00:00
Астана -10oC
USD:
441.44
EUR:
473.09
RUB:
4.75
Іздеу

Париж Олимпиадасының іріктеу турниріне қатысатын боксшылар анықталды

10.04.2024 | 18:49
49
бокс
Сурет авторы: Нұрғали Жұмағазы

Астанада бокстан спаррингтік турнир аяқталды, деп хабарлады Elorda.info.

Бокстан 8-10 сәуір күндері аралығында Астана қаласында ерлерде 63,5 келі, әйелдерде 50, 54, 66, 75 келі салмақ бойынша спарринг кездесулерінің жеңімпаздары анықталды.

63,5 келі

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы – Дулат Бекбауов 5:0

Бусто-Арсициодағы әлемдік іріктеу турнирінен кейін, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы бұл салмақта фавориттердің қатарына кірмеген еді. Дегенмен, жеребе бойынша 3 айқас өткізіп, Қазақстан чемпионы Ертуған Зейнуллинов, кәсіпқой бокстан келген Жандос Қыдырәлиевті, финалда 67 келіден төмендеген әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауовты жеңіп кетті.

50 келі

Назым Қызайбай – Алуа Балқыбекова 5:0

Ең жеңіл салмақта өзге қарсыластар болмады. Қос боксшы да бір мәртеден іріктеу турниріне қатысып, соңғы сәтте қарсыластарына жол берген еді. Алайда Алуа Балқыбекова әлем чемпионаттарында 48 келіде өнер көрсетіп, 2 рет жүлдегерлердің қатарына енген болатын. Осы жолы 50 келідегі көшбасшы Назым Қызайбай өзінің мықтылығын дәлелдей білді.

54 келі

Ұлжан Сәрсенбек – Сымбат Әлиасқар 5:0

Бұған дейін 57 келіде жастар арасында Азия чемпионаты мен әлем чемпионатын жеңген Ұлжан Сәрсенбек 3 келіге төмендеп, іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанды. Ол жарыс жолында жастар арасында әлем чемпионы Элина Базарова мен 3 мәрте әлем чемпионатының жүлдегері Жайна Шекербековадан айласын асырып кетті.

66 келі

Наталья Богданова – Жасмин Қизатова 5:0

Жасмин Қизатова өткен жылы 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында 70 келіде жұдырықтасып, топ жарған болатын. Алайда осы жолы олимпиадалық салмаққа түсіп, көшбасшы саналатын Наталья Богдановаға шамасы жетпеді.

75 келі

Валентина Хальзова – Гүлсая Ержанқызы 5:0

Бұл салмақтағы финалдық сында әлем чемпионы Валентина Хальзова 22 жасқа дейінгі Азия чемпионы Гүлсая Ержанға еш мүмкіндік қалдырмады. Бұған дейін Валентина Хальзова 2023 жылы Ханчжоудағы Азия ойындары мен 2024 жылы Бусто-Арсицио қаласындағы әлемдік іріктеуге қатысып, лицензияға бір қадам қалғанда сүрінген еді.

Енді аталмыш боксшылар мамыр айында Таиландтағы соңғы жолдама үлестірілетін әлемдік іріктеу додасында бақ сынайды.

 

                                                                                                                                                                                                   Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар