00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Николай Шаршуков: Мақсатымыз – келесі әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалу

14.10.2023 | 02:30
36
фото: ашық дереккөз

Астана қаласында алғаш рет пара хоккейден әлем чемпионатының ойындары өтті. Жарыс қорытындысы бойынша  Қазақстан ұлттық құрамасы В дивизионында орнын сақтап қалды. Осы орайда ұлттық құраманың кеңесшісі Николай Шаршуков  Elorda info сайтына сұхбат берді.   

Пара хоккей спортының басы-қасында жүргеніңізге қанша уақыт болды?

Пара хоккей саласына 2013 жылы келдім. Біршама уақытта тәжірибе жинап, өзіме лайық екендігін түсіндім. Нәтижесінде Мәскеу облысына қарасты «Феникс» клубын баптап, 5 дүркін Ресей чемпионы деген атаққа қол жеткіздім. Сонымен қатар, Ресей пара хоккей құрамасының бапкерлік кеңсесіне кіруге мүмкіндік берілді. 2014 жылы Сочи Паралимпиадасында Ресей алғаш рет өнер көрсетіп, бірден финалға шықты. Шешуші сәтте әлемнің ең үздігі саналатын АҚШ пара споршыларынан 0:1 есебімен жеңіліп, күміс жүлдегер атандық. Егер статистикаға көз салсаңыз, АҚШ-ты 2010, 2014, 2018, 2022 жылдары өткен Паралимпиадада әлі ешкім жеңе алмай келеді. Ал әлем чемпионаттарында  2013 жылы ½ финалда АҚШ-тан 1:2, 2015 жылы ½ финалда Канададан 2:3 есебімен есе жіберіп, қола жүлдеге қол создық.

2018 жылы Қытайды баптауға ұсыныс түсті. Жаңадан құралған команданы жинақтап, 2021 жылы әлем чемпионатының В дивизионында 1-орын алып, жоғарғы лигаға өттік. Ал 2022 жылы Бейжің Паралимпиадасында Қытай жартылай финалда АҚШ-тан 0:11 есебімен жол беріп,  бірінші рет 3-орынға тұрақтады.

Қазақстан құрамасын баптауға ұсыныс қашан түсті?

Қытайдан кейін Ресейге оралдым. 2023 жылы С дивизионынан В дивизионына көтерілген Қазақстан құрамасы алғаш рет өз жерінде әлем чемпионатын қабылдауға мүмкіндік алды. Менің бос екендігімді біліп, кеңесші ретінде көмек қолын созуға ұсыныс тастады. Осылай біріншіліктің басталуына 3 ай қалғанда, Қазақстанға келдім.

2022 жыл. С дивизионындағы ойындарымыз:

Қазақстан – Таиланд 7:0

Қазақстан – Франция 10:0

Қазақстан – Аустрия 9:2

Қазақстан – Ұлыбритания 0:6

Алғаш келген сәтіңізде ұлттық құраманың ойыншылары қандай деңгейде болды?

Біріншіден, Қазақстанның пара хоккейшілері тұрақты түрде дайындалмады. Әр ойыншы шаруалары шықса, келмей қоя салатын. Былайша айтқанда, ойнағысы келсе ғана жаттығуға кірісетін. Екіншіден, пара хоккейшілердің санының аздығы. Ұлттық құраманың барлық ойыншысы Астана қаласының тұрғындары. 20-ға жуық ойыншымен үлкен мақсаттарды көздей алмайсың, резерв жоқ. Үшіншіден, Қазақстан пара хоккейі өзіндік жігерімен жеңіске жетуге ұмтылды. Ал тактика, техникалық шеберліктері жетіспеді. Төртіншіден, былтыр Таиландта өткен С дивизионының ойындарында құрама ақшасы жетіспегендіктен, техникалық жабдықтарды өз қолдарымен жасаған. Міне 3 ай ішінде осы мәселелерді шешуге тырыстық. Алайда уақыт аз болғандықтан, техникалық жағынан шеберлікті әлі көтере алмадық.

Әлем чемпионатына байланысты міндеттемелер жүктелді ме?

Кез-келген жарыста әр команда жеңіске жетуге ұмтылады. Оның үстіне 2021 жылы ғана құрылған команда бір жыл ішінде С дивизионында 2-орын алды. Ойыншылар осы қарқынмен жоғарғы лигаға үмітті болды. Дегенмен, жарыс барысы Қазақстанның лайықты деңгейін көрсетті. 

В дивизионындағы ойындарымыз:

Қазақстан – Словакия 1:10

Қазақстан – Жапония 0:6

Қазақстан – Швеция 0:3

Қазақстан – Финляндия 6:1

Қазақстан – Ұлыбритания 4:3

Астанада өткен әлем чемпионатындағы қарсыластарға тоқталсаңыз?

Жапония мен Словакияның өзгелерден қарағанда бір бас жоғары болды. Себебі, қос команда жоғарғы лигадан келген. Сондықтан, тәжірибесі мол, тұрақты көңіл бөлінетін елдерден ірі есеппен ұтылуымыз заңдылық. Швециямен 2 кезең бойы 0:0 есебімен тең түсіп, шешуші кезеңде есе жібердік. Өкінішке қарай, біз бірнеше мүмкіндігімізді тиімді пайдалана алмадық. Дегенмен, 3 ай ғана тұрақты дайындалған командадан одан жоғары көрсеткішті күтудің өзі қиын. Финляндия мен Ұлыбританияның деңгейі жоғары емес. Оның үстіне Ұлыбритания былтырдан бері әйелдер пара хоккейін қолға алып жатыр. Нәтижесінде ерлер құрамасында 5 әйел ойнады. 1 жыл бұрын Ұлыбританиядан 0:6 есебімен ұтылғанымызды ескерсек, енді 4:3 есебімен жеңудің өзі үлкен олжа.

Алдағы жоспарларыңыз?

2024 жылы В дивизионының кезекті ойындары өтеді. Әзірге біздің мақсатымыз – әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалып, биылғыдан қарағанда жақсы нәтиже көрсету.

Сұхбатыңызға рақмет! 

Әңгімелескен, Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар