00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

«Менің Фаризам» кітабы оқырманға жол тартты

17.04.2024 | 16:36
Сабина Кәкімжан
76
«Менің Фаризам» кітабы оқырманға жол тартты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін Астанада ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» атты естелік кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Қазақ әдебиетіне өзіндік үн қосқан қос ару Фариза Оңғарсынова мен Ақұштап Бақтыгерееваның  достығы көпшілікке мәлім. Ақұштап ақын бұл кітабында  қазақ әйелдері арасынан шыққан бірегей қаламгер, халықтың ерекше ықыласына бөленген танымал тұлға Фариза Оңғарсынованың өмір жолы туралы сыр шертті.

Замандасым Фариза екеуімізге қазақ қызының да өлең жаза алатынын дәледеуге тура келді. Біз оны дәлелдедік те. Әсіресе, Фариза. Себебі ол бүкіл қыз ғұмырын, көктемін, өмірін өлеңге арнады. Міне, кітапта осы дүниелер қамтылды. Сондай-ақ студенттік кезден бірге өткізген шағымыз, бірге талқылаған ойларымыз айтылады. Өздеріңізге мәлім, Фариза қоғам қайраткерлігі жолына мен отбасы асырау, қазан-аяқты бұзбау, бесікті жылатпау жағына бет бұрдым. Осылайша біз қазақ қыздарының екі бағытын дәлелдеуге шықтық, - деді кітап авторы.

Сонымен қатар ол  алдағы уақытта ақиын ақын жайлы кино түсіріліп жатса, оған қажет мағлұматтты осы кітаптан табуға болатынын айтты.

Бұл еңбегім Фаризаның 85 жылдығына, менің 80 жылдығыма орайластырылған. Күнделікті күйбең-тіршілікте жүріп, арасында уақыт тауып, кітапты жазып шықтым. Мұндағы мақсатым – әдемі естелік қалдыру. Бұл оқырманға жол тартты. Енді кітапсүйер қауым керегін алар, сын-пікірін айтар деген үміттемін, - деді қаламгер.

Автор кітаптың атауын неге бұлай таңдағандығы туралы да айта кетті. 

«Менің Фаризам» деп атау қоюға бірнеше себеп бар. Біріншіден, біз университетте оқып жүргеннен хат жазыстық. Сол уақытта ол Атырауда, мен Алматыда болдым. Кейін Фариза оңтүстік астанаға көшіп келді. Біз ол жақта да  ажырамадық. Әрдайым бірге жүрдік. Тіпті екеуіміз «Өлеңді қалай толғатады?», «Поэзияны қалай жазады»,  «Өлең шумақтарын жазатын ақынның жүрегі қалай жылайды?», «Әйел жаны қандай?» секілді сұрақтарға бірге жауап іздейтінбіз. Біз бір-бірімізді ішкі түйсікпен түсінетінбіз. Біздің жақындығымыз өте ерекше еді, - деп еске түсірді кітап авторы.

Іс-шараға ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Ақұштап пен  Фариза апаның өлеңдерін студенттік шақтан жаттап өстік. Мәселен, Оңғарсынованың мінезін көпшілік жақсы біледі. Сол жайында кітапта да жазылған. Фариза апай Ақұштап апайға «не қалам ұста не қазан ұста»,- деп талап қойғаны да бар, - деп ойымен бөлісті ақын Оңайгүл Тұржан.

 Ақұштап Бақтыгереева осы еңбегінде Фариза  Оңғарсынованы еш талассыз қыздардан шыққан ұлы ақын, оның ішкі қуаты, ой-қабілеті мықты деп бағалаған.

 Ақиық ақын тек қалам ұстап кетті деуге болмайды. Өйткені ол ертерек  қайтыс болған ағасының 10 баласын асырап алған. Осылайша оған қазан мен қаламды қатар алып жүруге тура келді. Бұл жайында кітапта толығырақ жазылған. Ол табиғатынан жасаңдылықтан аулақ, оның бойында біреуге өтірік айту, жағымпаздану қасиеттері  мүлдем болмаған, - дейді автор.

Аталмыш  естелік-эссе көпшілік оқырманды жалықтырмайтын тартымды тілмен жазылған.

Іс-шара соңында Қазақстан Жазушылар Одағы, Астана филиалының басшысы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы  «Фолиант» баспасы мен жиналған қауымның атынан  Ақұштап Бақтыгерееваның иығына шапан жапты

Барлық жаңалықтар