00:00
Астана -10oC
USD:
471.83
EUR:
505.66
RUB:
5.4
Поиск

Ерлан Дәкенов: Еңбегің сіңсе, халық та сені бағалайды екен

12.07.2023 | 15:00
62
Фото: Астана қаласының мәслихаты

Депутаттың міндеті халық үніне құлақ асу болса, мәслихаттың міндеті – қазына қаржысын сол халықтың қажетіне жұмсау. Алған білімі мен жиған тәжірибесін осы бағытқа арнап жүргендердің бірі - Астана қаласы мәслихатының VIII сайланымының депутаты Ерлан Дәкенов. Халық қалаулысымен Elorda.info тілшісі қала мәслихатының жұмысы мен депутаттардың қоғамдағы міндеті туралы сұхбаттасты. 

-Ерлан Ерғазыұлы, қызметіңізді қоғамдық өмірмен байланыстыруыңыздың себебі неде? 

Қоғамдық өмірмен мектеп қабырғасында жүріп-ақ араласып кеттік қой деп ойлаймын. Өнерге жақын бала білім ошағында өтетін барлық іс-шараларға белсене араласатыны белгілі ғой. Одан кейін қызметте де қоғамдық өмірдің қазанында біте қайнастық. Кейін Астана елорда болмай тұрып,  Қарағанды облысынан осында көшіп келдім. 18 жасар бозбаламын. Бұл 1994 жылдар, еліміздің «астанасы ауысады» деген алып-қашпа әңгіме еміс-еміс естіліп жатқан кез. Оған аса ешкім сене де қойған жоқ еді. Содан бері 25 жыл өтіпті, қала мен үшін өте ыстық, оның қалай өсіп, өркен жайғаны көз алдымда. Әлі де шешілуі тиіс түйткілді мәселелер де етене таныс. Сондықтан сүйікті қаламның одан әрі жаңғыруына, ал оның тұрғындарының жайлы өмір сүруіне өз үлесімді қосу үшін депутат болуға тәуекел еттім. Сөйтіп, 2021 жылы 14 қаңтарда «Аманат» партиясы атынан мәдениет саласы бойынша праймеризде бағымды сынап көріп едім, өттім. Артынан, Астана қаласы мәслихатының VII сайланымының депутаттығына сайландым.  

  -  Депутат ретінде тұрғындармен кездесу кезінде көбінесе  қандай мәслелер жиі көтеріледі? 

Сайлаушылар көбінесе қоғамдық көліктер, жылы аялдамалар мәселелерін көтереді. Қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі жақында 400 автобустың әкелінуімен біршама шешілсе, жылы аялдамаларды көбейту ісі жалғасуда. Қаланың ішіндегі аялдамаларда дүкені бар, дәріханасы бар, адамдардың жылынуына септігі бар. Ал қаланың шеткері аймақтарында бұл нәрсе әзірге кемшін болып тұр. Біз сол олқылықтың орнын толтыруға атсалыстық. Бұл жұмыс әлі де жалғаса береді.   Әр аптада азаматтарды қабылдаймыз, өзімізге бөлінген орталықтарды аралау барысында сайлаушыларды тыңдап, мәселені көзбен көреміз. Сайлаушылардың назы да әртүрлі болып келеді. Оның ішінде дереу шешілетіндері де, қаржы бөлінуіне байланысты уақыт қажет ететіндері де болады. Соған орай әрекет етеміз. Өзім мәселемен қағаз жүзінде танысқаннан гөрі, көзбен көргенді оң көремін. Менің ойымша, 7-8 сайланымдағы депутаттар көптеген түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға себеп болды. Мысалы, бірнеше мәрте түрлі рейдке шықтық. Мүгедектерге арналған қоғамдық көліктердің жұмысын тексердік.  Рейд кезінде біраз олқылықты байқап, шешу үшін тиісті орындарға бағыт-бағдар бердік. Басқа да көптеген түйткілді мәселелердің отайлың шешілуіне ықпал еттік. 

 -Сіз бұл күнде Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның бас директорысыз. Сұрайын дегенім, елордалық мәдениет саласында қандай түйткілді мәселелелер бар?

Өнер саласында да көңіл бөлуді қажет ететін тұстар көп. Өзім қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесімін. Мәселен, қазір кітапханалар мәселесіне көңіл бөліп жатырмыз. Жөндеусіз, кетеуі кетіп тұрған ғимараттарға қаржы бөлінуде.   Оқырман залдарын  заманға сай, келушілерге ыңғайлы ету жағы ойластырылуда. Мұндай кітапханалар Алматыда, Шымкентте бар.   Қалалық кітапханаларды осы жүйеге келтіруді мәслихатта көтеріліп, шешілу жолдары қарастырылуда. Одан соң осы сала қызметкерлерінің еңбекақысының аздығы мәселесі де бар. Көбіне осы сала мамандарының осыған көңілі толмайды. Көпшілігі  күнкөріс қамымен басқа жұмыстарға ауысып кетуге мәжбүр болады. Нәтижесінде, жұмыс орындарында тұрақсыздық, маман тапшылығы пайда болады. Алайда әкімшілікке өнер адамдарының табысына бюджеттен қосымша ақы қосып отырғаны үшін рахмет айтқым келеді. Бірақ біздің негізгі мәселеміз - базалық еңбекақыны жоғарылату. Өйткені 2016 жылдан бері бір мөлшерде қалып қойған. Бұл туралы Парламентке де жазып жатырмыз. Қолдау тапса, көптеген мәселелер шешімін табар еді.   

-Ал Президенттің соңғы реформалары қала тіршілігінде қаншалықты көрініс тауып жатыр? 

Президенттің тапсырмалары негізінде халыққа қажетті келелі мәселелер үздіксіз шешіліп отырады ғой. Депутаттардың араласуымен  жылу, төтенше жағдайлар мәселесі жолға қойылды. Оған қажетті құрал-жабдықтар жаңартылды. Қаладағы Сарыарқа аудандық Полиция басқармасының ғимараты жаңартылып, газбен жылытылатын жүйеге қосылды. Алғашқы кезде ғимараттың тұрқын көргенде шалқамыздан түскен едік. «Қаланың тыныштығын сақтайтын, біздің қауіпсіздігімізді қорғайтын олардың жағдайы болмаса, қалай болмақ?»-деп мәселені көтерген соң, аудандық   полиция басқармасы жаңа ғимаратқа көшті.

-Осы реформаның негізгі бір бөлігі ретінде сайлау жүйесіндегі өзгерістерді айтуға болатын шығар. Бұл төңіректе мәслихат депутаты ретінде ойыңызды айтып өтсеңіз...

Биылғы сайлау өте ерекше болды. Бір орынға бір округтен бірнеше адам сайлауға түсті. Бәсекелестік күшті болды. Сондықтан халық өз қалаулысын сайлауға мүмкіндік алды деп ойлаймын. Әрі бір партия емес, көппартиялы мәслихат болғаны да бәсекелестікті күшейтіп, халықтың сенімін ақтауға деген депутаттардың құлшынысын арттырады. Бізде қазір «Аманат», «Халық», «Байтақ» «Ақ жол» партияларынан сайланған депутаттар бар. 

-Жалпы халық сеніміне ие болу үшін нені басты мақсат ету керек? Өзіңіз екі рет сайланған депутат ретінде осы тұрғыда не түйдіңіз?

Астана қаласы мәслихатының VII сайланымының депутаты болған кезде халықпен біте қайнасып қызмет еткесін бе, VIII сайланымының депутаттығына түскен кезде сол округтің тұрғындарының 50 пайызы мені қолдап, дауыс беріпті. Еңбегің сіңсе, халық та сені бағалайды екен. Кейде сайлаушыларың Алғыс хат табыстап жатады. Сол кезде көкірегіңді «Мен халық үшін пайдалы іс тындырып жатыр екенмін ғой» деген қуаныш сезімі кернейді.      

Все новости