00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Астанада қысқы триатлоннан жарыс өтті (ФОТО)

31.03.2023 | 23:31
Елорда ақпарат
30

Бүгін Триатлон саябағында қысқы триатлоннан жеке жарыстар өтті. Оларға 18 жастан асқан жандар қатысты, деп хабарлады Elorda.info Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Салтанатты ашылу рәсіміне қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғары жетістіктер спорт бөлімінің басшысы Алуа Ибраева және Астана қаласы Триатлон федерациясының президенті Ержан Бижанов қатысты.

Жарысты ұйымдастырудың басты мақсаты – спортсүйер қауым арасында триатлон, велоспорт, жеңіл атлетика және шаңғы спортын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, спортпен шұғылдануға халықты қызықтыру. Әкімдік бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бүгін қала тұрғындары мен әуесқой спортшылар Триатлон саябағында өтетін қысқы жарыстарға қатысады. Баршаңызға сәттілік, жеңіс тілеймін! - деп атап өтті Алуа Ибраева.

Іс-шара елорда әкімдігінің, Дене шынықтыру және спорт басқармасының және Астана Триатлон федерациясының қолдауымен өтті.

Қысқы триатлон үш кезеңнен тұрды: 2,5 шақырымдық жүгіру, веложарыс және шаңғы тебу. Кәсіби спортшылар, әуесқойлар арасынан 150 адам қатысты. Қысқы триатлонға барлығы дерлік қатыса алды. Негізгі шарт – денсаулығы жарамды болуы. Жалпы, маршруттың барлық үш кезеңінен өту үшін спортшыларға шамамен бір сағат қажет болды.

Қысқы іс-шара қатысушыларының арасында ең үлкен Байзақ Талапнұр ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Триатлоннан қысқы жарыс өте жақсы өтіп жатыр. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мен бұл жарысқа жыл сайын қатысамын. Бүгін жүгіруден бастап, шаңғы жарысымен аяқтадым. Өте қуаныштымын. Жастарды спортпен шұғылдануға шақырамын, - деді Байзақ Сағындықұлы.

Қашықтықты белгіленген уақыттан кешіктірмей аяқтаған әрбір қатысушы мәреде естелік медальдармен марапатталды. Сондай-ақ жарыс аяқталғаннан кейін мәреге тіркелген қатысушылар арасында бағалы сыйлықтар: тоңазытқыш, теледидар, планшет, смартфон және смарт сағат ойнатылды.

Барлық жаңалықтар