00:00
Астана -10oC
USD:
475.39
EUR:
513.37
RUB:
5.4
Поиск

«Бірге – таза Қазақстан»: Елордада 4 мыңнан астам ағаш отырғызылды (ФОТОРЕПОРТАЖ)

25.02.2023 | 05:16
Елорда ақпарат
75

Есіл ауданындағы сенбілікке 27 400-ден астам адам қатысып, 110 арнайы техника жұмылдырылды. Ауданда саябақтар мен скверлерде 2 млн шаршы метр аумақ жиналды. Жалпы, аудан бойынша 1 920 ағаш отырғызылды. 

Акцияға қатысушылар арасында қоғам қайраткерлері, еріктілер, студенттер, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың өкілдері болды.

Бізде Мәңгілік Ел көшесі мен Тұран көшесіне дейінгі аумақ бар. Адамдар сенбілікке барғысы келеді. Сенбіліктер – бұл жалпы командалық рухты көтеретін іс-шара деп санаймын. Мектеп кезінен бастап аумақтарды тазарту күнделікті күйбең тіршіліктен алшақтауға көмектескенін есіме түсіремін. Бұл жерде әріптестерімізге жұмыс призмасынан тыс қарап, бірігіп, моральдық тұрғыда демалып, дене шынықтырумен айналыса аламыз, - дейді ҰЭМ Ішкі әкімшілендіру департаменті директорының орынбасары Тілеубек Белгіберзин.

Қаланың кейбір ұжымдары мұндай сенбілікке жыл сайын шығатынын атап өтті. Мысалы, Президент Әкімшілігіндегі бөлім меңгерушісі Ғани Тілеубеков әкімшілік 1998 жылдан бастап қалада 6 мыңнан астам ағаш отырғызғанын айтты.

Биыл дәстүр бойынша жалпықалалық сенбілікке шықтық. 1998 жылдан бастап қаламызды көгалдандыру, жинау бойынша сенбіліктерге қатысамыз. Біз өз үлесімізді қосудамыз, осындай сенбіліктердің өткізіліп жатқанына ризамыз, - деді Ғ.Тілеубеков.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Ботаникалық бақта көшет отырғызды

Алматы ауданы бойынша сенбілікке 12 000 адам және 823 кәсіпорын қатысып, аумақты көгалдандыру жұмыстарына барлығы 175 техника жұмылдырылды. Алматы ауданындағы саябақтар мен скверлерде 270 мың шаршы метр аумақ жиналып, ҚТҚ полигонына қоқыс шығарылды.

Ауданда ұйымдастырылған игі шараға Мәдениет және спорт министрлігінің қызметкерлері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының, Мәдениет басқармасының өкілдерімен бірге, экобелсенділер де белсене қатысты.

Биыл Алматы ауданында 6 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бүгінгі сенбілік барысында Қошқарбаев даңғылы, Аманжолов көшесі, Момышұлы даңғылы, Қазақ драма театры жанында, сондай-ақ Жүргенов көшесі мен орамішілік аумақтарда 2 мыңнан астам көшет егілді. Осы ретте ауданымызды абаттандыруға қосқан зор үлесі үшін сенбілікке қатысқандардың барлығына алғысымды білдіремін, - деді Алматы ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов.

Ал Байқоңыр ауданында Тәшенов көшесіндегі учаскелерде, ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының учаскесінде, «Ататүрік» саябағында және «Мұғалімдер» мен «Қаламгерлер» гүлзарларында жасыл желектер отырғызылды.

Сенбілікке аудан тұрғындары, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметкерлер, мәдениет, дін, қоғамдық ұйымдар өкілдері және т.б. қатысты.

Бүгінгі сенбілікке достарыммен келдім. Ағаш отырғызып, жасыл желек жайқалтатыныма қуаныштымын. Алдағы уақытта көшеттерге су құйып, күтімін жасайтын боламын, – дейді №7 мектеп-гимназия оқушысы Едіге Тоғабай.

«Бірге – таза Қазақстан» атты экологиялық акция аясында Қаламгерлер аллеясында ағаш отырғызылды. Экологиялық тәрбие, қоршаған ортаны қорғау – қазақтың қанында бар қасиет. Игілікті шарадан қаламгерлер де қалыс қалмай, бірнеше ағаш отырғызды. Экологиялық акция аясында Kitap Qala кітапханасының жаздық маусымы да ашылды, - деді Тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.

Айта кетейік, Байқоңыр ауданында 13.000-нан астам адам сенбілікке шықты. Ауданда 295 ағаш отырғызылып, 132 көшет аулаларға таратылды.

Елордадағы Жазушылар одағының мүшелері, қаламгерлер жиналып, керемет мереке болып жатыр. Бүгін күн де мейірім-шапағатын төгіп, ерекше болып тұр. Ата-бабамыздан қалған «Бір тал кессең, он тал ек» деген жақсы сөз бар. Қаламызды көгерту үшін тал егіп жатырмыз. Осындай шаралар көп болса, болашағымыз баянды болады деп ойлаймын, - дейді айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы.

Жасыл желектерді отырғызу «Көктал» саябағында да өтті. Онда 232 ағаш отырғызылды және №20 мектеп аумағында 108 көшет егілді.

Бүгін жалпықалалық сенбілік аясында Сарыарқа ауданының аппараты басқармалармен және ауданның белсенді тұрғындарымен бірлесіп, 900 ағаш отырғызды. Жалпы, биыл 14 500 жасыл желек отырғызу жоспарланған. Ауданымызды тазартуға және көгалдандыруға көмектесетін тұрғындарға шын жүректен алғыс айтқым келеді, - деді Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Ақымбеков.

Ағаш отырғызуға тұрғындармен қатар, түрлі ұйымдар мен бірлестіктер, ҚМДБ, ҚХА, еріктілер, Қазақстан телеарнасы, ІІМ, ҰҚКД және т.б. қатысты.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ардагерлері Байқоңыр ауданы әкімдігімен, жастармен бірлесіп, сенбілікке өз үлесімізді қосып жатырмыз. Таза қаланы әр адам өз ауласынан бастауы керек. Елордамызды таза ұстап, тазалық сақтауға шақырамын, - дейді 67 жастағы зейнеткер Шынболат Берқалиев.

Жалпықалалық сенбілікте тұрғын үй алаптарын көгалдандыру үшін 525 ағаш бөлінсе, тағы 500 көшет тұрғындарға тегін таратылды.

Оқи отырыңыз: Алтай Көлгінов астаналықтарға алғыс айтты

Все новости