00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Әлем чемпионаты: Бразилия құрамасы Сербияны сенімді жеңді

31.03.2023 | 20:32
Елорда ақпарат
41

Бес дүркін әлем чемпионы Бразилия құрамасы Қатардағы мундиальді сенімді жеңіспен бастады, деп хабарлады Elorda.info vesti.kz-ке сілтеме жасап.

Бірінші турдағы соңғы матчта Бразилия G тобы аясында Сербиямен кездесті. Турнир фавориті саналатын Бразилия футболшылары үзіліске дейін жоғары деңгейлі ойын көрсете алмады. Есеп ашатын мүмкіндігі бола қойған жоқ. Ал сербтер шабуылға көп бармай, қорғаныста ойнады.

Үзілістен кейін Бразилия құрамасы шабуылды шабуылға ұластырды. Екінші таймның өзінде қарсылас қақпасына 17 соққы жасады. Сербтерді екі рет қақпа бағанасы құтқарып қалды.

62-минутта Винисиус Жуниордың соққысынан кейін доп бағанаға тиіп, кері серпілген. Допқа бірінші жеткен Ришарлисон есеп ашты. 

Ал 73-минутта Ришарлисон дубль авторы атанды. Винисиустың пасынан кейін футболшы қайшылай теуіп, есепті 2:0 қылды. Жанкүйерлер мен БАҚ-тар бұл әлем чемпионатындағы үздік гол болуы мүмкін екенін жазып жатыр.

Шабуылдағанды жақсы көретін бразилиялықтар қалған уақытта да қарсыластың жарты алаңында өткізді. Бірақ үшінші голын соға алмады. Ал Сербия құрамасының есеп айырмасын қысқартатын мүмкіндігі болмады – еуропалық ұжым 90 минутта үш қана соққы жасады, үшеуі де қиыс кетті.

Осы жеңістен кейін Бразилия үш ұпаймен G тобында көш бастады. Швейцария үш ұпаймен екінші орында. Камерун мен Сербияда ұпай жоқ.

Бразилия құрамасы келесі матчын 28 қарашада Швейцарияға қарсы өткізеді. Ал Сербия Камерунмен кім мықтыны анықтайды.

Барлық жаңалықтар