00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Денис Тен туралы қызықты деректер

13.06.2023 | 16:30
78
Фото: getty images

Бүгін мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның атын әлемге танытқан Денис Тен тірі болғанда 30 жасқа толар еді... Өкінішке қарай, спортшымыз 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматының қақ ортасында қаскөйлердің қолынан қаза тапты. 

Жетістіктің басы қайдан басталады?   

Денис Теннің арғы атасы – Мин Гын Хо Жапония отарлаушыларымен асқан қайсарлықпен шайқасқан Корея командирі.1908 жылы жапондармен айқас барысында тұтқынға түсіп, 44 жасында қаза тапқан. Оңтүстік Кореяның тәуелсіздігі үшін соғысқан ең таңдаулы 12 қаһарманның тізіміне кіреді. 

Корея азаматтары шекаралас Ресейге XIX ғасырда көше бастаған. Оның себебі, ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін жердің жетіспеушілігі мен су тасқыны салдарынан аштыққа ұшырауы әсер етті. Ал 1905 жылы Ресейдің Жапониядан жеңілуі Кореяға қатты әсер етті. Өйткені жапондар Кореяны отарлауын күшейтіп, қатты қысымға алды. Бұл оқиға да корейлердің Ресейге аууына әсер етті. 

1937 жылы Приамурье аймағында тыңшы корейдің ұсталуынан соң, Сталин 170 мыңнан астам корейліктерді Орталық Азияға көшіруге шешім қабылдады. 

Денис Теннің балалық шағы

Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматыда дүниеге келген. Бала кезінен таэквандо, теннис, акробатика, каратэ, жүзу сынды әртүрді спорттармен айналысты. Біз үшін мәнерлеп сырғанаушы ретінде белгілі Денис Тен ең алғашқы жетістігіне хор айтуда жетіпті. 2002 жылы ол Оңтүстік Кореяда өткен бүкіләлемдік хор ойынында күміс жүлдегер атанды. 

Ал 6 жасынан бастап мәнерлеп сырғанауға ден қойған Денис Алматыда ірі сауда үйлерінде мұз айдынында жаттықты. 2003 жылы Ресейдің Одинцово қаласында өткен турнирде бапкері Елена Буянованың көзіне түседі. Нәтижесінде 2004 жылы Денис Тен Мәскеуге көшіп, кәсіби түрде жаттықты. 

Үлкен спорттағы жолы

2006 жылы Қазақстан чемпионатына қатысып, қарсылас шақ келтірмеді. Жалпы, Денис Тенге ел біріншілігінде 4 (2006, 2010, 2011, 2017) мәрте ел чемпионы атағы бұйырды. 

2013 жылы Канаданың Лондон қаласында өткен әлем чемпионаты қазақ спорты тарихына алтын әріппен жазылды. Өйткені, Денис Тен ел тарихында алғаш рет әлем чемпионатының күміс жүлдесін алып берді. 

1-орын. Патрик Чан (Канада) – 267,78 ұпай

2-орын. Денис Тен – 266,48 ұпай  

3-орын. Хавьер Эрнандес (Испания) – 249,06 ұпай

b3786de1-2453-44cb-b290-d6ca80970e6c.jpg

Патрик Чаннан 1,3 ұпай ғана қалып қойса да, жанкүйерлер Денис Тенді чемпион ретінде мойындап, төрешілерге деген ашық наразылығын білдірді. 

Араға 2 жыл салып, Шанхайда өткен әлем чемпионатында тағы да жүлде бұйырды. 

1-орын. Хавьер Эрнандес (Испания) – 273,90 ұпай

2-орын. Юдзуру Ханю (Жапония) – 271,08 ұпай

3-орын. Денис Тен – 267,72 ұпай

2014 жылы өткен Сочи Олимпиадасында қазақ жанкүйерлері жүлдеден үміт үзе бастады. Себебі, қазақ елінен барған өзге спортшыларға жүлде бұйырмаса, Денис Тен қысқа бағдарламада 1 мәрте құлап, небәрі 9-орынға жайғасты. Алайда қос бағдарламаның нәтижесінде жерлесімізге 3-орын бұйырды. 

1-орын. Юдзуру Ханю (Жапония) – 280,09 ұпай

2-орын. Патрик Чан (Канада) – 275,62 ұпай

3-орын. Денис Тен – 255,10 ұпай

614f24b3-30a0-4e0b-bc40-9e549aa8e37d.jpg

2018 жылы Оңтүстік Кореядағы Олимпиадада Денис Теннің жолы болмады. Ол алғаш рет іріктеу кезеңінен аса алмай, 30 спортшының арасында 27-орынды місе тұтуына тура келді. 

Сол жылы 19 шілдеде Алматыдағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында тұрған спортшының жеке көлігінің әйнегін ұрламақшы болған қаскөйлерді спортшы тоқтатпақ болады. Бірақ қос қаскөй Денис Тенге пышақ сұғып, ізін суытады. Алған жарақат салдарынан Денис Тен ауруханада көз жұмды... 

Батырымыздың есімі – ел есінде. Өмірден өтсе де, жыл сайын даңқты спортшыны еске алатын турнирлер ұдайы ұйымдастырылады. 2022 жылы Денис Теннің құрметіне Алматы қаласында ескерткіш те орнатылды.

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар