00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Мырзағали Айтжанов: Ұлттық құраманың есігі әрдайым ашық

14.11.2023 | 04:31
46
Фото: ашық дереккөз

Кеше елордада  ел ішіндегі айтулы бокс турнирі басталды. VI жазғы Спартакиада ойындары аясында өтіп жатқан дода 19 қарашаға дейін жалғасады. Осы орайда Elorda info тілшісі Спартакиаданың дайындық жұмыстары туралы Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановпен сұхбаттасты.

Бокстан биылғы VI жазғы Спартакиада ойындарының өзге додалардан қандай ерекшелігі бар?

4 жылда бір рет өтетін жазғы Спартакиада ойындары бұған дейін 2019 жылы Қызылорда қаласында ұйымдастырылған еді. Биыл Астана төрінде өтіп жатыр. Спартакиадада 27 спорттың түрі қамтылады. Әлем чемпионаты, Ханчжоудағы Азия ойындарының өтуіне байланысты бокс сайысы күздің соңғы айында өткізіліп отыр. 

Спартакиада мен Қазақстан чемпионатының қандай айырмашылығы бар?

Иә, екеуіне де бокстағы спортшылар ғана қатысады. Алайда 2022 жылы Павлодардағы турнирден қарағанда үлкен айырмашылық бар. Біріншіден, 2020 жылдан бері ұлттық құраманың белді спортшылары ел чемпионатына қатыспады. Өйткені 2021 жылы Токио Олимпиадасы мен әлем чемпионаты қатар болса, 2022 жылы Азия біріншілігі ұйымдастырылды. Ол жерде жүлде алған спортшылар автоматты түрде Қазақстан чемпионатынан босатылды. Биыл да әлем чемпионаты және Азия ойындарына қатысқанымен, лицензия ала алмаған боксшылар осы жарыста қайта бақ сынап өздерін дәлелдеуі тиіс. Екіншіден, кәсіпқой рингте жүрген Бекзад Нұрдәулетов, Тұрсынбай Құлахмет, Нұрсұлтан Аманжолов секілді боксшылар әуесқойда қайта өз мүмкіндіктерін байқап көрмек. 

Аталған кәсіпқой боксшыларды арнайы шақырдыңыз ба?

Ұлттық құраманың есігі әрдайым ашық. Тұрсынбай Құлахмет 2019 жылы әлем чемпионатының қола жүлдесін алды. Бекзад Нұрдаулетов 2019 жылы әлем чемпионы атанды. Сондықтан бұл боксшылардың кәсіпқой рингте жүргенімен, әлі де әуесқой бокс жанкүйерлері үшін берері бар деп ойлаймын.  Жанкүйерлер де Спартакиада да дәл осы 80 келідегі жекпе-жектерді күтетіні анық.

Әйтсе де,  Солтүстік қазақстандық спортшылар бұл жарыстан шет қалып отыр екен?  

Ел ішіндегі жарысқа 17 облыс пен 3 мегаполисіміз үнемі бақтарын сынайтын еді. Өкінішке қарай, осы жолы Солтүстік Қазақстан облысынан спортшылар да, бапкерлер де келмеді. Ал ұлттық құрамадан 63,5 келі салмақтағы Ертуған Зейнуллинов қабағынан жарақат алуына байланысты турнирден шет қалуына тура келді. Париж Олимпиадасының лицензиясын алған Қамшыбек Қоңқабаев пен Асланбек Шымбергеновтің қатыпсауын байланысты ешқандай артық сөз жоқ деп ойлаймын.

Жарыстың маңыздылығына тоқталсаңыз?

Спартакиадада 13 салмақ бойынша 177 боксшы сынға түседі. Турнирде қорытындысы бойынша жеңімпаз болғандар Париж Олимпиадасына лицензия беретін ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады.

Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар