00:00
Астана -10oC
USD:
464.72
EUR:
496.32
RUB:
5.4
Поиск

Қазақстан Дүниежүзілік банкпен бірлескен жаңа жобаларды дамытуға ниетті

14.05.2024 | 19:02
141
Қазақстан Дүниежүзілік банкпен бірлескен жаңа жобаларды дамытуға ниетті
фото: primeminister.kz

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Астанада Дүниежүзілік банктің  және Халықаралық қаржы корпорациясының өкілдерімен кездесті.  Бұл туралы Elorda.info Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Кездесуге ДБ Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскурякова, Дүниежүзілік банктің ҚР-дағы тұрақты өкілі Андрей Михнев, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан бойынша ХҚК өңірлік менеджері Зафар Хашимов және ХҚК-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Екатерина Бенджамин қатысты.

Тараптар экологиялық жобаларға бөлінген бұрын қаржыландырылған инвестициялық жобалар мен гранттардың іске асырылу барысын, сондай-ақ ынтымақтастықтың ықтимал жаңа бағыттарын талқылады.

Нұрлан Байбазаров Дүниежүзілік банктің ҚР атынан басқарушысы ретінде Ұйыммен одан әрі жұмыс істеуде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту және инфрақұрылымға инвестициялар тарту мәселелеріне ерекше назар аударуға ниетті екенін атап өтті. Ол, сондай-ақ, ҚР Үкіметін консультациялық қолдау шеңберінде Дүниежүзілік банк іске асыратын Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасын жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.

Дүниежүзілік банк пен ХҚК өкілдері өз тарапынан орнықты әрі инклюзивті экономиканы дамытуға, экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған Үкіметтің іс-қимылына қолдау білдіріп, осы бағыттардағы жобаларды қарауға дайын екендіктерін хабарлады. Сондай-ақ Қазақстанды Орталық Азия үшін CAWEP су-энергетикалық бағдарламасына белсенді қатысуға шақырды. Аталған бағдарлама өзгермелі климат жағдайында өңірдің су-энергетикалық қауіпсіздігін арттыру үшін жағдай жасауға бағытталған.

Дүниежүзілік банк тобы тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, инфрақұрылымды қайта құру, ауыл шаруашылығын, су және энергетика салаларын дамыту, Арал теңізін қалпына келтіру, ғылым мен білім беруді дамыту жөніндегі жобаларды қаржыландыруға мүдделі. Еліміз үшін қиын кезеңде гранттық қолдау ретінде ауқымды су тасқынынан келтірілген залалды бағалауды жүргізу ұсынылды.

Нұрлан Байбазаров Қазақстан елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін Дүниежүзілік банк тобымен әріптестікке үлкен мән беретінін айтты. Неғұрлым тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін қазақстандық тарап қолда бар бюрократиялық кедергілерді жоюға ниетті. Мәселен, квазимемлекеттік компаниялар үшін халықаралық қаржыландыруға қол жеткізу кезінде қарсы кепілдіктер беру жөніндегі талап алынып тасталмақ.

«Дүниежүзілік банк тобы 30 жылдан астам уақыт бойы біздің еліміз үшін маңызды стратегиялық серіктестердің бірі әрі ең ірі жеке капитал көзі болып саналды. Біз серіктестіктің қалыптасқан дәстүрлерін сақтап, жаңа бірлескен жобаларды дамытуға ниеттіміз», — деп сөзін түйіндеді вице-премьер.

Все новости