00:00
Астана -10oC
USD:
443.72
EUR:
482.28
RUB:
4.9
Іздеу

Қаңтарға байланысты тергеу толық аяқталғанда, тұтас картина пайда болады – Айдос Сарым

31.03.2023 | 21:44
Аяулым Алтынбек
60

Парламент Мәжілісінің депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым Қаңтар оқиғасына қатысты өзінің ой-пікірін бөлісті, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.

Қаңтар трагедиясы елдегі реформаларға қарсы бағытталған қадам болды. Өздерінің монополиялары мен мүмкіндіктерінен айрылғысы келмеген реваншистік топтардың қаруланып, кәсіби түрде алдын ала дайындалғаны белгілі болды. Түпкілікті тергеу нәтижелері алдағы уақытта анықталады. Осылардың барлығының нақты шешімдері, үкімдері шыққанша мәселенің мәнісі ашыла түседі. Тексеруші органдардың басшыларын тағы да Мәжіліске шақырып, олардың қатысуымен нақты істер бойынша тыңдаулар өткізілгеннен кейін, менің ойымша, толыққанды картина пайда болады.

Осы Қаңтар оқиғасы кезіндегі қаза тапқандардың ішінде нақты қылмыскерлердің аты белгілі болуы керек. Оларды жазықсыз көз жұмғандар ішінен бөліп алған жөн деген ойдамын. Олардың барлығы бейбіт тұрғын деген өтірік әңгіме. Сол үшін әрқайсысы қашан, қандай жағдайда көз жұмғанын анықтау қажет. Олардың ішінде қолына қару алып, полицияға шабуыл жасап қайтыс болғандар бар. Оларды қалайша жазықсыз көз жұмды дейміз, - дейді Айдос Сарым.

Саясаттанушының пікірінше, билікке шабуылдың өзі экстремизмнің айқын көрінісі деп бағалануы тиіс.

Төтенше жағдай жарияланған кезде көшеде жүру, коменданттық сағатты елемеу, қару, арматура тарату, жастарға арнайы ішімдіктер ішкізіп, мүліктерді тонау, өртеу, қарақшылық әрекеттерін ұйымдастыру сияқты әрекеттер экстремизм деп бағалануы керек.

Қазірдің өзінде 4 мыңнан астам қару табылды делінген ақпарат алдық. Оның мыңға жуығы Қаңтар оқиғасы кезінде полициядан, басқалардан ұрланған қару. Сол 4 мың қару туралы нақты ақпарат жоқ. Кімнен, қашан алынғаны туралы ештеңе айтылмады. Осыларға байланысты шындық қашан ашылатыны елді ойландырып отыр. Бұлардың барлығын зерттеу оңай шаруа емес. Қылмыстық істерді зерттеудің, зерделеудің біраз уақытты алатыны анық. Осы жылдың ішінде қылмыстық істерді тергеуді аяқтасақ, соның өзі үлкен нәтиже болар еді, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Ол, сондай-ақ, Қаңтар дүрбелеңінен шығуда, елдігімізді сақтап қалуда Мемлекет басшысының рөлі зор екенін айтты.

Қаңтар оқиғасында мемлекетті сақтап қалуға әсер еткен екі фактор бар: бірі – қазақ халқының парасаты мен бірлікке деген ұмтылысы, екіншісі – Президенттің дер кезінде қабылдаған саяси, стратегиялық тарихи шешімдері. Президенттің дер кезінде қоғамның алдына шығып: «Мен қалай болғанда да ел ішінде, халқымның ортасында қаламын, Ақордада боламын, Мемлекет құламайды» деген жігерлі сөздері жағдайдың тұрақталуына тікелей әсер етті. Президентіміз тарихтың қалай болғанын түсінетін азамат ретінде өзінің миссиясын, тарихи рөлін сындарлы шешімдер қабылдау арқылы көрсетті. Қауіпсіздік кеңесін тез арада өз құзіретіне алды. Осының арқасында күштік құрылымдарды, еліміздегі жағдаяттардың барлығын өз бақылауына алып, елімізді сақтап қалды. Мемлекет басшысы сол күндері табандылық танытпағанда, біз бүгінгідей бейбіт заманда отырмас па едік?! Адам шығыны бізге берілген тізімнен де асып түсер еді, - дейді Айдос Сарым.   

Мәжіліс депутаты атап өткендей, тергеу нәтижелерінің ашық өтуі халықтың билікке деген сенімін оятты. Ол Қаңтар оқиғасы бойынша арнайы тыңдалымдар алдағы уақытта да өтетінін айтты.

Кез келген ірі оқиғаның картинасын толық қалыптастыру оңай емес. 1917 жылғы революцияның толық картинасы әлі күнге дейін жоқ. Желтоқсан оқиғасы туралы да беймәлім тұстар көп. Тергеу амалдары объективті жүргізіліп болғаннан кейін қандай картина қалыптасатынын білетін боламыз. Басты мәселе – фактілерді анық ашып айту. Сол бойынша қозғалып әрекет ету керек. Тергеу нәтижелерінің ашық өтуі халықтың билікке деген сенімін оятады. Мұндай тыңдалымдар әлі де өткізілуі қажет. Қаңтардағы шешімдерді Президент жеке-дара қабылдады. Біз қоғам болып Қаңтардың ащы шындығы мен ақиқатын түсінген жоқпыз. Ол уақыт еншісінде, - деп сөзін түйіндеді Айдос Сарым.

Аяулым Серікқызы

Барлық жаңалықтар