00:00
Астана -10oC
USD:
450.79
EUR:
482.21
RUB:
5.05
Іздеу

Менің өскен ортам қазақ тіліне деген құрметімді арттырды – Алексей Гузиков

Менің өскен ортам қазақ тіліне деген құрметімді арттырды - Алексей Гузиков
Фото: дереккөз

Алексей Гузиков – еліміздегі көп жастардың бірі. Бірақ оны өзгелерден ерекшелеп тұратын бір қасиеті – қазақ тілін жетік білуі. Әлбетте еліміздің әрбір азаматының мемлекеттік тілді білу қажеттігін ескерсек, бұл таңғаларлық дүние емес. Дегенмен қазақ тілін өз ана тіліндей қадірлеп, күнделікті өмірде қарым-қатынас құралы ретінде пайдалана білген жандарға құрметің артатыны сөзсіз. 

Elorda.info сайты тілшісімен сұхбаттасқанда Алексей қазақ тілін үйреніп кетуіне өмірлік жағдайлардың себеп болғанын айтты. Дайындық сыныбына барып жүрген кезде қазақша әріпті айта алмай, соған намыстанып, «Қалайда қазақша жақсы сөйлейтін боламын!» деп өз-өзіне уәде беріпті. Ақыры 9 жасында қазақ мектебін таңдаған. Бүгінде Алексей қазақша еркін сөйлеп, сауатты жаза алады.

Тағдыр кішкентай Алексейдің маңдайынан сипай қоймаған, ол жастайынан ата-анасынан айырылып, жетімдіктің кермек дәмін татқан. Әке-шешесі дүние салған соң, үлкен әпкесінің оны бағып-қағуға жағдайы болмай, 9 жасынан 23 жасына дейін Үкіметтің қарауында болған. Батыс Қазақстан облысында туып-өскен кейіпкеріміздің сөзінен өзі тәрбиеленген ортасына деген ризашылық лебі есіп тұрды. 

Қазақ еліне, тіліне деген құрметімді арттырған облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылын жылылықпен еске аламыз. Ана-тәрбиешілеріміз Балкенже Исәлиева, Полина Сүйінәлиевалардың қамқорлығын көп көрдік. Сол кезде осы нысанның бастығы болған Сақын Спашев марқұм әкеміздей болды. Бар мейірімін балаларга сыйлаган ұжымда балалық шағымыз уайым-қайғысыз өтті. Сондай-ақ өз әпкеме де еш өкпем жоқ, оны жақсы көремін және дән ризамын, – дейді ол.

1995 жылы дүние есігін ашқан Алексей 9 жасынан бастап қазақ тілінде білім беретін №30 мектепке барыпты. Орта білім алған соң Астана қаласындағы Кәсіптік-техникалық колледжге түсіп, көлік қарау және жөндеу қызметін атқару мамандығын игерген. Дегенмен қазіргі таңда бармен болып жұмыс істейді. Бұған қосымша nail шебері кәсібін де қоса атқарып жүрген жайы бар. Өйткені ер адамдар да тазалық пен эстетиканы ұмытпауы тиіс деп есептейді.

Алексей күнделікті өмірде де, жұмыс барысында да қазақ тілін жетік білетіні  өзіне көмектесетінін айтты. Әрі достарының көбі бір-бірімен мемлекеттік тілде сөйлеседі екен. 

Қазақ тілін үйренуге тілдік орта, отбасындағы өнеге, одан қалса адамның өзінің ынтасы әсер ететіні анық. Тілді үйренуде қиын я оңай деген ұғым жоқ деп есептеймін. Бәрі де, түптеп келгенде, адамның қызығушылығы және қажеттігімен байланысып жатады. Қазақ тілін өміріне қажет деп тапқан жан алдына мақсат қойса, алынбайтын қамал жоқ. Ендеше шын ниеттенген адамға тіл үйренудің аса қиындығы болмайды, - дейді Алексей. 

Оның пайымдауынша, өзі барған еліміздегі қалаларда, мәселен, Ақтөбе мен Орал, сондай-ақ Алматы тұрғындарының басым бөлігі қазақша сөйлесе, Щучинск, Петропавл, Екібастұз қалаларында орыстілділер басым.

Бұл тарапта «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген ұстанымдағы Алексей Гузиков жастарды Аллаға сеніммен, туған жерге, ата-анаға деген құрметпен өмір сүруге шақырды. Сонда қазақ тіліне деген құрмет те еселене бермек.

Барлық жаңалықтар