00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Астанада түрікмен ақыны Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылды

04.07.2024 | 17:16
Олжас Сүлейменов
148
Астанада түрікмен ақыны Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылды
Фото: parlam.kz

Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы, көрнекті ақын Мақтымқұлыға арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Іс-шараға Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.

Мәулен Әшімбаев меймандарға ілтипат білдіріп, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы тереңнен тамыр тартатын бауырластық және достық қарым-қатынастың маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ ол бүгінгі тиімді мемлекетаралық ынтымақтастық екі елдің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедовтің өзара құрметке негізделген байланысының және Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовтің белсенділігінің нәтижесі екеніне назар аударды.

«Қазақстан астанасында Мақтымқұлы ескерткішінің ашылуы халықтарымызды байланыстыратын рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі екені анық. Алдағы уақытта Ашхабадта қазақтың ұлы ойшылы және бас ақыны Абайға арналған ескерткіш орнатылады. Бұл екі оқиға символикалық мәнге ие», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат спикері Абай мен Мақтымқұлының философиясы, поэзиясы, айтар ойы мен өсиеті үндес екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол Мақтымқұлының шығармашылығы түрікмен халқының даналығы мен парасатына табан тірейтінін, ақынның мұрасы бүкіл адамзатқа ортақ игілік екенін атап өтті.

Сондай-ақ салтанатты рәсімде ақынның 300 жылдығы Қазақстанда да кең көлемде аталып өтіп жатқаны айтылды.

Айта кетейік, 2024 жыл түркі әлемінде Мақтымқұлы Пырағы жылы болып жарияланды. Ал, ақынның мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы даталарының тізіміне қосылды.

Все новости