00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

АЭС құрылысы еліміздің дамуына қалай әсер етеді

31.03.2023 | 22:53
Елорда ақпарат
33

Егер елімізде Атом электр станциясы салынса, ол еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалын тигізеді. Бұл туралы «Атом электр станцияларының мүмкіндіктері» тақырыбында өткен жиын барысында «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-ның Атом энергетикасы бөлімінің басшысы Әсет Махамбетов айтты, деп хабарлады Elorda.info inform.kz-ке сілтеме жасап.

АЭС салу арқылы еліміздің ғылыми-техникалық процессінің дамуы, жоғары білікті кадрлардың көбеюі, АЭС құрылысы кезінде 8 000 жаңа жұмыс орнының ашылуы, 2 000 адамға дейін сапалы кадрларды даярлау, еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру, жергілікті өнеркәсіпті дамыту, халықты 60 жылдан астам уақыт бойы энергиямен қамту, парниктік газдар шығарындыларын жылына 10 млн тоннаға дейін азайту секілді еліміздің әлеуметтік -экономикалық дамуына оң ықпал ететін болады, - деді Әсет Махамбетов.


Оның айтуынша, 2018-2022 жылдар аралығында АЭС салу жобасы бойынша елімізде бірқатар жұмыстар жүргізілген.


2018 жылы техникалық-экономикалық негіздеменің маркетингтік бөлімі даярланды. Тәуелсіз халықаралық сараптама жүргізілді. 2019-2021 жылдар аралығында жетекші сатушылардың міндетті емес, техникалық-коммерциялық ұсыныстары алынды. Сондай-ақ «шорт-парақ» құрастырылды. Оған Қытайдың CNNC, Оңтүстік Кореяның KHNP, Ресейдің «Росатом», Францияның EDF атомдық компаниялары мен корпорациялары енді. 2022 жылы мамыр айында ҚР атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Алматы облысы, Үлкен ауылының маңы АЭС салатын орын ретінде таңдалып, АЭС қуатын 2800 МВт деңгейінде анықтау ұсынылды. Сондай-ақ 2022 жылдың қараша айында Алматы облысы мәслихатының депутаттары АЭС құрылысын мақұлдау мәселесін қарастыра отырып, Жамбыл ауданы Үлкен ауылының тұрғындарының қатысуымен тыңдаулар өткізуді ұсынды, - деді Әсет Махамбетов.


Ол елімізде базалық қуаттың тапшылығын жабу үшін қуаттылығы 1200-1400 МВт-қа дейінгі кемінде екі блогы бар АЭС салу қажет екенін айтты.


Сондықтан Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Ресейден, АҚШ-тан және Франциядан 6 вендордан техникалық-коммерциялық ұсыныстар алынды. Ядролық-энергетикалық технологияларды салыстырмалы талдау және бағалау үшін «Assystem» француз компаниясымен бірлесіп АЭХА құжаттарының ұсынымдары негізінде критерийлер жүйесі әзірленді. Жалпы, шетелдік атомдық технологиялар вендорлары (III және III+ буынды) ұсынған заманауи реакторлардың 13 жобасы зерделенді»,- деді спикер.
Әсет Махамбетов сондай-ақ АЭС-ке қажетті кадрлар жөнінде өз ойын айтты.


Орташа алғанда екі блоктан тұратын жоғары қуатты АЭС-ке 2000 адам жұмысшы қажет. Оның ішінде өндірістік персоналға – 1300 адам қажет. Ядролық мамандықтар бойынша білімі бар жұмысшылар АЭС-тың өнеркәсіптік-өндірістік персоналының 20%-ын құрайтын болады, - деді ол.

Барлық жаңалықтар