00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Ташкентте дуаланған қазақ боксшысы

04.05.2023 | 16:30
43
Фото: Қазақстан бокс федерациясының сайтынан

1995 жылы қазақ боксшылары Ташкентте өткен Азия чемпионатын өте табысты аяқтады, деп хабарлады Elorda.info

12 салмақта сынға түскен жерлестеріміз 6 алтынды еншіледі: 

51 келі. Болат Жұмаділов 

54 келі. Бектас Әбубәкіров 

57 келі. Бақтияр Тілегенов

63,5 келі. Болат Ниязымбетов 

71 келі. Ермахан Ибраимов

81 келі. Василий Жиров 

Ал 67 келіде финалға шыққан Нұржан Сманов жергілікті өзбек боксшысы Нариман Атаевпен кездесіп, 14:7 есебімен жеңіліп қалды. 

Ширек финалда Қытай боксшысын айқын басымдықпен жеңдім. Жартылай финалда Түркіменстан спортшысын 14:3 есебімен жеңдім. Финалда жергілікті боксшы Нариман Атаевпен кездесуім керек болды. Бұған дейін оны 1989 жылы КСРО чемпионатында және 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарында 17:15 есебімен басым түскен едім. Сосын 1995 жылы Ташкентте өткен Орталық Азия ойындарында қарсыласыма ешқандай мүмкіндік бермей, жеңдім. Осы жолы да оны жеңетініме сенімді болдым. Бірақ мен рингке қалай шыққаным, жұдырықтасқаным есімде жоқ. Жекпе-жек біткен соң, жаттығу бөлмесінде бетімді жуған сәтте ғана есімді жидым. Жанымда жүрген Болат Жұмаділовтен «Мен бокстастым ба, кім жеңді?» деп, сұрадым. Ол менің жақсы жұдырықтасқанымды (1-раундта нокдаун алған), алайда жеңісті өзбекке бергенін айтты. Кейін жекпе-жектің видеосын көргенде өзімді мүлдем танымай қалдым. Таныстарым паранджа киген кемпірдің күбірлеп жүргенін байқапты. Нариман Атаев жеңіске жеткен соң, оған рақмет айтып, қолын сүйді. Одан кейінгі жарыстарда да менің жолым болмай, 1999 жылы спорттық мансабымды аяқтадым, - дейді боксшы. 

Осы орайда Қазақстанның тәуелсіз жылдарында еліміздің ең үздік боксшысы саналған, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Нұржан Смановтан сұхбат алудың реті түсті.

– Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасына қалай кірдіңіз?  

– Мен Қазақстан тәуелсіздік алғанына дейін КСРО құрамасында жаттығып, көптеген халықаралық жарыстарға қатыстым. 1988 жылы жасөспірімдер арасында Пуэрто-Рикода өткен әлем чемпионатында қола жүлде алсам, 1990 жылы Перуде Куба боксшысынан жеңіліп, күміске ие болдым. 

Түрлі шетелдік жарыстарға барғанымен, Қазақстандағы турнирлерге қатыспаппын. 1991 жылы Алматыда өткен халықаралық турнирге келіп, 67 келіде топ жардым. Финалда Ермахан Ибраимовпен шығып, 2-раундта нокдаунға түсірдім. Осылайша, өз салмағымда мықты екенімді дәлелдеп, 19 жаста ұлттық құрамаға кірдім. 

– 1993 жылы Қазақстан дербес ел ретінде алғашқы әлем чемпионатына қатысты. Осы жайлы тоқталсаңыз.   

– 1993 жылы әлем чемпионатына 1 ай қалғанда Пәкістанда өткен халықаралық турнирге қатыстық. Сол сәтте бірнеше боксшымыз сары аурумен ауырып, менің ішім өтті. Салдарынан Финляндияда өткен әлем чемпионатына толыққанды дайын болмадық. Алғашқы жекпе-жегімде Норвегия боксшысын жеңгенімен, аурудың салдары сыр беріп, ары қарай жұдырықтасу қиынға соқты. 3 боксшы (Нұрлан Калибаев, Николай Кулпин) ширек финалда сүрінсек, 75 келідегі Василий Жиров қола жүлде алды. 

– Сіз 4 бірдей әлем чемпионатына қатысқан ұлттық құрамадағы санаулы ғана боксшының бірісіз. Сіздің салмағыңызда ел ішінде өзге кандидаттар болмады ма?   

– Менің салмағымда кіл мықты боксшылар жиналған еді. Олар: Ермахан Ибраимов, Аркадий Топаев, Игорь Ибрагимов, ағайынды Бердібековтер. Бұл салмақта №1 боксшы екенімді дәлелдеген соң, Ермахан Ибраимов 71 келіге, Аркадий Топаев 75 келіге ауысты. Одан бөлек, мен тұрақты түрде жаттығумен айналыстым. Қазір атақты Василий Ломаченконың теңдессіз боксшы ретінде қалыптасуына әкесі көмектесті дейді ғой. Мен өз-өзімді қамшылап, тынымсыз еңбектің арқасында мықты спортшыға айналдым.

– 4 бірдей әлем чемпионатына барсаңыз да, 1 рет қана Олимпиадада өнер көрсетіпсіз?  

– Мен 1992 жылы Барселонада өткен жазғы Олимпиада ойындарына баруға тиіс едім. Алайда 1-2 айдай қатты ауырып, лицензиялық турнирлерден тыс қалдым. 1999 жылы Сидней Олимпиадасына салмағымды бұрынғыдай 67 келіге қуу ауыр тигендіктен, бара алмадым. 

– Сіздің әлем чемпионаты, Олимпиададағы көрсеткіштеріңізге қарасам, 3 мәрте Куба боксшысынан жеңіліпсіз?   

– 90 жылдардағы Кубаның жетістіктеріне көз жүгіртсеңіз, таңғаласыз. 1993 жылы Финляндиядағы әлем чемпионатында 12 салмақтың 11-інде Куба боксшылары финалға шығып, 8 алтын алды. Дәл сол кездегі Куба боксшыларын жеңу қиынның-қиыны еді. 

1998, 1999 жылы Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Тұрсынғали Еділов Куба боксшыларын алғаш рет Алматыға шақыра алды. Сол сәтте есемді жіберіп жүрген Хуан Эрнандез Сьеррамен 5 мәрте спарринг өткіздім. Бұған дейінгі жеңілістерімінің басты себебі — көп салмақ қууымда екенін түсіндім. Куба боксшысы бірнеше рет ірі жарыста жолымды кессе де, спаррингте жеңе алатындығымды сездім. 1999 жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатында Кубамен жартылай финалда шығуым керек еді. Бірақ төрешілердің әділетсіздігінен ширек финалда Италия боксшына жол бердім. 

Одан кейін 67 келіде салмақ қуу әлсірететінін, ал 71 келіде Ермахан Ибраимовтың жолын байламайын деп, спорттық мансабымды аяқтадым. 

– Спорттық мансабыңызды аяқтаған соң, қайда бет бұрдыңыз?  

– Бокстан қол үзген соң, Қазақстан ұлттық құрамасының алғашқы бапкері Әбдісалан Нұрмаханов пен Туризм және спорт агенттігінің басшысы Дәулет Тұрлыханов ұлттық құрамаға бас бапкер болуға шақырды. Мен бокстан шаршағанымды айтып, біраз үзіліс алатынымды айттым. Нәтижесінде 2001 жылы құрдасым, 31 жастағы Ермахан Ибраимов ұлттық құраманы 3 жылдан астам уақыт тізгіндеді. 

– Қазір бокстан қол үзбеген шығарсыз?   

– Қазір Шымкент қаласында бапкер ретінде балаларды жаттықтырамын. Елімізде дамып келе жатқан муай-тай спортына да қолдау көрсетіп келемін. 

– Сіздердің кезіңіздегі мен қазіргі уақыттағы бокстың айырмашылығы бар ма?  

– 90-шы жылдары бокста сәл де болса әділдік болған. Қазір бокс – бизнестің бір көзі ретінде есептелгендіктен, мықтының жеңгені қатты керек емес. 

– Өзбекстан жеріндегі әлем чемпионатын тамашалап жатқан боларсыз. Боксшыларымызға қандай баға бересіз?  

– Мырзағали Айтжанов – мықты бапкер. Сәйкесінше, ұлттық құрама да әлем чемпионатына кіл мықты боксшыларды апарды. Осы құрамның 3-4 алтын алатындай қауқары бар. Бірақ жарыстың Ташкентте өтіп жатқанын да естен шығармайық!

Нұржан Смановтың әлем чемпионатындағы көрсеткіштері: 

1993 жыл. Тампере. 

67 келі. 1/16 финал. 

Нұржан Сманов – Торе Вествик (Норвегия) 2-раундта техникалық нокаутпен жеңді

67 келі. 1/8 финал. 

Нұржан Сманов – Кай Каурамаеки (Финляндия) 16:15

67 келі. 1/4 финал. 

Нұржан Сманов – Хуан Эрнандез Сьерра (Куба) 4:23

1995 жыл. Берлин. 

67 келі. 1/16 финал.

Нұржан Сманов – Бобби Льюис (АҚШ) 3-раундта техникалық нокаут

67 келі. 1/8 финал. 

Нұржан Сманов – Эркумент Аслан (Түркия) 3-раундта техникалық нокаутпен жеңілді. 

1997 жыл. Будапешт. 

67 келі. 1/16 финал. 

Нұржан Сманов – Хуан Эрнандез Сьерра (Куба) 3:9

1999 жыл. Хьюстон. 

67 келі. 1/16 финал. 

Нұржан Сманов – Нейл Гоуг (Ирландия) 13:8

67 келі. 1/8 финал. 

Нұржан Сманов – Хо Жо Ба (Оңтүстік Корея) 5:0

67 келі. 1/4 финал. 

Нұржан Сманов – Леонард Бунду (Италия) 1:5

d64e339e-3f74-446e-9eb3-ae8a6b27efe1.jpg

1996 жылы өткен Атланта Олимпиадасындағы көрсеткіші: 

67 келі. 1/16 финал. 

Нұржан Сманов – Линдон Хоскинг (Аустралия) 2-раундта техникалық нокаут

67 келі. 1/8 финал. 

Нұржан Сманов – Абдул Рашид Балоч (Пәкістан) 13:9

67 келі. 1/4 финал. 

Нұржан Сманов – Хуан Эрнандез Сьерра (Куба) 8:16

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар