00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Мерей мен Мейірім

23.05.2023 | 14:00
47
Фото: sports.kz

Ғылым мен білімге, өнер мен спортқа етене жақын әулеттер болады. Ақшаловтар болса спортқа бір бүйрегін бұрып тұратын, елдің намысына туған перзенттер екенін жақсы білеміз. Иә, Мерей Ақшалов та, Мейірім Нұрсұлтанов та әлем чемпионы. Біріншісі – әуесқой бокстан, екіншісі – кәсіпқой бокстан дараланған. Біз бүгін Мейірімнің мерейлі мезеті туралы сөз етуге мән бердік, деп жазады Elorda.info.

2023 жылдың сәуір айында қазақ жанкүйері Мейірім Нұрсұлтанов пен жапониялық Кадзуто Такесаконың арасындағы жекпе-жекті көруге асықты. Енді ше, екеуі де жеңіліп көрмеген, қарсыласын нокаутпен ұтатын мықтылар.

Статистикаға қарасақ, Мейірім 18 рет рингке шығып, барлығында мерейі үстем болса, 10 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Кадзуто де оңай шағылатын жаңғақ емес. Кәсіпқой бокста 15 рет шаршы алаңға шықса, 14 рет қарсыласын соққының астына алып, нокаутқа түсірген. Тек бір кездесуде ғана төрешілердің шешімімен тең түсіпті.

Кореяның Инчхон қаласында өткен айқаста кім жеңеді? Бізді осы сұрақ толғандырды. Оның жауабын 15 сәуірде алдық. 

Рингке көтерілген Мейірімнің көзінен отты байқадық. Мінезді Мейірім ә дегеннен-ақ қарсыласының мысын басып, сериялы соққысының астына алды. Сөйтіп, 12 раундқа жоспарланған жекпе-жек 8-раундта аяқталды. 

Осылайша Нұрсұлтанов WBO International чемпиондық белбеуін сәтті қорғады. Әрине, бұл Мейірімнің соңғы мерейлі мезеті емес, алда орта салмақтағы NBA, WBC, IBF, WBO белбеуіне таласатын бәсекелі жекпе-жектер күтіп тұр. Біз Мейірімнің өз мақсатына жету үшін үнемі ізденіп, жанкештілікпен еңбектеніп, нәтижеге қол жеткізетінін жақсы білеміз.

Жастайынан арман-мұраты жолында ерік-жігері мен қайсар-қайратын жұмсайтын ол көптен мінезімен ерекшеленді. Оны бокс залына алты жасында Мерей ағасы апарып, Азамат Сайынның қол астында жаттыға бастайды. Осы кезден өзінің ерекше қабілетімен көзге түсті. 

Мейірімнің боксқа деген ынта-ықыласы мен қабілетін-қасиетін байқаған ағасы Мерей үлкен ортаға қосылуына мүмкіндік туғызды. Ағасы өзі оқып жүрген Қажымұқан атындағы мектеп-интернатқа алып келді. 

Қызық болғанда, Мейірім «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын Мерейден бұрын қорғады. 

2010 жылы Иран астанасы Тегеранда бокстан жастар арасындағы ХІХ Азия чемпионаты өтіп, оған Қазақстанның екінші құрамасы қатысты. Құрама бапкерлері осы жарысқа халықаралық жарыста тәжірибе жинай берсін деген ниетпен жас боксшы Мейірімді де қосты. Азия біріншілігінде 64 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мейірім Нұрсұлтанов қарсыластарының осал тұсын тапты. 

Алдымен моңғол намысын қорғаған Батжаргал Батдорижидан басым түссе, ширек финалда Тайланд елінің үміті Сомсак Купхоккрудты соққының астына алады. Ал жартылай финалда үндістандық Харпал Сингхті басым түссе, финалда өзбек Акрам Мамаджановты жеңді. Сөйтіп, Азия чемпионы атанды.

Содан бері Мейірім Нұрсұлтанов ел назарынан түскен емес. 2012 жылы Астана қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол кезде 19 жаста болған ол 69 келі салмақта қола медельды мойнына тақты. Өздеріңіз білетіндей, 69 келіде бәсеке өте жоғары болатын. Сол сында ел чемпиионы атанған Данияр Елеусінов Азия чемпионатында дараланды. 

Бапкерлермен ақылдаса келе Мейірім салмағын 75 келіге ауыстырды. Бұл шешім өз нәтижесін берді де. 2014 жылы Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында бірінші орын алды. Сөйтіп, Ұлттық құрама сапында сәтті өнер көрсете бастады. Алайда бағы мен бабын кәсіпқой бокста сынап көруді ойлап, 2016 жылы 23 жасында АҚШ-тағы Кэти Дува басқаратын Main Events компаниясымен келісімшартқа отырады. Жаттықтырушысы Роберто Гарсиа қоластында кәсіби боксқа бейімделіп, техникалық шеберлігін шыңдап, тактикалық дайындығын арттыра бастайды. 2016 жылы 19 қарашада АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында Сергей Ковалев пен Андре Уорд жекпе-жегінің андеркартында дебюттік жекпе-жегін өткізіп, 6 раундта Генри Бекфордты жеңді. Екі жылдан кейін, 2018 жылы 13 қазанда Лас-Вегаста өзінің тоғызыншы жекпе-жегінде төрешілердің шешіммен афроамерикалық Джамар Фриманды жеңіп, NABF Солтүстік Америка чемпионы атағын жеңіп алды.

Естеріңізде болар, 2017 жылы 9 қыркүйекте Астанадағы «Сарыарқа» спорт сарайында өткен кездесуінде бразилиялық Исмаэль Буэноны 1-раундтың 50 секундында нокаутқа жіберіп, қазақстандық жанкүйерлердің рухын асқақтатқан еді. Бойында жеңімпаз рухы бар Мейірім жанкүйерлерін жерге қаратқан кезі жоқ.  Өзінің ақылшысы, қамқоршысы, әуесқой бокста Азия және әлем чемпионы болған  Мерей Ақшалов ағасының спорттағы ақ жолын жалғастырып келеді. 

Ылайым, қашанда Мейірімнің мерейі үстем болатынына, чемпиондық белдіктік барлығын алатынына сеніммен қараймыз. 

Ал енді бірі арғы атасының, бірі бергі атасының атын әйгілеп жүрген ағайынды Мерей Ақшалов пен Мейірім Нұрсұлтанов қазақ боксының абыройын әлі де асқақтата беретініне сеніммен қараймыз. Өйткені, екеуі де қайсар мінезді, еңбекқор жігіттер.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Барлық жаңалықтар