00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Әсем Орынбай нысана көздеуден әлем кубогінде топ жарды

24.11.2023 | 03:30
48
Фото: дереккөз

Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан нысана көздеуден әлем кубогінде отандасымыз Әсем Орынбай алтыннан алқа тақты, деп хабарлады Elorda.info.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, ұлттық құрама спортшысы стенд атудың скит бағдарламасының финалында 51 ұпай жинап, тұғырдың ең биік сатысына көтерілген. Күміс жүлдені 50 ұпай алған италиялық мерген Кьяра Ди Марциантонио иеленсе, қола медаль Дания Джо Вицциге (АҚШ) бұйырды. Тағы бір айта кетерлігі, дәл осы бағдарламада бақ сынаған 3 дүркін Олимпиада чемпионы Кимберли Роуд (АҚШ) жүлдеге бір табан жетпей тоқтады.

Әсем Орынбайды әлем кубогі жарысындағы жеңісімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл Әсем үшін өте табысты маусым болды. Мәселен, ол Қытайдағы Азия ойындарында екі алтын, бір қола медаль жеңіп алса, міне арада көп уақыт өтпей әлем кубогінде қарсылас шақ келтірмеді. Бұл – тамаша көрсеткіш. Отандасымыз алдағы байрақты бәсекелерде де жанкүйерлерін қуантып, үздіктер қатарынан көрінетініне сенімдімін. Нысана көздеудегі бұл жеңіс осы спорт түрімен айналысатын жастарды биік белестерді бағындыруға ынталандырады, - деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Айта кетейік, Халықаралық нысана көздеу федерациясы (ISSF) мұндай финалды араға 4 жыл салып ұйымдастырып отыр. Бәсекеде 42 елден келген 179 үздік мерген бақ сынап жатыр. Қазақ мергені қазір ISSF рейтингінде 7-орында тұр.

Барлық жаңалықтар