00:00
Астана -10oC
USD:
475.39
EUR:
513.37
RUB:
5.4
Поиск

Елордалық ерікті ерекше балаларға шеберлік сабағын өткізді

01.06.2024 | 18:08
253
Елордалық ерікті ерекше балаларға шеберлік сабағын өткізді
Фото: дереккөз

Бүгінгі балалар мерекесіне орай Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде ерекше балаларға арналған шеберлік сабағы өтті. Оны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жанындағы мемлекеттік қызметшілерден құралған «Еріктілер кеңесі» консультативтік-кеңесші органның мүшесі, Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті заң басқармасының бас маманы Сәния Омарова арнайы өткізді, деп хабарлады Elorda.info.

Іс-шараның басты мақсаты – денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болған ерекше балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау, оларға қамқорлық жасауды дәріптеу.

Шеберлік сабағына қаладағы 30 шақты бала қатысты, оның ішінде ерекше балалар да бар. Бұл сабақты Сәния Омарова 2020 жылдан бері өз бастамасымен мереке кездерінде ұйымдастырып келсе, биылдан бастап әр демалыс сайын өткізіп жүр. Өзі «Лидер.кз» қозғалысының белсендісі, үш баланың анасы мемлекеттік жұмысынан бөлек сенбі-жексенбі сайын балаларға арнайы уақыт бөліп, шеберлік сабағын өткізу – өзінің жан қалауы, сүйікті ісі және балаларды жақсы көргендіктен екенін айтады.

Қаладағы №12 кітапханада өткен сабағыма балалар қуана-қуана келеді. Әр сабақта әртүрлі қолөнер бұйымдарын жасаймыз. Керекті көрнекі құралдарды, желім, қайшы, қағаз және тағы басқа заттарын өздері әкеледі, кейде жетпесе өзім де алып келемін. Әсіресе, ерекше балалардың араласатын ортасы жоқ, олардың ата-аналарына да қиын, көбі үнемі баласын көзінен қырағы тастай алмай, қасынан шықпай отыруға мәжбүр. Солар осында келіп бір серпіліп қалады. Өзімнің балаларым өсіп кеткен, бос уақытта осындай қайырымды іс атқарған өзіме ұнайды, бұл менің хоббиім десе болады,  - дейді волонтер, мемлекеттік қызметші Сәния Омарова.

Бұл жолы оған іс-шараны өткізуге мемлекеттік қызмет департаментінің мамандары да көмекке келіп, аниматор ретінде балаларға өнер көрсетті. Шеберлік сабағы өтетінін естіген жандардың бәрі балаларын соған қатыстыруға алып келеді, арасында оның әріптестерінің де балалары бар. Оқырман балалардың да қызығушылығын арттыру мақсатында қалалық кітапхана ұжымы ғимаратында шеберлік сабақ өткізуге қуана-қуана келісім береді.

Райхан РАХМЕТОВА

Все новости