00:00
Астана -10oC
USD:
475.39
EUR:
513.37
RUB:
5.4
Поиск

Астанада Рухани келісім күніне арналған конференция өтті

19.10.2023 | 04:30
124

Астанада 18 қазан – Рухани келісім күні және 25 қазан – Республика күніне орай «Рухани келісім – қазіргі қоғамдағы бейбітшілік пен бірліктің негізі» тақырыбында халықаралық конференция өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Астана қаласының әкімдігі, «Н.Назар­баевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығы» КЕ АҚ, сондай-ақ, Астана қаласының Діндерді зерттеу орталығы ұйымдастырған бұл шараға Астана қаласы мәслихатының торағасы Ерлан Каналимов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Рухани келісім күні идеясының авторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджанов және діни бірлестіктердің басшылары, сондай-ақ, АҚШ, Ливан, Үндістан, Швейцария, Германия, Ресей және Қырғызстан елдерінен келген қонақтар қатысты.

Қазақстанда діни сенім бостандығына кепілдік берілген. Бұл туралы Ата заңымызда, сондай-ақ, діни қызмет және бірлестік туралы заңнамада нақты айқындалған. Елімізде түрлі ұлт пен дін өкілдерінің құқығы тең қаралып, рухани тұрғыдан қатар дамуына мүмкіндік берілді. Соның негізінде елімізде 18 конфессияның доктринасы қалыптасып, қоғамда орнықты. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы дінмен ұштасқан. Салиқалы өмір сүру, ұрпақты дұрыс тәрбиелеу, келер ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету дін мен дәстүріміздің өзара сабақтасқан ерекшелігі деп айтуға болады. Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік – біздің баға жетпес байлығымыз, тұрақтылық тұғырымыз. Елдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші халықтардың татулығын тұғыр етіп, дами түседі. Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі таңда бүгінгі басқосудың мән-маңызы айрықша, – деді Ерлан Каналимов.

«Татулық, береке, бірлік ұйыған елге бақ қонады» деп сөз бастаған қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қазақ қашанда бірлікті ту еткен халық екенін айрықша атап өтті.

Майқы бидің «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де өз құнын жойған жоқ. Халқымыз үшін береке-бірліктің маңызы қашанда зор. Сол себепті елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың бейбітшілікте қатар өмір сүруі мен дінаралық келісімнің әдемі көрінісін бүкіл әлемге танытып келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халқымыздың ынтымақ, бірлігі бұл тағдырдың бере салған сыйы емес, бұл, ең алдымен, жұртымыздың күнделікті табанды еңбегінің арқасы екенін дұрыс түсінуіміз керек. Сондықтан біз бірлігімізді күн сайын нығайтып отыруымыз қажет, яғни татулық пен келісім халқымыздың өмір салтына айналуы тиіс» деп айтқан болатын. Демек, біз үшін татулықтан өткен берік тұғыр жоқ, - деді әкім орынбасары.

Конференция соңы салтанатты концертке ұласты.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Все новости