00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Ермахан Ибраимов: Мықты буынның өсіп келе жатқаны қуантты

25.11.2023 | 04:00
67
Фото: ашық дереккөз

Қазақ боксында ерекше орны бар Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов Elorda info сайтына сұхбат беріп, тәуелсіздік жылдарындағы даңқты бапкерлер жайлы естеліктерін ортаға салып, отандық бокстың кешегісі мен бүгіні жайлы өз ойымен бөлісті.

- Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бергі бокстың тарихына үңілер болсақ 1993 жылы Қазақстанның ең алғашқы бас бапкері болған Әбдісалан Нұрмахановты айналып өту мүмкін емес. Өзіңіз де сол кісінің қол астында жаттықтыңыз. Жалпы, ол кісі  жайлы не айтар едіңіз? Қандай бапкер болды?  

Әбдісалан Нұрмаханов өте қатал жаттықтырушы болды. Құрамадағы ішікі тәртіпке ерекше назар аударатын.  Ол кісі кешігу дегенді мүлдем кешірмейтін. Осы мінезіне шыдамаған  бірнеше мықты спортшылар құрама қатарынан шығып та қалды. 90 жылдарда 1 салмақта 5-6 кандидаттан болатын. Барлығымыз КСРО мектебінен шыққандықтан, қайсысы болса да, сен тұр, мен атайын дейтін боксшылар еді. Бір адам қуылғанымен, екінші спортшы түрлі халықаралық жарыстарда топ жаратын. Жаттығу барысында да көңілінен шықпаған боксшыларды бетінен салып жіберетін кездері де болатын. Бірақ турнирлерде жеңіп жатсақ, «жарайсың!» деп, арқамыздан қағып, жігерлендіріп қоятын. Тәуелсіздік алған елең-алаң тұста сондай  даңқты боксшының Қазақстан құрамасының бас бапкерлігіне тағайындалғанына қуанамын әрі дұрыс таңдау болды деп, ойлаймын.

-1996 жылы Атлантада өткен жазғы Олимпиада қазақ боксшыларына сәтті болды ма? Осыдан кейін көп ұзамай Әбдісалан Нұрмұхановтың бас бапкерліктен кетуіне сол кезде нақты не себеп болды?

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан бірінші жазғы Олимпиадасын Атлантадан бастады. Сондықтан оның қаншалықты сәтті немесе сәтсіз өтетіндігін ешкім де білмеді. Дегенмен, солай бола тұра бокстан 1 алтын, 1 күміс, 2 қола алу үлкен жетістік еді. Ал алғашқы бас бапкеріміздің нақты қандай себеппен кеткенінен бейхабармын. Алайда бокс тарихына назар салсақ, Әбдісалан Нұрмаханов – Атланта Олимпиадасы, Тұрсынғали Еділов – Сидней Олимпиадасы, мен – Афина Олимпиадасы, Дамир Буданбеков – Бейжің Олимпиадасына бір реттен барды. Тек Мырзағали Айтжанов ғана Лондон мен Рио Олимпиадасына екі рет ұлттық құраманы дайындаған бірінші жаттықтырушы. Мырзағали 2018 жылы қызметін босатқан сәтте де, лауазымды қызметтерден бас тартып, шәкірт дайындауға кірісті. Міне, 2023 жылы екінші рет бас бапкерлікке тағайындалды.

- Одан кейін қазақ боксының басына Тұрсынғали Еділов келгенін тарихтан білеміз. Сіз екеуінен де тәлім алған спортшысыз. Жалпы Нұрмаханов пен Еділовтің жаттықтыру барысында қандай айырмашылықтары болды? 

Тұрсынғали өте сауатты бапкер.  Өзі көп мәселелерге араласпайтын. Физикалық жаттығу барысын Василий Жировтың жеке бапкері Александр Апачинскийге тапсырып, әр боксшының мүмкіндігін сырттай бақылайтын. Кемшілігімізді байқаса, келіп айтты. Оның тұсында спортшылардың шыңдалуына өте жақсы мүмкіндік берілді. Соның бірі – 1998 жылы әлемді мойындатқан Куба құрамасының Алматыға келуі еді. Бұның қандай пайдасы болды? Мысалы, 1996 жылы Атланта Олимпиадасында қазақ боксшылары Кубамен 4 мәрте жұдырықтасып, барлығында жеңілсе, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында кубалықтармен болған 3 жекпе-жекте де жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Себебі, алдында Алматыдағы оқу-жаттығу жиынында Куба жігіттерін жақын танып, мықты-әлсіз тұстарын зерттеуге мүмкіндік алдық.

Одан бөлек, Атланта Олимпиадасында өнер көрсеткен бірқатар отандастарымыздың орнына жас боксшыларға мүмкіндік берілді. Олар: 57 келіде, 20 жасында Сидней Олимпидасында топ жарған марқұм Бекзат Саттарханов, аса ауыр салмақта күміс алған Мұхтархан Ділдәбековті айтуға болады. Осындай батыл шешімдердің арқасында Тұрсынғали Еділов стратег екенін іспен дәлелдей алды.

- Одан кейін ұлттық құрама тізгінін Сіз қолыңызға алдыңыз.  Ұлттық құрамаға бас бапкер болуыңыз өзіңіз үшін күтпеген жайт болды ма? Сіздің тұсыңызда қазақ боксына қандай жаңалық әкелдім деп, ойлайсыз?

Сидней Олимпиадасының чемпионы атанған соң, сол кезде спортқа жауапты Дәулет Тұрлыханов маған ұсыныс білдірді. «Күрестен Атланта Олимпиадасының жеңімпазы – Юрий Мельниченко бас бапкер болуға келісті. Енді сенде бокстан ұлттық құраманың тізгінін ұста» деді. Нәтижесінде 2002 жылы 30 жасымда Қазақстан командасының бапкерлігіне тағайындалып, 2004 жылға дейін қызмет атқардым. Была йқарағанда көп уақытта емес. 

Дегенмен, өзім құрамада бірнеше жыл жаттыққан тәжірибемді кейінгі буынға беруге тырыстым. Атап айтсам:

Біріншіден, Сидней Олимпиадасындағы боксшылардың екеуі ғана (Нұржан Кәрімжанов пен Мұхтархан Ділдәбеков) Афина Олимпиадасында бақ сынады. Жаңа буын ретінде Геннадий Головкин, Бақтияр Артаев, Галиб Джафаров т.б талантты жерлестеріміз шықты. 

Екіншіден, 2003 жылы Таиландта өткен әлем чемпионатында алғаш рет 2 алтын жүлдені (Галиб Джафаров пен Геннадий Головкин) иелендік.

Үшіншіден, 2001 жылы әлем чемпионатында бірінші рет Куба мемлекетінің өкілінен айламызды асырдық. 2001, 2003 жылы Галиб Джафаров, 2003 жылы Геннадий Головкин жарыс барысында Куба спортшыларын жарыс жолынан шығарып қана қоймай, соңында чемпион атанды. Осы жетістіктің барлығы қажырлы еңбек пен табандылықтың арқасында келді деп ойлаймын. 

-Сіздің кезіңізден бері әуесқой бокс қаншалықты өзгерді? Отандық боксшылардың деңгейіне кәсіпқой маман ретінде қандай баға бересіз? Қазіргі жас спортшыларға қандай кеңес айтар едіңіз?

Менің жасөспірім кезім КСРО бокс мектебімен тұспа-тұс келді. Ол сәтте ғылымға көңіл бөлініп, көп жаттығатынбыз. Қазір де сол жүйе жалғасып жатыр. Бірақ қазір боксшылар аяқпен қозғалысқа және алдыңғы қолмен күшпен соққы жасауға көбірек мән берсе деп, ойлаймын.

-Жақында Астанада өткен жасөспірімдер және жастар арасындағы Азия чемпионатын тамашаладыңыз. жарысқа қатысқан жас боксышыларымыз Сіздің көңіліңізден қаншалықты шықты?

Жалпы есепте 15 алтынмен Үндістаннан кейінгі 2-орынға табан тіредік. Турнир барысында елімізден мықты буындардың өсіп келе жатқанын көріп қуандым. Біз де алғашқы жылдарымызда КСРО-дағы чемпионаттарда бақ сынайтынбыз. Өзім жасөспірім және жастар арасында 2 дүркін КСРО жеңімпазымын. Салыстырмалы түрде КСРО-дағы бәсекелестік қазіргі Азия чемпионатынан әлдеқайда жоғары болды.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан, Қанат БАЙҰЗАҚОВ  

Барлық жаңалықтар