00:00
Астана -10oC
USD:
475.39
EUR:
513.37
RUB:
5.4
Поиск

Елордада иесіз иттердің мәселесі қалай шешіліп жатыр

18.08.2023 | 10:30
137
фото: Оңалхан Өнерхан

Жыл сайын халықаралық иесіз жануарлар күні тамыздың үшінші сенбісі атап өтіледі. Биыл бұл күн 19 тамызға сәйкес келіп тұр. Осы орайда Elorda.info тілшісі «Астана ветсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты ит пен мысықтың паналау орнына барып, Жануарларды аулау, күтіп бағу бөлімінің басшысы Алмас Тұрымбетовпен бірге сол жердегі жануарлардың жағдайымен танысты.

Бөлім басшысының сөзінше, қаңғыбас жануарларды аулау процесі гуманды әдіспен жүзеге асады екен. Яғни, олар алдымен ауланып, сосын арнайы орынға жеткізіледі.

Бүгінде паналау орнында 800-ден астам ит пен 400-ден астам мысық бар. Көшеден қаңғыған не жоғалған итті ұстап алғаннан кейін оны уақытша оқшаулауға арналған орынға әкелеміз. Бірақ ол жерге бармас бұрын иттер карантиндік аумаққа орналастырылады. Егер бәрі жақсы болса, олар жалпы аймаққа жіберіледі. Кейін жануарларда чип бар-жоғы тексеріледі. Егер чипі болса, онда ит немесе мысықтың иесін анықтаймыз. Егер болмаса, ветеринар дәрігер чип салып, жануар ары қарай бақылауға алынады. Жалпы ұсталған ит-мысықтар 60 күн бойы паналау орталығында болады,- дейді Алмас Тұрымбетов.

Паналау орнында 5 аулау тобы жұмыс істейді. Олар күнделікті таңертең түскен өтініштер бойынша іске кіріседі. Аулау топтары ең алдымен жедел шақыртуларға аттанады.

Бізде тұрғындар тарапынан түскен өтініштер белгілі талаптарға сай қарастырылады. Яғни, бірінші кезекте біз мектеп, балабақша аумағында жүрген иттерді ұстаймыз. Сондай-ақ, адамдарға шабуыл жасап жатқан иттерді ұстауға басымдық береміз. Біз өтініш иелерімен тығыз байланыс орнатып, олардың өтініші қалай орындалғаны туралы ақпарат береміз,- дейді бөлім басшысы. 

Оның сөзінше, итті аулау кейде бірнеше күнге жалғасуы мүмкін. 

Аулау мамандары иттен күтілетін түрлі іс-қимылды жақсы біліп, тыңғылықты жұмыс істеу қажет. Ветеринар дәрігер келген барлық ит-мысықты қабылдап алады. Күнделікті оларға күтім жасайды. 

Ауланған иттерді ұстау мерзімі біткен соң олар ниет білдірген адамдарға табысталады. Егер ондай ұсыныстар түспесе, келісімшартқа отырған арнайы волонтерлік ұйымдарымыз бар. Ол жақта еріктілер иттерді жаңа орынға орналастырумен және иесін іздеумен айналысады. Иттерді асырап алатындар көп емес, көбі күшік күйінде алғысы келеді. Үй жануарлары құрғақ тамақ жейді. Біздің мақсатымыз, қала тұрғындары қаңғыбас иттерден зардап шекпеу керек деп ойлаймын,- деп түйіндеді сөзін Алмас Тұрымбетов.

Все новости