00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

«Татуласқаннан не пайда?»: Дулат Исабеков Мұхтар Мағауинге жауап берді

09.01.2024 | 10:30
121
Коллаж/Елтай Нурғазин

Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы-драматург Дулат Исабеков Adal adam YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин туралы пікір білдірді. Ол әріптесін ағылшын тілінің ортасында жүріп түк бітіріп жатпағанын, тым болмаса өз шығармаларын насихаттау арқылы қазақ әдебиетін әлемге танытпай жүргенін айтты, деп жазды Elorda.info. 

Екі жазушы тату болса екен деген ой дұрыс. Екеуміз жазысқан хаттардан хабарларың бар шығар. Оның тірлігіне қарап, қалай ішке тартып, бауырыңа басасың. «Жұлдыз» журналын 19 жыл басқарып, «Менмен» ғана кетті. Өзін мақтайтын мақала ғана жазды. Әдебиетте Мұхтар Әуезовке тиісе алмады, бірақ «содан кейінгісі – менмін» деді. Осы сөзін Семейдегі жиында айтқан болатын. Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығын мейрамханада атап өткен едік. Уақыт аз, асығыс ұшуымыз керек. Шота-Аман Уәлиханов «мен бірауыз сөз айтамын» деді. Микрофонға жақындап, «Әрбір 50 жылда Семей топырағы бір-бір Мұхтарды беріп тұрсын» деді. Оны естіп тұрған Мұхтар Мағауин сахнаға жүгірді. «Шота не деп кетті, 50 жыл неге күтесің, тұрмын ғой мына мен» деп ренжіп қалды. Мықты жазушы осылай деп айта ала ма?!. Әуезовтің өзі олай айтпас еді. Жазушыға тән байсалдылық жоқ, – деді драматург. 

Сондай-ақ Дулат Исабеков әріптесін «жым-жырт жатыр, романдарын жаза берсін, алайда еңбектерін ағылшын тіліне аударып, қазақ әдебиетін әлемге танытпай ма» деп айыптай сөйледі.

Оқи отырыңыз: «Дулат Исабеков №1 драматург пе?»

Мұхтар Мағауин шетелге «диссидент болып кетті» деген әңгіме тарады. Маған да журналистер «Ол шетелге диссидент болып кетті ғой» деп пікірімді сұрады. Оны кім шығарып жүргенін білмеймін. Ол диссидент емес. Баласы Чехияда тұрады, соның қолына тұруға кетті. Одан кейін Америка асты. Жағдайын жасады. Ағылшын тілінің ортасында жүріп, түк бітіріп жатқан жоқ. Тым болмаса өз шығармаларын насихаттау арқылы қазақ әдебиетін әлемге танытса болады ғой. Жатыр жым-жырт. «Алтын Орда», «Шыңғыс хан» романдарын жаза берсін. Оған дауым жоқ. Сол еңбектерін ағылшын тіліне аударып, қазақ әдебиетін әлемге танытпай ма?!. Кезінде Әнуар Әлімжанов екі ай бойы Америкаға барып, әл-Фараби жайында лекция оқып келген. Мағауин өзін ғалыммын деп есептейді. Онда неге университеттерде қазақ әдебиеті туралы дәріс оқымайды?! Сол сөзімді біраз жұрт қолдады. Екеуміз татуластық дейік, одан не пайда?!. Соңғы жазғанына тас-талқанын шығарып жауап бергенмін. Кейін жауап та жазбайтын болды, – дейді жазушы-драматург. 

Еске сала кетсек, күні кеше Мұхтар Мағауин Halyq Uni сайтына сұхбат беріп, әлеуметтік желі оқырмандарын бір дүрліктіріп алған болатын.

О. СӘНДІБЕК

Барлық жаңалықтар