаланың орталығы бойынша жапониялық сәулетші Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндаған уақытта мен қасында болдым. Ақордадан басталып, Хан шатырға дейін жалғасатын Нұрлы жол бульварының сызбасы жайлы баяндады, - деді сәулетші.

Сол уақытта Есілдің сол жағалауындағы басты ғимараттар туралы да сөз етілді.

8.jpg

Кисё Курокава баяндамасында Нұрлы жол бульварынан бөлек, Ақорда мен "Бәйтеректің" орындары жайында айтты. Тіпті сол бойынша алғашқы ұсыныс жапон сәулетшісінен болды. Елорданың символына айналған монументтің нақты орны мен биіктігі қанша метр болу керектігін де белгілеп берді. Ол елорда оңтүстіктен Сарыарқаға 1997 жылы көшкендіктен монументтің биіктігі 97 метр болсын деген ұсыныс білдірді. Ол жоспар мемлекеттік сараптамадан өтті. Кейін бірте-бірте жүзеге асырыла бастады, - деді Серік Рүстембеков.

Серік Исаұлының жобасымен 1998 жылы «Миллениум» паркі бой көтерді. Кейін қалада 718 пәтерлі «Самал» тұрғын үй кешені салынды. 

7.jpg

1998 жылдан бастап құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Қала күннен күнге жаңарып, жасарып келеді. 

9.jpg

Биыл ел ордасы Астанаға – 25 жыл. Аз уақыт ішінде шаһар адам танымастай өзгерді. Әлем елдері назары елордаға түсіп, әдемі астаналардың қатарына енді. Осылайша қала ірі бизнес орындарына айналды. 

10.jpg

Жыл сайын мұнда халықаралық деңгейде іс-шаралар өткізіліп тұрады. Оған қоса, елдің тұмса табиғатын тамашалауға, көрікті орындарын көруге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді. 

11.jpg

Елорданың бас жоспарын жасауға қатысу – тарихи жағдай. Құрылысқа өз үлесімді қосқаным үшін өзімді бақытты адам ретінде сезінемін. Осы аймақта дүниеге келдім. Ал 30 жылдай Алматыда тұрдым. Жоба жасау – үлкен жұмыс. Халықтың саны өскен сайын көптеген өндіріс орны ашыла бастайды. 25 жылда қала адам танымастай кейіпке енді. Бұл өзгерістер адам түсіне кірмейді. Расын айтқанда, осындай қалаға айналатынына кезінде өзіміз де сенген жоқпыз, - деп сөзін түйіндеді Серік Исаұлы. 

12.jpg

Астана халықаралық маңызы бар форумдар, конгресстер, іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Мұнда Астана экономикалық форум секілді халықаралық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

50d88f89-ecaf-419f-8888-4841a92648ca.jpg

Барлық жаңалықтар