00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Кеңестік кезеңде қудалауға ұшыраған қазақ спортшылары

30.05.2023 | 11:00
72
Фото: 123rf.com

1947 жылы бокстан КСРО чемпионатында Махмут Омаров алғаш рет Қазақстан атынан қола жүлде алды. 8 дүркін Қазақстан чемпионы. Оның інісі Мақсұт Омаров 1957 жылы КСРО чемпионатында күміс және 1959 жылы КСРО халықтар  Спартакиадасында күміске қол созды.  Алайда олардың әкесі Ілияс 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткендіктен, КСРО құрамасына жол жабық болды, деп жазады Elorda.info

цуц.jpg

Шәміл Серіков — Грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы, 2 дүркін әлем чемпионы, Еуропа чемпионы. 1981 жылдың көктемінде КСРО Коммунистік партиясының шешімімнен спортшылар БАМ-ға (Байкал-Амур магистралі) баруға тиіс еді. Алайда үйімде жөндеу жұмыстарын жүргізуім керек деген желеумен Шәміл бұл сапардан бас тартты. Салдарынан КСРО құрамасы командасы сапынан шеттетіліп, стипендиядан қағылды. Дардай атағы болса да, ешкім оны жұмысқа алмады. 1989 жылдың 22 қарашасында саясаттың құрбаны болып, тағдыр тауқыметін молынан тартқан өр тұлға белгісіз жағдайда көз жұмады...

Юнус Нигматуллин — «Ярыш» футбол командасының капитаны. 1919 жылы Алашты жақтаушы ретінде қудалауға ұшырап, Қытайға қашуға мәжбүр болады. Бақты шекара бекеті тұсындағы Ақшоқы ауылының маңында қызылдармен атысқан сәтте мерт болған. 

юнус.jpg

Жәнібек Сауранбаев — Алматының «Буревестник» волейбол клубының ойыншысы. 1964 жылы Токио Олимпиадасына баратын кеңейтілген 24 тізімнің ішіне енді. Соңғы сәтте ұлттық құраманың белді ойыншысы Юрий Чесноков оны «ЦСКА» клубына ауысса, ұлттық құрамаға алынатынын айтады. Бірақ Жәнібек бұл ұсынысқа келіспеген. Салдарынан бас бапкер жерлесімізге «ең үздік 12 волейболшының қатарына кірмейсің, сен 13-шісің» деп, Олимпиадаға баруға рұқсат бермеді. Ал КСРО құрамасы Токио Олимпиадасында чемпион атанды. Тек 1 жылдан кейін ғана Жәнібек ұлттық құрамаға шақырылып, әлем кубогын, Еуропа чемпионатын жеңеді. 1966 жылы әлем чемпионатының қола жүлдесін алды. 

жанибек.jpg

Әлжан Жармұхамедов — 1972 жылы Мюнхен Олимпиадасында баскетболдан чемпион атанған алғашқы қазақ спортшысы. 1973 жылы Оңтүстік Америкадан қайтқан сапарында әуежайда жүгінен «Смит энд Вессон» тапаншасы табылып, спорттан шеттетілді. Сонымен қатар КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атағынан да айырылды. Тек 2 жылдан кейін ғана КСРО-ның Қорғаныс министрі Андрей Гречко ара түсіп, Әлжан Жармұхамедов ұлттық құрамаға қайта оралды. 

алжан.jpg

Амангелді Рымқұлов — 1963 жылы ауыр атлетикадан КСРО-ның спорт шебері атағын алды. 1967 жылы 4 жылда 1 рет өтетін КСРО халықтар Спартакиадасында басты фавориттің бірі саналды. Алайда 1966 жылы шілде айында жалғыз өзін 50 градустық ыстығы бар Түркіменстанға әскери борышын өтеуге жіберді. Кесірінен ол спорттық мансабын аяқтауға мәжбүр болды.

амангелді.jpg

Увайс Ахтаев — 1944 жылы 14 жасында Чешен жерінен Қарағандыға жер аударылған.  Бойы — 2 метр, 36 см. КСРО-дағы ең ұзын баскетболшы болған. 

1952 жылы КСРО құрамымен Хельсинки Олимпиадасына баруға мүмкіндік алады. Ол үшін Увайс Ахтаев ұлты мен тегін ауыстыру керек еді. Бірақ Увайс тегін, ұлтын ауыстырудан бас тартқан. 1956 жылы да бапкер оны Олимпиадаға қатыстырғысы келген. Бірақ арманы орындалмады. 

увайс.jpg

Қазақстан баскетболындағы ең үлкен жетістігі

1956 жылы Қазақстан сапында КСРО Спартакиадасына қатысады. Мықты ұжымдардың бірі саналмаса да, Увайс Ахтаев бастаған Қазақстан командасы іріктеу кезеңінде 1-орын алды. Бұл Қазақстанның КСРО спартакиадасындағы ең жоғарғы жетістігі ретінде саналады. 

ҚазССР — Мәскеу 41:37 (2-орын) 

ҚазССР — Ленинград 53:50

ҚазССР — Әзербайжан 56:52

ҚазССР — Қырғызстан 94:47

ҚазССР — Түркіменстан 92:49

 

Финалдық кезең (5-орын алады): 

 

ҚазССР — Латвия 46:60 (1-орын) 

ҚазССР — Литва 60:68 (3-орын) 

ҚазССР — Ресей 73:80

ҚазССР — Украина 100:74

1978 жылы 48 жасында өмірден өтті. Өз мансабында ешқандай айтулы жетістікке жетпесе де, ол КСРО тарихында ерекше баскетболшы ретінде тарихта қалды.

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар