00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Қайрат Сағадиев: 2 салмақта Олимпиада жолдамасына үміттенеміз

04.02.2024 | 08:30
29
Фото: Нұрғали Жұмағазы

Әйелдер күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сағадиев жарысты қорытындылап, Elorda.info тілшісіне сұхбат берді. 

— Ел чемпионатының деңгейін қалай бағалайсыз? 

— Бірнеше салмақта құрамада бұрыннан жүрген балуандар қайта чемпион атанды. Олар: Елена Шалыгина, Жұлдыз Эшимова, Зүлфия Яхьярова. Неге? Себебі, тәжірибе және психологияның тұрақтылығы. Жалпы, әйелдер күресінде жас спортшыларымыз көп. Олардың психологиялық тұрақсыздығынан тәжірибелі балуандар басым түсіп жатыр. 

Париж Олимпиадасының лицензиялық жарысына баратын спортшылар анықталды. Неше жолдама алу жоспарда бар?  

— 2023 жылы Белград қаласында өткен әлем чемпионатында 30 жолдама сарапқа салынды. Оның 12-сі Азия құрлығына тиесілі. Салыстырмалы түрде бұл көрсеткіш Токио Олимпиадасының іріктеу кезеңіндегі нәтижеден жоғары. Сондықтан 68 және 76 келіде жолдама алу үмітіміз зор. 

Бішкектегі Азия құрлығының іріктеуінде әр салмақта 2 лицензия ойнатылады. 

Жәмила Бақбергенова үшін қарсыластар Қытай, Үндістан, Моңғолия елдері болады. Барлығы жеребеге байланысты. Әйтсе де, жазғы Азия ойындарында Жәмила Үндістан, Моңғолия балуандарынан басым түсті. Қытаймен кездеспеген. 

Ал Елена Шалыгина үшін Қырғызстаннан Жұбаназарова немесе Нұртаева. Әлі анық емес. Үндістан мен Қытайдың да жақсы балуандары бар. 

62 келіде әлемдік көшбасшы Жапония мен Қырғызстан өкілдерінде Париж Олимпиадасының жолдамасы бар. Ендігі қарсыластар Солтүстік Корея, Үндістан, Қытай, Моңғолия. Ирина Кузнецова жазғы Азия ойындарында жақсы көзге түсіп, 3-орын үшін белдесуде 1:2 есебімен ғана жеңілді. Уақыт сайын қосып келеді. Жолдама алып кетуі де мүмкін. 

Төменгі салмақтарда бәсекелестік өте жоғары. Бұл жерде жолдамаға үміттену өте қиын.

—Бүгінгі күннің басты белдесуі Жәмила мен Эльмира туралы тоқталсаңыз…

— Олимпиада үшін салмаққа көтерілу Жәмила Бақбергеноваға оңай түспеді. Қазақстан чемпионатының ең аз 7 балуан 76 келіде тіркелгенімен, Жәмилаға лайықты қарсылықты Гүлмарал Еркебаева мен Эльмира Сыздықова көрсетті. Бұл салмақ бұрыннан бері бәсекелестікке толы екендігін де ескерген жөн. 

Жәмила өз тобында 2-орын алғанымен, финалда Эльмирадан басым түсіп кетті. Бұндай жайттар жарыста көптеп тіркеледі. Эльмира 3:1 есебімен жеңіп тұрса да, осы салмақта бұрыннан белдессе де, шабуылға ерте шығып қойды. Нәтижесінде соңғы минутта Жәмила өз мүмкіндігін жібермей, чемпион атанды. 

—Чемпион атанғандар Азия және әлемдік іріктеуге де бара ма? 

— Азия құрлығынан өтпей қалған балуандардың екінші рет әлемдік іріктеуге баруы ел ішіндегі қарсыласының деңгейіне тікелей байланысты. Мысалы, 76 келіде қос спортшы да мықты. Кей салмақта балуандардың айырмашылығы өте жоғары. Бірақ барлығын бапкерлермен ақылдаса отырып, шешетін боламыз.

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар