00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Али Саламех: Қазақстандағы Азия чемпионатына рекордты санда боксшылар қатысып жатыр

25.10.2023 | 04:00
42

Астана қаласында 23 қазан-3 қараша күндері аралығында өтіп жатқан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатына байланысты Азия бокс қауымдастығының бас хатшысы Али Саламех Elorda info сайтына өз пікірін білдірді.  

Жасөспірімдер және жастар арасындағы Азия чемпионатының Астанада өтуін қалай бағалайсыз? 

Бокстан Жасөспірімдер және жастар арасындағы Азия чемпионатының Астана қаласында бірінші мәрте өтіп жатыр. Бұл жарыстың ерекшелігі — 23 мемлекеттен рекордтық 435 спортшы жүлдеге таласады. Салыстырмалы түрде 2022 жылы БАӘ-дегі жарыста 21 елден 352 боксшы бақ сынады. 

Жасөспірімдер және жастар арасындағы Азия чемпионаты үшінші мәрте біріктіріліп өтуде. Бұған не себеп болды? 

Иә, бұған дейін 2007 жылы Алматы қаласы — жастар, 2013 жылы Шымкент қаласы — жасөспірімдер, 2016 жылы Павлодар қаласы жастар арасындағы Азия чемпионатын өткізген еді. Алайда 2020 жылы пандемияға байланысты жарыстар тоқтап қалды. Сондықтан жасөспірімдер мен жастардың турнирін бөлек өткізу қаржылық тұрғысынан тиімсіз болды. 2021, 2022 жылдары бірігіп өткен соң, бапкерлер, ұйымдастырушы тараптан оң баға алды. Себебі, бірнеше елмен ғана шектелмей, қатысушы елдердің саны жоғарлайды. Алдағы уақытта спортшылардың саны көбейе берсе, бөлек өткізу жайлы кеңес өткізіп қалуымыз мүмкін.

WhatsApp Image 2023-10-24 at 18.16.32.jpeg

Қатысушылардың саны неге көбейіп жатыр? 

Біріншіден, бокстың арқасында Қазақстанға деген сенімділік жоғары. Бұған дейін де бірнеше ірі жарыстар өтті. Сондықтан, көп елдер келуге өз қызығушылығын танытты. Мысалы, Қытай Тайпейі қыздар боксынан әлемде үздік болса, енді ерлерге де назар аударып жатыр. Соның бір дәлелі — Ханчжоудағы Азия ойындарында 63,5 және 71 келідегі боксшылары Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Екіншіден, қауіпсіздік. Былтыр Ирактың Сүлеймания қаласында мектеп оқушылары арасында Азия чемпионаты өтуі керек еді. Бірақ терактқа байланысты көптеген елдер барудан бас тартты. Тек 4-5 мемлекет дайын болды. Ал 4-5 елмен Азия біріншілігін өткізу ақылға сыймайды ғой. 

Азия құрлығында 50-ге жуық мемлекет бар. Неге көп елдер бұндай жарыста бой көрсетпейді? 

Астанадағы турнирге 28 елдің боксшылары қатысады деп, жоспарланған. Алайда Ауғанстан жер сілкінісіне байланысты келе алмады. Қытай үшін бұл жарыс ішкі біріншіліктің уақытымен бірдей болып қалды. Шри-Ланка құжаттарын кеш тапсырғандықтан, үлгермеді. Сол секілді Непал, Бутан да келмеді. Ал басқа мемлекеттердің барлығы Қазақстан секілді жасөспірім, жастарға қатты көңіл бөле бермейді. Дегенмен, бұл чемпионатта өзге мықты Өзбекстан, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея т.б елдер бар. Мысалы, 2022 жылы жастар (ерлер) арасында Өзбекстан — 7 алтын, Қазақстан — 2 алтын, Үндістан — 2 алтын, Иордания мен Қырғызстан 1 алтыннан алды. Қыздарда Қазақстан мен Үндістан 5 алтыннан, Өзбекстан 2 алтын иеленді.

Қанат Байұзақов

Барлық жаңалықтар